«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАР АСУЛАРЫ АЛДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ерекше спорт түрлерінің бірі – спорттық бал биі. Соңғы жылдары солтүстік­қазақстандық би жұптары халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Олардан пара бишілеріміз де қалысар емес. Ел көлеміндегі жарыстарда бағындырған белестері бір төбе. Ендігі мақсат – әлемдік аренаға шығу.

Елімізде пара спортқа деген көңіл айрықша. Жыл сайын Үкімет тарапынан қомақты қаражат бөлі­ніп, спортшыларымыз республи­калық, халықаралық жарыстарға қатысуда. Он екі мүшесі сау қатарластарынан қалыспай, Қазақстан намысын абыройлы қорғап жүр­гендерін айта кеткен жөн. Пара биге келер болсақ, бұл спорт түрі соңғы жылдары ғана кең тарай бастады. 2018 жылы Туризм мен спорт министрлігінің жанынан федерация құрылып, сол жылы алғаш рет Алматы қаласында арбаға таңылғандар арасында республикамыздың біріншілігі ұйымдастырылды. Бұл чемпионатқа облысымыздан да пара спортшылар қатысуға мүмкіндік алды.

– Пара спорттың ішінде биге 2018 жылдан бастап қолдау көрсе­тіліп келеді. Әлі күнге дейін есімде, алғашқы жарысқа бару үшін мен дені сау спортшылармен бірге жаттығатынмын. Облыс әкімінің мүгедектер ісі бойынша кеңесшісі Светлана Бусыгина алғашқы чем­пионатқа қатысатындарды іздеді. Мен спорттық би бойынша бапкер болып жұмыс істегеніме бірнеше жыл болғандықтан, алдымен маған келді. Мен тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасынан іздеуге кеңес бердім. Аз уақыттың ішінде жарысқа қаты­са­тын спортшылардың есімдері бел­гілі болды, – дейді “Үміт” клубының пара би бойынша жаттықтырушысы Виталий Черныш.

Бапкердің айтуынша, Алматыда өткен ел біріншілігінде өңір намы­сын Тамерлан Айкенов пен Санду­ғаш Молдағалиева қорғаған. Қуа­нышымызға орай, жерлестеріміз Қазақстанда ұйымдастырылған ал­ғашқы республикалық сайыста “фристайл” бағдарламасы бо­йынша жеңімпаз атанғаны белгілі. Тамерлан мен Сандуғаштың жеңісті жолы ары қарай да жалғасты. Келер жылы солтүстікқазақстандық жұп ел кубогын иеленді.

– Интернатта оқып жүргенде спорт басқармасынан мамандар келіп, пара бимен айналысатындар­ды іздеді. Арбаға таңылсам да, бұл спорт түріне қызығып, үйірмеге жа­зылдым. Білікті бапкерлердің ар­қасында санаулы уақыттың ішінде биді игеріп алдым. Еш қиындығы жоқ екен. Ең бастысы, алға мақсат қойып, талмай жаттығу қажет, – деген Тамерланның пара бимен айналысып жүргеніне бес жылдан асты. Ол Сандуғаш Молдағалиева­мен бірге талай халықаралық және республикалық жарыстарға қатыс­ты. Әзірге дүниежүзілік додада жол­дары болмай келеді. Десе де ал­дағы уақытта міндетті түрде әлемдік аренада жүлдегерлер қатарынан көрінетіндеріне сенімді.

Пара биден өтетін жарыстарда солтүстікқазақстандық жұп латынамерикалық және еуропалық бағ­дарламалар бойынша өнер көрсе­теді. Соңғы жылдары “пара комби” және “сингл” бағыттарын да игере бастапты.

– Дені сау спортшылар жұп ре­тінде ғана емес, жекелей “сингл” са­наты бойынша да өнер көрсететіні белгілі. Пара биге де бұл талап ен­гізілді. Енді спортшылар жекелей сында, яғни жалғыз өзі өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ “комби жұптар” бойынша да жа­рыстар өткізіле бастады. Ол де­геніміз, жұпта екі адам болса, оның біреуі мүмкіндігі шектеулі, ал екіншісі сау болуы мүмкін, – дейді Виталий Черныш.

2020 жылы Петропавлдағы “Үміт” клубы базасында пара би бөлімшесі ашылды. Әзірге, арбада отырып өнер көрсететін бишілер қатары аз. Десе де облыстық дене шынықтыру және спорт басқарма­сының қолдауымен жыл сайын үйірмеге жазылып, жаттығамын дегендерге қолайлы жағдай жаса­лып, материалдық-техникалық база нығаюда.

– Клубымызда пара бимен мүм­кіндігі шектеулі бес адам жатты­ға­ды. Олар түрлі жарыстарға “дуо”, “комби” және “сингл” санаттары бойынша қатысып жүр. Спортшы­лардың қатарында жасөспірімдер де бар. Келер жылы олар алғаш рет өтетін ел біріншілігіне барады, – дейді “Үміт” клубының жаттықтыру­шысы.

Биыл Қостанайда өткен ел бі­ріншілігінде жерлестеріміз Тамер­лан мен Сандуғаш жұбы “дуо” сана­тында қола жүлдегер атанса, Мира Абитова “сингл” бойынша үшінші орынға қол жеткізді. Жас спортшы­лар үшін алда тұрған міндет – құрлықтық додаға жолдама алып, жасөспірімдер арасындағы чемпио­натта жеңіске жету.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp