«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Желтоқсанның мұзға жаққан алауы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісі төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп, жастардың жойқын бұлқыныс жасаған қаhармандық ерлігіне тарихшылардың, саясаткерлердің әлі күнге дейін нақты тарихи бағасын бере алмай келе жатқаны өкінішті. Бұрынғы кеңес одағы құрамындағы республикалар арасынан әміршіл-әкімшіл жүйеге бірінші болып қарсы шыққан қазақтың өрімдей ұл-қыздарының империялық, отаршылдық үстемдікпен жүргізілген саясатқа ашық түрде наразылық білдіруінің арғы жағында әлеуметтік-рухани езгіге түсіп, өз елінде екінші сортқа айналған халықтың тіл, діл мүдделері жатқаны анық еді. Бірінші хатшылыққа Колбин деген келімсектің тұтас ұлтты қорлайтындай түрде тағайындалуы жай себеп қана. 16 желтоқсан күні бар-жоғы 18 минутқа ғана созылған Қазақстан компартиясы орталық комитетінің пленумы көп жылдар бойы іште шемен құсап қатып қалған бітеу жараның аузын ашты. “Қазақтың астанасы, орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы” аталып кеткен бас қаламыз – Алматының өзі әдейі жасалған қаскөй әрекет салдарынан жергілікті тұрғындардың мүлдем азайып, ұлттық құндылықтардан айрылып, өгей баланың күнін кешуі арқаға аяздай бататын. “Қойдан да жуас, момын, көнбіс, не айтса да тыңдайды, орындайды, мыңқ етпейді” деген империялық астамшылықтың әбден шегіне жеткені соншалық, рухы мықты жас ұрпақ шыбын жанын шүберекке түйіп, ашық айқасқа шықты. “Өзекті жанға – бір өлім”, – деп, өзара серттесті, анттасты. Екі күн бойы бұрынғы Брежнев алаңында тапжылмай тұрып, қазақ халқының тарихында, өмірінде өшпес із, ұмытылмас белгі қалдырған мұқалмас саяси ерік-жігерді, қайсар мінезді, ерен ерлікті былай қойғанда, жағдайдың бұлайша өріс алып, басқа арнада ширығуын еш күтпесе керек, Мәскеу басшылары шовинистік дағдыларына басып, “нашақорлар мен маскүнемдерді” дереу жөнге салуға әмір етті. Сол-ақ екен, күні бұрын ойластырылған “Құйын” операциясы арқылы бассыздықты жойып, қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру деген желеумен қанды қасапты бастап кеп жіберді. Милиция, ішкі әскер жауынгерлері, алдыңғы қатарлы жұмысшы жасақтары сапер күректермен, темір белдіктермен, қабаған иттермен қаруландырылды. Өрт сөндіретін машиналар жұмылдырылып, қыстың көзі қырауда, қақаған аязда суық сумен атқылады. Алаңдағы топ күш алып бара жатқаннан кейін Қырғызстаннан, Ресейдің 8 қаласынан арнайы әскери құрамалар жеткізілді. Әрлі-берлі сеңдей соғылысқан жалаңаш қол мұздай қаруланған әскерге қанша қарсылық көрсеткенімен, шынайы елдік, ұлттық республика, дербес мемлекет болуға әрекеттенген арман-үміттері айуандықпен аяусыз жаншылды. Ақ қар қызыл қанға боялды. Ұлт саясатын қолдаған ұрандар аяққа тапталды. Түрмелердегі ұрып-соғу, азаптау, оқудан қуу, комсомолдан шығару науқандары жылдар бойы жалғасып, жазықсыз талай жандарды торғайша шырылдатты.

Отандық басылымдар “Правда” мен “Известияға” сілтеме жасап, араққа, есірткіге уланған, сана-сезімі төмен қазақ жастары жайлы жарыса жазып жатты. Аталмыш газеттердің ерекше белсенділік көрсеткен тілшілері Дильдяев, Есілбаев, Патрушевтың “Паутина”, “Цена самолюбования”, “Еще раз о старых связах” секілді мақалаларын аудандық газеттерге дейін көшіріп басты. Сол кездегі Қазақ ССР жоғарғы советі президиумының төрағасы З.Камалиденов былай деп жар салды: “1986 жылғы желтоқсан оқиғаларын бүгінгі таңда қайта-қайта талдау барысында мынадай қорытындыға келесің…адамдардың кейбір бөлігінің санасында теріс ұғым тудырып, социалистік ұлтаралық қатынастардағы интернационализм мұраттары мен қазыналарын аяққа басуға алып барды”. Облыстық “Ленин туы” газеті “Алматыдан хабар” сияқты жалпылама ақпараттармен шектелсе, “Ленинское знамя” беттерінде жастардың іс-әрекеттерін аяусыз әшкерелейтін пікірлер топтамалары ұйымдастырылды. Сондай жарияланымдардың бірі “КПСС – партия социалистического интернационализма” деп аталады. Онда тарихшы ғалым Петропавл пединститутында оқитын студенттер арасында қазақ жастарының көбейіп бара жатқанын қапалана, күйіне жазады. Фактілерді көпе-көрінеу бұрмалап, қара күйені аямай жағуға тырысқаны байқалады. Толық емес мәліметтерге қарағанда, 20 мыңдай адам ұсталып, қамалған. 10 мыңға жуық адам түрлі дене жарақатын алған. 120 адам әртүрлі мерзімге сотталған, 2 адам ату жазасына кесілген.

Керісінше, шетелдік басылымдар мен демократиялық күштер тоталитарлық режімнің ешқандай адамгершілік моральмен сыйыспайтын озбыр саясатын айыптап, қазақ жастарына араша түсті, сүйеніш, таяныш болды. Ол кездері сырт түгілі іштегінің толыққанды ақпарат алуы мүмкін еместі. Алғашқылардың қатарында Венгрия және Польша зиялылары үн қосып, Қайрат Рысқұлбековты өлім жазасына кесуге қатты қарсылық білдірді. КСРО үкіметіне 2 рет ресми мәлімдеме жасады. Онда “18 жастағы балаға мұндай жазаның қолданылуы, оны советтік академиялық заң жүйесінің мақұлдауы – біз үшін ақылға сыймайтын іс. Бұл тым асығыс әрі моральдық азғын үкім болып табылады”, – делінген. Оған Нобель сыйлығының лауреаты Лех Валенса бастаған 70 адам қол қойған. Үндеуді Польша ақпарат агенттігі төрткүл дүниеге таратқан. Мажарстанда 41 адам қолдаған мәлімдемеде кеңес одағы жоғарғы кеңес төрағасы А.Громыкодан орыстар өлім жазасына кескен қазақ түркі жасына кешірім жасау талап етілген. АҚШ-тың президенті Р.Рейган “Езілуші ұлттар” аптасына байланысты жариялаған мәлімдемесінде адам құқықтары және тәуелсіздік үшін күрескен халықтар санатында қазақтарды ерекше атап көрсеткен. Батыс Германиядағы Түркі елі комитеті “Бұл студенттің қылмысы бар болса, ол азаттық пен егемендікке ұмтылыс қана, оның жанкешті әрекетінің сыр-сипаты беймәлім қалған”, – деген көзқарасын білдірген. КСРО басшылығы әлемдік демократиялық күштермен санасуға мәжбүр болған. Өлім жазасы 20 жыл бас бостандығынан айырумен алмастырылған.

Ж.Молдағалиев, С.Зиманов, С.Шаймерденов, М.Есенәлиев, М.Шаханов, Б.Қойшыбаев, тағы басқа көрнекті ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің жастарға араша түскен қоғамдық пікірлері де жұртшылық пен билік арасында үлкен қозғау салды. Соның ішінде Жұбанның “Қақаған қыста қыздарымның бұрымы қиылып, ұлдарымның қанды алаңда қан-жоса болып жатқанын көргенімше соғыс даласында өліп кеткенім жақсы еді”,– деген ыза мен кекке толы сөзі қаңғып келген шүрегейді ерекше селт екізген.

Желтоқсан ызғары Қызылжар өңірін де шарпыды. Осы тақырыпты бірнеше жыл бойы індете зерттеп жүрген Н.Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоғамдық қорының деректеріне сүйенсек, жерлестеріміз ел тәуелсіздігіне жету жолындағы жанқиярлық күрестің алдыңғы шебінен табылған. Олардың дені Алматы, Қарағанды секілді ірі қалаларда оқып жүріп, сын сағаттарда сыр бермеген. Солардың бірі – Қазақстанның Халық Қаhарманы Қайрат Рысқұлбековпен бір институтта оқып, бір бөлмеде тұрған Нұржан Қалиасқаров оқу орны басшылығының қысымына қарамастан жастарға қосылып, алаңға барған. Жаппай жазалау кезінде ұсталып, ауыр соққы алған. “Алматыдағы қоғамға қарсы бейберекетсіз іс-әрекетке қатысқаны үшін кеңестік студентке лайықсыз”, – деген сенімсіздікпен оқудан, комсомолдан шығарылған. Кейін жарақаты асқынып, 1994 жылы небәрі 28 жасында мезгілсіз көз жұмған. Қазір оның есімі Ербол Сыпатаев, Сабира Мұхамеджанова сияқты замандастарымен қатар аталады. Ол оқыған Тимирязев ауданындағы Ақсуат мектебінің қасбетіне мемориалдық тақта орнатылған. 1996 жылдан бері волейболдан еске алу турнирі жүйелі түрде өтіп келеді. Жуырда оның туыстарынан жақсы хабар естідік. Артында қалған жалғыз тұяғы – Нұрсұлтан үйленіп, отау құрыпты. Жас шаңырақтың бақытты болуына тілектеспіз. Бүгінде 30-дан астам солтүстікқазақстандық желтоқсаншылар туралы толыққанды мәліметтер жинақталған. Олардың арасында Боташ Дайыров, Нүркен Төлеков. Еділ Қожабеков, Боташ Қажимов, Шоқан Балтабаев, Қанат Асқаров, Айгүл Тұрсынбаева, Бағдат Мұқанова, Дулат Ғабдуллин, Жанна Досполова, тағы басқаларының есімдері мақтанышпен аталады. Мұның өзі әлі толық тізім емес. Іздестіру жұмыстарының жалғаса түсері күмәнсіз.

Мен ол кезде Жамбыл ауданында қызметте едім. Бірде Алматыға білім жетілдіру курсына бара қалдым. Алқалы бір жиында желтоқсаншыларды қорғап сөйлеуіме тура келді. Кейбіреулер сияқты бүгежектеп, бұғып қалмадым, азаматтық ұстанымды ашық білдірдім. Сол үшін қудаланып, партия қатарынан шығарылдым.

Қоғамдық қор Желтоқсан көтерілісіне қатысты деректерді іздестіру кезінде 3,5 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айрылып, Петропавлдағы еңбекпен түзету мекемесінде жазаларының 8 айын өтеген атыраулық Алик Мұзафаровтың, жамбылдық Бақтыбек Иманғожаевтың, алматылық Ержан Мәлібековтің және көкшетаулық Қайыркелді Күзембаевтың осында этаппен әкелінгенін анықтаған. Мекеме бастығының орынбасары Еркебұлан Бектұров дәрігер-мейірбикелердің оларды емдеуден бас тартқан қарсылығына қарамастан тұрақты ем-дом алуларын міндеттеп, тікелей бақылап отырған. Киров аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Оразбике Сақтағанова апайымыз қызы Қарағандыдағы шеруге қатысқаны үшін қызметінен босатылғанын көбіміздің біле бермеуіміз мүмкін.

Десек те, сын сағатта сыр бермеген батыр оғландарды ұлықтау, есте қалдыру жайы әлі де көңіл көншітпейді. Кезінде Петропавл қаласындағы №20 мектеп ұжымы білім ұясына Нұржанның атын беру туралы ұсынысты қолдап, шешім алғанымен, қалалық ономастика комиссиясы белгісіз себептермен кері қайтарған. Бір көшені Желтоқсан деп атау туралы ұсыныс та қолдау таппай қалған. Меніңше, марқұм боздақтарға арнап облыс орталығында символикалық ескерткіш-белгі қойылса, Нұржанның отбасына, басқа да желтоқсаншыларға құрмет көрсетілсе, артықтық етпес еді. Бүгінде Алматы қаласында 670 желтоқсаншы тұрады екен. Қала әкімдігі биыл оларға берілетін біржолғы төлем көлемін көбейтпек. Бұған дейін Тәуелсіздік күні қарсаңында бір реттік 150 мың теңге төленсе, енді 250 мың теңгеге дейін ұлғайтылып отыр. Өкінішке қарай, біздің өңірде ондай төлем жоқ.

“Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,

Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!

Өздеріңдей өр намысты жас өрені бар елдің,

Ешқашанда еңкеюге тиіс емес жалауы!” – деп Мұхтар Шаханов жырлағандай, бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныстың, оның саяси маңызы жайлы өскелең ұрпақ біліп өссе дейміз. Өйткені, Желтоқсан – жүректегі айықпас жара!

Дүйсенбай ҚҰРМАШЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp