«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тағылымы мол жан еді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бес күндік өмірде адамдық құндылығыңды жоғалтпай, кісілік абыройыңды сақтап, мәнді, мағыналы ғұмыр кешкеннен артық не бар? Тұлғаның артында тағылымды жолы, өнегелі ісі қалса, оның есімі де ел жадында жаңғырып, жасай бермек. Сондай ғибратты ғұмыр кешіп, қай кезде де ар-ұяттың биігінен табылған жандардың бірі – Камалиева Шарбан Молдажанқызы еді. Бар ғұмыры ұлағатқа толы осындай аяулы жан жайлы естелік жазудың өзі оңай емес.

Шарбан Молдажанқызы 1951 жы­лы Аққайың ауданы, Баянды ауы­лында дүниеге келген. Заман келбе­тін тез аңғарған қайсар жан еңбек майданына ерте араласып, қайнаған ауыл өміріне бел шешіп кірісіп кетті. 1967 жылдан еңбек жолын ауылда тігінші болып бастаған ол қай істе болсын жақсы қырынан көзге түсіп, тәжірибе мен білімін толықтырып, кейін білім беру саласында жемісті жұмыс істеді. Тігіншіліктен бөлек әр жылдары ауылдық клубтың бөлім бас­шысы, балабақша тәрбиешісі, ба­лабақша меңгерушісі болып, ұрпақ тәрбиесіне үлесін қосты. Ал 1992-2016 жылдар аралығындағы ширек ға­сырға жуық ғұмыры №1 гимназия­да оқушыларға қазақ тілі мен әде­биеті пәндерінен сабақ берумен өтті.

Әріптесіміз жастарға тек кәсіби қызметтің ғана емес, білім алу мен із­деністің де үлгісін көрсетіп кетті. Ол ғұ­мыр бойы жаңаны танып, қай жас­қа келсе де оқып-білуден жалыққан емес. Осы қасиетінің арқасында та­банды жан бірнеше оқу орнын та­мам­дап, түрлі мамандықтың қыр-сы­рын меңгерді. Шарбан Молдажан­қы­зы тігіншілер курсын, Көкшетау қала­сындағы училищені, К.Ушин­ский атын­дағы педагогикалық инс­титутты бітірді. Ол ең соңғы жоғары білімін елу жасқа келіп алған екен. Елуінде де білім көшінен қалмай, үйренуден шаршамаған әріпте­сіміздің табан­дылығы мен өз ісіне деген адалдығы таңдай қақтырмай қоймайды.

“Шарбан Молдажанқызы көпке білімді, білікті, тәжірибелі ұстаз ре­тінде танылды. Өзінің саналы ғұмы­ры­ның негізгі бөлігін ұстаздыққа ар­нап, өңірдегі бетке ұстар мамандар­дың бірі болды. Ол тек қана қазақ тілі мен әдебиетін пән ретінде оқытып қойған жоқ. Орыс тілінде білім ала­тын сыныптарға, өзге ұлт өкілдеріне қа­зақ тілін үйретіп, ұлттық құндылық­та­рымызды дәріптей білді. Онымен қоса қаланың жас мұғалімдеріне ар­нап жас мұғалімдер мектебін ұйым­дастырып, білім ордасының есігін енді ашқан жастарға білгенін үйретіп, бағыт-бағдар берді. Өзі жұмыс іс­теген әр мұғалімге ерекше көңіл бө­ліп, ұстаздық жолының жемісті бо­луына жағдай жасады. Ізбасарла­ры­на жанашырлықпен қарап, қанаты­ның астына алды”, – деп еске алады әріптесі, Мағжан Жұмабаев атын­да­ғы ІТ мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Зухра Ауғанбаева.

Қай кезде де жақсы ұстаздың аты озат шәкіртімен шығады. Шарбан Мол­дажанқызының да есімін өшір­мей, тағылымын ұмытпайтын шә­кірт­тері аз емес. Олардың да мұға­лім­дерінің алдынан сабақ алған күн­де­ріне көз жүгіртіп, аяулы ұстазда­ры­­ның асыл бейнесін жиі еске ала­тыны анық. Өзі еңбек етіп жүрген ке­зінде Шарбан Камалиева балаларға сыныпта ғана сабақ беріп қоймай, оларды түрлі шараларға қатысты­рып, жарыстарға даярлап, талай жас дарынның көзге түсіп, жұлдызының биіктен жануына себепші болды. Ол ұйымдастыратын шаралардың қай кезде де орны ерекше, мағынасы бөлек болатын.

Еңбекқор жан мектептегі қызме­тінен бөлек қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүрді. Облыста өтетін мәдени, рухани шаралардың үнемі басы қасынан табылды. Өңірге белгілі “Балқадиша” ансамблінде өнер көрсетіп, тыңдарманды қазақы әуенмен сусындандырды. Ол ан­самбльдің әншісі болып қойған жоқ, өнер ұжымы құрылған сәттен бастап оның аяққа тұруы жолында еңбек сіңіріп, ұйымдастыру жұмыстарының бір тізгінін қолында ұстады. Осы­лай­ша мектепте терең тәлімімен, сахна­да әуезді әнімен ұлт­тық құн­дылық­тарымызды наси­хат­тай білді. Жер­ор­тасы жастан ас­қан ша­ғында да осының бәріне уақыт тауып, іскер­лі­гін жоғалтпады. Оның сахна төрінен ән салып жүріп аяқ­ас­ты өмірден өт­кені Қызылжардың бі­лім беру сала­сы үшін ғана емес, ән­сүйер тыңдар­ман үшін де ауыр қаза болды. Шар­бан Молдажанқызы ән салудан бө­лек өлеңді де жанына серік етіп, көр­ген-түйгенін қағаз бе­тіне түсіріп отырды. Бүгінде заман­дас­тары оның ақын­жан­дылығын, өлеңімен жақын­дары­на жылу сый­лап жүрер жарқын бей­несін де ерекше еске алады. “Есі­мім менің Шарбан, Қызымын Молда­жан­ның ер атанған” деп жырлаған қай­сар жан өзі де ерлікке бергісіз ерен еңбек етіп, есіміне дақ түсірген жоқ.

Осынша жұмысты атқара жүріп әріптесіміз өз отбасының бақытын күзетуді де ұмытпады. Ол екі ұлынан 5 немере сүйіп, асыл әже атанып, бір әулеттің тірегіне, үлкен анасына айналды.

Шарбан Молдажанқызы өзінің ұс­таздығымен, әншілігімен, ақындығы­мен, қорытып айтқанда бар бітім-бол­мысымен зиялылықтың, еңбекқор­лықтың, тілге деген жанашыр­лық­тың, қазақ әйелінің үлгісі болған тағылымы мол тұлға еді. Осындай жан­ның мезгілсіз бақиға аттанып кет­кеніне де бір жыл уақыт өтіпті. Бес, он, тіпті, елу жыл өтсе де, Шарбан Мол­дажанқызының есімі өзі тәлім берген жас ұрпақтың санасында жаң­ғырып, рухы асқақтай берері анық. Қадірлі әріптесіміз, қамқор ақылшы­мыз, берік тірегіміз, ұлағатты ұста­зымыз болған Шарбан Молдажан­қы­зының жатқан жері жайлы, рухы шат болғай.

Зейнеп ШЕГИРОВА,

Ульяна ЕСЛЯМОВА,

әріптестері.

Машуда ЫБЫРАЕВА,

“Балқадиша” халықтық ансамблінің жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp