«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕМДЕУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ – ЖАС МАМАНДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстың емдеу мекемелері биыл 201 маманмен толықты. Қараша айынан бастап келген дәрігерлерге берілетін бір реттік кө­термеақы мөлшері өсті. Енді білікті маман ауылға барған жағдайда 5 млн. Петропавлда қалса 3,5 млн. теңге алады.

Өскемен қаласының тумасы Сауыр Тоқтарбай – Астана медициналық университетінің түлегі. Ол облыс әкімінің грантын жеңіп алып, резидентурада анестезиолог-реаниматолог мамандығын меңгерген. Жас маманның облыстық перина­тал­дық орталықта жұмыс істеп жатқанына 3 ай болды.

“Маған бұл орталықта жұмыс істеу ұнайды, басшылық жауапкер­ші­лікті талап ете­ді. Ұжым да жақсы қарсы алды. Жуырда маған облыс­тық денсаулық сақтау басқармасы 3,5 млн. теңге, облыстық аурухана 3 млн. теңге көтермеақы берді. Бұдан бөлек, ауру­хана ай сайын жалға алған пәтері­міздің ақшасын төлейді. Қазір дәрігерлер үйінен пәтер алуға кезекте тұрмын. Облыста бес жыл жұмыс істеуге міндеттімін. Отбасым бар. Зайыбым да болашақ медици­на қызметкері, қазіргі уақытта ел­ордадағы Назар­баев университе­тінде білім алып жатыр”, – дейді жас маман.

Орталықтағы реанимация бөлім­ше­сінде 9 анестезиолог-реаниматолог жұмыс істейді. Оның төр­теуі – соңғы екі жылда қатарға қосыл­ғандар.

“Жас мамандардың келгеніне қуаныштымыз, олар жаңашылдыққа, білмекке құштар. Өйткені анестезиология-реанимация бір орында тұрмайтын сала”, – дейді бөлімше меңгерушісі Динара Рахметова.

Жыл басынан облыстың емдеу мекемелеріне келген мамандардың 133-і бір реттік көтермеақы алды.

“Көтермеақы алу үшін дәрігер өтініш беруі тиіс, кейін комиссия қа­рап, шешім шығарады. Облыс бойынша кадр жетіспеушілігі мәсе­лесі осылайша шешімін тауып жа­тыр. Қазіргі уақытта 140 маман же­тіспейді. Былтыр 280 дәрігер керек болатын. Бұл мәселе көтермеақы мөлшерін арттыру нәтижесінде шешіліп жатыр. Сондай-ақ егер ерлі-зайыптының екеуі де дәрігер болса, пәтердің ақысы толық төленеді. Тек біреуі ғана медицина қызметкері болған жағдайда 50 пайызын өтеп береміз”, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Тағаниязов.

Басқарма өкілінің айтуынша, дә­рігер ауылға барған жағдайда жергілікті әкімдік үймен қамтиды. Емдеу мекемелері өздері де қосымша қаржылай қолдайды.

“Былтыр еліміздегі алты медициналық университет түлектерімен кездестік. Нәтижесінде жастарға біздің ұсынысымыз ұнап, бірқатары өңірге келді. Қазіргі уақытта акушер-гинекологтар, кардиологтар, онко­логтар және хирургтар керек. Жергілікті бюджет есебінен 30 резидент білім алып жатыр. Келесі жылы облыстық бюджет есебінен білім алған 50 маман оқу бітіреді”, – дейді Нұржан Тағаниязов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp