«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒА БУЫН ӨРІСТЕТКЕН ӨНЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлтымызға сан ғасыр арман болған Тәуелсіздік келісімен ел өмірінің әр саласында күрделі өзгерістер басталды. Еліміз үшін азаттықтың басты жемісі осы болды. Жылдар бойы қалыптасып қалған қасаң қағидалардың іргесі сөгіліп, жұртымыз жаңаға бет алды. Азаттықтың басты жеңісі саяси дербестігіміз болса, екіншісі мәдени, рухани еркіндік алғанымыз. Кеңестік идеологияның шашбауын көтерген ұрандар басылғаннан кейін ұлттық мәдениетіміздің тірегі болар берік идеология керек еді. Сан ғасырлар бойғы ата-бабаларымыз қалыптастырған салт-дәстүріміз бен мәдениетімізден асқан қандай қуатты идеология болуы мүмкін. Тегінде біздің рухани байлығымыз, ән, күй, жырымыздың өзі Тәуелсіздіктің мәнін айшықтайтын ұғымдар ғой. Азаттықтың арқасында осындай ұлттық құндылықтарымыз жаңғырып, ән-күйіміздің дыбысы төрден естіле бастады.

Тәуелсіздік жылдары ел аумағында дәстүрлі мұрамызды дәріптейтін оқу орындары ашылып, жастарға білім берілді. Осы бағытта жаңа театр, өнер ұжымдары құрылып, олар музыкамызды әлемге танытты. Біздің өңіріміздің мәдени өмірінде де жаңа толқын пайда болып, ұлттық нақышта өнер көрсететін дарындардың қатары көбейді. Осындай өнер ұжымдарының көбі – Тәуелсіздік жылдары қалыптасып, аяққа тұрғандар. Қызылжар ауданындағы “Бескөл нұры” хоры да осындай уақытта құрылған топ.

Хордың құрамында әнге құмар аға буын өкілдері бар. Аудан орталығында тұратын әр жастағы ата-әжелеріміздің алды сексенді еңсергендер. Қазір ұжымымызда 20-ға жуық әнші бар. Ашылған 14 жыл ішінде біз сахна төрінен халық әндерін әуелетіп, дәріптеп келеміз. Осы уақыт аралығында Бескөлден бөлек басқа да елді мекендерде өнер көрсетіп, бұл еңбегіміз республикалық телеарналар арқылы жұртқа тарап жатты. “Туған жер”, “Қайран дүние”, “Сал дәурен”, “Сағындым ғой”, “Балқадиша”, “Бипыл”, “Шынар-ай”, “Гүлдер-айым” сияқты әндер бүгінде тыңдарманның сүйіп тыңдайтын туындысына айналып отыр. Хорға жетекшілік ету маған тапсырылса, көркемдік жетекшісі – өңірге белгілі әнші Еркебұлан Қарыпов. Ырысты Баймурзина, Сафуан Жиентаев, Тілеужан Әкімбев сияқты әншілеріміз хор жұмысына белсенді араласып, мәдени мұраларымызды қайта жаңғыртуға үлес қосып жүр. Ұжымымыздағы әншілердің бәрі – бұрын әр салада еңбек етіп, осы күні зейнет жасына жетіп отырған еңбек ардагерлері. Бұған дейін ауданымызда орыс хоры ғана жұмыс істеді. Сондықтан ұлттық құндылықтарымыздың жаршысы болар ата-әжелеріміздің басын қосатын топ керек болды. Серік Дәнекеров пен жұбайы Роза Ахметова екеуі қазақ хорын ұйымдастырды. Алғашында халыққа хабар таратып, ауыл тұрғындарының арасынан әншілерді жинап алу да оңайға соққан жоқ. Ал менің бұл топқа жетекшілік етіп келе жатқаныма 4-5 жыл болды. Хорымызда алғашқы жылдары еңбек еткен кей зейнеткерлер өмірден өтіп кетті. Түрлі себептерге байланысты өнерден қол үзген ардагерлерміз де бар.

Осы күні ұрпақ тәрбиесінің ақсап, жастарға аға буын өкілдерінің үлгісі жетпей жүргенін байқап келеміз. Біздің хор мүшелері тек сахнада ғана ән салып қоймай, күнделікті өмірде де ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүр. Республикалық әжелер ұйымының шараларына қатысып, бірнеше мәрте марапатталған. Одан бөлек аудандағы мәдениет үйі, кітапхана, ардагерлер кеңесімен де тығыз жұмыс істейміз. Ауданда өтетін қандай іс-шара болсын қалт жібермей, қатысуға тырысамыз.

Тарихтың талай ауыртпалығын көрген қазақ халқы ән мұрамызды жоғалтып ала жаздаған заманды да бастан өткерді. Сан ғасыр бойы жас ұрпаққа рухани азық болған жыр-термелеріміз, өлеңіміз, ән-күйіміз ұмытылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Егер азаттық таңы атпағанда бүгінде мәдениетіміздің қай деңгейге түсетінін ойлаудың өзі қорқынышты. Бүгінде аудан сахнасынан әуезді әнімізді шырқап жүрген “Бескөл нұры” хоры да Тәуелсіздіктің жемісі саналады.

Ұлтымызға азаттықтың қандай ауыр жолмен келгенін аға буын өкілдері жақсы біледі. Арыстарымызды қапаста ұстап, тіліміз бен дәстүріміз ұмытыла жаздаған бодандық кезең келмеске кетті. Бүгінде осы тарихтың бәрін жастардың санасына сіңіріп, ойларын тереңдету аса маңызды. Ұлттық мәдениетіміз, өнеріміз төрге озып, өз бағасын алғанда ғана нағыз азат елге айналмақпыз. Еліміз аман болса ол күнге де жетерміз. Тәуелсіздік қарсаңында барша қызылжарлықтарды мерекемен құттықтаймыз. Тәуелсіз еліміздің шаңырағы биік, босағасы берік болып, көк байрағымыз биікте желбірей берсін.

Қарлығаш ЖҰМАҒАЛИЕВА,

“Бескөл нұры” хорының жетекшісі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp