«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІКТІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ үшін бұл ұранды құжат еді. Ол – бодандықтан бостандыққа, үзіліп қалған елдікті қайтаруға жол ашқан Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі қабылдаған, бір жыл екі айдан соң Қазақ елінің Тәуелсіздігі туралы Конституциялық басты заңымызға қол жеткізген “Қазақ КСР-ының Мемлекеттік егемендігі туралы” Декларация болатын.

Несін жасырайық, сол жылдары жасымыз қырыққа таяса да уланған сана шеңберінің ішінен шыға алмай, дағдарғанымыз анық. Бір түрлі естілді. Алдында ғана Бүкілодақтық референдум өткен. Көз алдымызда қиюы қашып, қисыны кетіп бара жатса да сартап соқпақтың жетегінде кетіп, қазақтардан кейін біраз жұрттардың тайдай тулап, бурадай бұлқынып жатқанына да мән бере қоймай, қойыртпақ сұраққа быды-быдымен “иә” деп жауап бергенбіз. Дегенмен, Желтоқсан көтерілісінен кейін ана жақтан жел ессе, дауылдата жөнелетін құйын ұрандарға күдікпен қарайтын, онысын кейде: “Көшпенді тұрмыс құлақкесті құлдықты, діни фанатизмді, әлеуметтік көнтерілікті, биліке бас ұрушылдықты мойындаған емес. “Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ”, “өзіңе иілгенге иіл, ол – әкеңнің құлы емес, өзіңе шүйілгенге шүйіл, ол – Құдайдың ұлы емес” дейтін қағиданы әлі күнге дейін ұмытпай келген теңдікшіл, бостандықшыл халықтың жігерін тоталитаризм біржолата жер жастандырып кете алмады. Кешегі кенеуі кетіп тұрған қызыл тоталитаризмге алдымен қол көтерген қауымбыз” (Ә. Кекілбаев) – осы тектес санаңды сергітетін рухты сөз айтатын азаматтар шыға бастап еді.

“Әй, қайдамның” қабырғасы сондай кезде сөгілетін. Бір қызығы, қызығын көрудей көріп, соған адалдық танытам деп қарысып қалғандардың кейбірінің қаны мен жаны бірте-бірте жібіп, арқауы босай бастаған. Ақиқатқа жүгінсек, жалаңтөстік кейін шықты емес пе? Нағыз жалаңтөс баһадүрлер, сырттан келген қаратаяқтыларға қаймықпай қарсы шыққан, кейін қаға берісте қала берген – желтоқсандықтар болатын.

Декларация мәтінінде елдің Конституциясы мен заңдар үстемдігі, ішкі, сыртқы саясатты анықтау, ел аумағының тұтастығы, сырттан оған ешкімнің қолсұға алмайтындығы, елдіктің негізін құрайтын меншігі, жер байлығы, алтын, алмаз қорлары, су, ауа кеңістігі, өсімдігі, жануарлар әлемі, мәдени және тарихи, ұлттық құндылықтар, ядролық қаруға тыйым, халқымыздың және қанаттас отырған өзге этнос өкілдерінің төл мәдениетіне, дәстүріне, тілдік дамуына мүмкіндік жасау – бәрі де дерліктей дәйектелді. Бір сөзбен айтқанда, төрт құбыламыз түгел көрініс тапты. Бұдан кейін сергімей, серпілмей тұра аласың ба?

Санаға сәуле түсірген, тұманданған қос жанарды тұныққа тартқан бұл Декларацияның қабылдануы оңай болған жоқ.Үстемдікке үйреніп қалғандар, басқаны көзге іле қоймайтындар қисық біткен ағаштай қыңырайып баққан. Ол кездегі тұлғаларымыз, қайраткерлеріміз керемет кемел, білім-білігі бүтін, жұдырықтай жұмылған мықтылардан еді. Шетінен Алаш рухты болатын. Өткен ғасырдың басында: “Енді қазақ елеулі ел болам десе, санаулы сыбаға алам десе, алатын кезі келді. Алғанда немен алады? Әрине, белдесіп, теңдесіп отырып айтысса алады. Белдесуге күш керек, теңдесуге жол керек”, – деген Ж.Аймауытов қағидасымен қанаттанды. Ұлт ұлы Қаныш Сәтбаев бағалап кеткен заңгер С.Зимановтай заңғарымыз, С.Сартаевтай білімдарымыз, Ө.Жәнібековтей рухтымыз, Ш.Мұртазаевтай айбындымыз, С.Тәкежановтай танымалымыз, А.Княгин, З.Федотова секілді тілектестеріміз, Ә.Кекілбаевтай кемеңгеріміз, “Сен тұра тұр, әділдікті мен айтайын” деп “Белдесіп, теңдескен”, тізелесіп келгенде талай кертартпаның тізесін дірілдеткен, жөн сөзге иланбаса, тоқсан толғап шеге қаққандай жағын қарыстырған ХХ ғасыр соңындағы алыптарды тізе берсек жетіп артылады.

Олар “… халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр” (Ж.Аймауытов), – деп бел шешкен, ұлт жолындағы ынтымаққа ұйып, ала көздесіп шетке шықпаған, сөз жарыстырмаған шетінен дара, шетінен дана, шетінен зерек, зерделі еді. Олар ақылды алға оздырып арыстандай алпарыспағанда ұлт арманы біраз тосқауылға тап болуы ғажап емес еді. Ендеше келешекте “…Тәуелсіздік деген ұғымды қастерлеп, соның қасиетіне жетудің әрбір көрінісі ерекше сипатқа ие”, – деп заңғар С.Зиманов ескерткендей, елдік істі тайталаста топ жарып алып шыққан, әлемге Қазақ атын жеткізген сол алыптардың үлгісін үкілеп, өнегесін өрістетіп кейінгі жасқа бөліп, жармай таныстырып отырсақ, оны дәсүрге айналдырсақ, сабақ алып, бірлікке бекем болар еді.

Егемендік Декларациясын қабылдаудың оңай болмағанын атап өттік. Майлы ішегі мол, жайлы жұрттан кімнің айрылғысы келеді? Оған заңгер С.Зимановтың мына бір дәлелін келтірелік: “Біз… Декларация жобасын әзірлеуге кірістік. Алайда, республикадағы ғана емес, белгілі бір сыртқы күштерге де Қазақстанның егемен бағытына жасалған оң қадамдарын кідірту немесе кейінге қалдыру қажет болды. “Демократиялық Қазақстан” депутаттар фракциясы республикалық баспасөзде “Мемлекеттік егемендік туралы” Заңның балама нұсқасын ұсынды. “Единство” қоғамдық бірлестіктері де өз нұсқаларын жариялады. Біз де өзіміз әзірлеген негізгі тезисті халыққа жеткіздік. Бұл 1990 жылдың тамыз айы еді.

Айтысып-тартысып жүрдік. Ақыры Жоғарғы кеңесте келісім комиссиясы құрылып, оның жұмысшы тобын мен басқардым. Сірә, 12-13 күн қызу пікір астында қалды-ау деймін. Түні бойы көз ілмей, таң атқанша әр бап бойынша әртүрлі нұсқа жазып келіп жүрдік.

Ақырында “Мемлекеттік егемендік туралы” Декларация қабылдадық… Бір ғана тіл мәселесінде мәмілеге келу оңай болған жоқ. Неше түрлі жосықсыз әрекеттердің жолы кесілді. Бас қатырған жайлардан қиналсақ та алып шыға білдік.

Осы жерде халқымызды қадір тұтқан өзге ұлт өкілдерінің де аз болғанын айта кетуді жөн көрдік. Декларациядан кейін “Тәуелсіздік туралы” Заң талқыға түскенде де тартынып қалмай, ескі сарынмен тарамыстай тырысқандар табылмай қойған жоқ. Сонда А. Княгин: “Заңды қолдау керек. Мемлекеттік тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы. Қазақ жерін мекендеген біз, қазақ емес халықтар бәріміз бірдей сол нәзік сезімге әрқашан өз сезіміміздей құрметпен қарайық”, – деп кегежесі кейін тартып тұрғандарға басу айтып, шаңыраққа қарау керектігін жетеге жеткізіп, жұрт ілтипатына бөленген болатын.

“Уақыт тез ғой… Дүрбелең де, қасаң үстемдік те болды, шамырқану да, ширығу да болды. Біз саяси күресті ақылға салып жеңдік деп санаймын. Тұлғалы азаматтарымыздың тарихи тұрғыда танылған тұсы да осы кезең деп білемін”, – деп зерделі ғалым С.Сартаев айтпақшы, елдіктің алғашқы қадамы саналатын егемендік Декларациясы жанкештілікпен қол жеткізген, құлдық санаға сәуле түсіріп, қызыл идеологияның иіріміндегі ұйықтың залал, зардабын ұқтырып, тек тамырыңнан ажыратып, қалың ұйқыдан оятып алмау үшін небір қитұрқылықтар ойластырылғанын әшкере еткен алғашқы ұранды құжатымыз еді.

Сүлеймен МӘМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp