«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ. АҚЫН. АЗАМАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмірде жүрегі қалаған мамандығын жаңылыспай тауып, кәсіби шеберлік шыңына шыға білгендіктен, жасы егде тартса да жастардан қалыспай, жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген майталмандар аз емес. Солардың бірі – Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімі, “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісінің иегері Қасым Нұрғалиев.

“Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай шабытпен кірістім”

Ол мектеп табалдырығынан ат­тап, сауатын ашысымен ауыл кітап­ха­насындағы ертегі-дастандар мен балаларға арналған көркем шығар­ма­лардың бәрін бастауыш сынып­тар­да оқып тауысты. Сондықтан бо­лар, жоғары сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Қа­қыжан Бейсеновтің сүйікті шәкіртінің бірі болды. Болашақта сол ұстазы сияқты мұғалім болуды армандады. Алайда кеңес өкіметі тұсында елі­міз­дің солтүстік өңірлерінде қазақ мек­тептері бірінен соң бірі жабылып, орысша оқытуға көшіріліп жатқан­дық­тан, Дәуқара ауылына жақындау орналасқан Көкшетау мен Петро­павл қалаларындағы педагогика инс­титуттары қазақ тілі мен әдебиеті мұ­ғалімдерін даярлаумен айналысқан жоқ. Ал ондай жоғары оқу орындары бар шалғайдағы Қарағанды және Ал­маты қалаларына барып, оқуға түсу­ге Қасымның отбасылық жағ­дайы мүмкіндік бермеді. Амалсыздан Көк­шетау қаласындағы ауыл шаруашы­лығы техникумына оқуға түсіп, инже­нер-механик мамандығын алып шық­ты. Бірақ қолы боста көркем шығар­маларды қызыға оқып, бала кезден бойына жұққан жазылмас “дерті” – өлең жазумен де айналысты.

Ол кеңшарда қауіпсіздік техника­сы жөніндегі инженер болып істеп жүр­ген кезінде республикамыз өз еге­мендігін жариялап, солтүстік өңір­лер­де ана тілімізді қайта өркендету шаралары қолға алына бастады. 1991 жылы Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы педаго­гикалық институтта қазақ тілі мен әдебиеті факультеті ашылды. Осы жайлы жағымды хабар құлағына тиісімен кеудесіндегі бала арманы қайтадан атойлап шыға келді. Дереу аталған факультеттің сырттай оқыту бөліміне құжат тапсырды.

“Алғашқы емтихан – қазақ тілі та­қырыбындағы шығарманы өлеңмен жаздым. Егемендік декларациясы қа­былданар тұста “Қазақ тілімен қатар, орыс тілі де мемлекеттік тіл болуы керек” деген пікірді жақтап сөйлеген белгілі академиктің сөзін теледи­дардан естігенде ана тілімізді зерт­теп, том-том кітап шығарып жүрген ғалым ағамыздың әрекетіне жаным күйінген еді. Шығармамда сол кісіні қатты сынадым. Мұным институтта әжептәуір резонанс туғызып, әлгі ака­демиктен білім алған оқытушылар маған: “Сен біздің ғалым-ұстазымызға тіл тигіздің”, – деп ренжіді. Бірақ мән-жайды түсіндіргеннен кейін сол ұстаздарымның бәрімен сыйласып кеттім”, – деп еске алды Қасым Нұр­ғалиұлы.

Сөйтіп ол ұстаздық жолын 35 жа­сында бастады. Тек сабақ берумен шектелмей, өлең жазуын жалғасты­рып, Қожаберген жырау, Мағжан Жұ­мабаев және Ғабит Мүсіреповтің мерейтойларына арналған облыс­тық мүшайралардың жеңімпазы жә­не жүлдегері атанды. Бұған қоса, ауыл балаларының бойындағы ақын­дық, айтыскерлік өнердің көзін ашуға тырысты.

“Орынбай, Ақан сері, Үкілі Ыбы­рай, Мұса, Кәкімбек сынды ақиық ақындар шыққан біздің Айыртау өңі­рінде ақындық-айтыскерлік өнердің ұмытыла бастағандығы намысымды қамшылады. Осы олқылықтың ор­нын толтыру үшін Дәуқара орта мек­тебінің жанынан ақындық мектеп аштым. Нәтижесінде шәкірттерім Айыртаудың да, Қызылжардың да атын шығара бастады. Ұстаздардың ұстазы Ыбырай Алтынсарин өзінің күнделігінде алғашқы мұғалімдік жо­лы жайлы: “Мен балаларды оқы­туға қойға шапқан аш қасқырдай шабыт­пен кірістім”, – деп жазған екен. Менде де осындай сезім болды. Оқушылармен қоян-қолтық жұмыс істеп, нәтижеге жетуге тырыстым”, – дейді Қасым Нұрғалиұлы.

Ол ұстаздық еткен 32 жыл ішінде 25 шәкірті өзінің жолын қуып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі атанған екен. Қазіргі кезде 5 оқу­шы­сы осы мамандықты мемлекеттік грант арқылы меңгеріп жүр. Ауыл ұс­тазының “Шығармашылық жұмыс­тар арқылы оқушылардың тіл мәдение­тін дамыту” тақырыбындағы әдістемесі 2018 жылы облыс мектептеріне таратуға ұсынылған.

Ұстаз мақтанышы — оқушылары

Қасым Нұрғалиұлы өзінен гөрі өз шәкірттері жайлы айтқанды ұната­ды. Олардың әрбір жетістігіне шын жүректен қуанып, балаша мәз болып жүреді.

“Бір жылы суырыпсалма ақын шәкіртім Мұхаммед Қоңқаевты об­лыс­тық “Мағжан оқуына” апардым. Өзім – қазылар алқасының мүшесімін. Жас ақындардың өлең жазуы үшін маған еркін тақырып беру ұсыныл­ды. Мен өз шәкіртім сайысқа қатыса­тын болғандықтан, күдік тума­сын деп бас тарттым. Бірақ өзге қазылар еш тақырып ұсынбады. Сол сәтте біздің алдымыздағы үстелге бір қыз құмыраға салынған гүл әкеліп қойды. Мен: “Егер қазылар басқа та­қырып таппаса, онда байқауға қаты­сушы­лар ұлы Мағжанның қасіретті тағды­рымен байланыстырып, “Құ­мы­рада­ғы гүлдің мұңы” деген өлең жазсын”, деп едім, бәрі қолдап шыға келді. Сол жолы Мұхаммедтің шы­ғарған өлеңіне қазылар да, жиналған жұрт та разы болып, бас жүлде бе­рілді. Ке­йін сол өлеңі “Soltüstık Qa­zaqstan” облыстық газетінде жария­ланды.

Тағы бірде 9 сыныпта оқитын шәкіртім Руслан Дөкетбаев облыс­тық телеарна ұйымдастырған айтыс­қа қатысты. Қарсыласы Есіл ауданы­нан келген 11 сынып оқушысы болып шықты. Басындағы бөркі, үстіндегі ша­паны, аяғындағы етігі – бәрі қы­зыл түсті, өте жарасымды екен. Жұ­пынылау киінген Руслан соны бай­қап, біртүрлі ыңғайсызданып қалды. Соны сезіп, оған: “Сен одан қаймық­па. “Қызыл етігің қандай әдемі еді қыздардікі секілді”, деп әзілдеп, мақтап баста. Сонда ол саған не деп тиісерін білмей қалады”, – дедім. Рус­лан айтқанымды екі еткен жоқ. Қар­сыласы мұндай мақтауды күтпесе керек, ол да Русланды мақтай жө­нелді. Қорқынышын басып, бойын үйретіп алған соң Русланым шабыт­қа мініп, қарсыласын сөзбен төпеп ала жөнелді. Ақыры жеңіп шықты.

Бертінде он бірінші сыныпта оқи­тын ақын шәкіртім Гүлзат Қалым “Абай әлемі” халықаралық конкур­сы­на қатысып, бас жүлдені жеңіп ал­ды. Бірақ соны айғақтайтын медалін бе­ру кешіктірілді. Күте-күте шыдамы тау­сылған соң Гүлзат маған келіп: “Ағай, не істейміз?”, – деді. Мен оған: “Қасым Аманжоловтың “Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды” деген өлеңін білесің ғой, комиссияға соған ұқсас арыз-өлең жаз дедім. Гүлзат бірден:

“Бермесең, бермей-ақ қой медаліңді,

Сатпаймын медаль үшін мен арымды.

Өлеңнің даңғылына шығып алып,

Басамын алға қарай педалімді”, – деген бір ауыз өлең шығарды. Дереу Алматыдағы комиссия төраға­сына факспен жібердік. Іле: “Меда­ліңді жібердік. Өлеңің күшті екен, бәріміз бір күліп алдық”, – деген жа­уап келді. Осылайша шәкіртте­рім­мен әзілдесіп-қалжыңдасып, оларға кез келген тығырықтан шығып, жеңіс­ке жету жолын табуды, артық кет­пеу­ді, әдептен шықпауды, мақтаншақ­тық­тан аулақ болуды, сахнада да, көпші­лік арасында да өздерін мәде­ниетті, сыпайы ұстауды айтып оты­рамын. Ұстаз бен шәкірттің ара­сын­да бәрін айтқызбай түсінетіндей жағ­дай бол­ғаны абзал. Өз басым оқу­шыларым­ның ешқайсысына ұрсып-зекіп көр­меп­пін. Біз кезінде кей мұ­ғалімдері­міз­ден шапалақ жеп, кер­тоқай алсақ та, мұндай әрекет нағыз ұстазға жа­рас­пайды деп санаймын. Балаларға сенім артып, шабытын шақыруға, намысқа тырысуына жағдай жаса­саң, олардың алмайтын асуы бол­майды деп санаймын”, – деп түйіндеді ол өнерпаз оқушылары жайлы сүйі­не әңгімелей келіп.

Қасым Нұрғалиұлы қазір өзімен қатарлас ұстаздық етіп жүрген об­лыстық ақындар мүшайрасының же­ңімпазы Ажар Ақжігітова мен ақын, әнші Сәуле Мәжікееваны, жоғары оқу орындарында оқып жүрген бола­шақ мұғалімдер – айтыскер ақын За­манбек Әлібеков пен әнші, термеші Аяжан Сұрағанды, сондай-ақ 10-шы сынып оқушысы, республикалық “Абай әлемі” байқауының жүлдегері, облыстық ақындар мүшайрасының жеңімпазы Қарлығаш Көкенесова сынды шәкірттерін де мақтан тұтады.

Шәкірттер шерткен сыр

Қасым Нұрғалиұлының сан са­йыс­та оза шауып, бәйге алып жүрген шәкірттерінен өз ұстаздары жайлы сыр тарттық. Бәрі де қуана келісті.

“Мен әдебиеттен гөрі матема­ти­ка пәнін сүйіп оқып, өскенде проку­рор болуды армандап жүр едім. Бірақ Қасым ұстазым мені бесінші сыныптан ақындыққа тәрбиеледі. Болашағымды болжаған болар, арманымды басқа арнаға бұрды. Сөздік қорымды байыту үшін көркем шығарма оқытып, қисса-дастандар­ды, өлең-жырларды жаттатқызды. Байқаудан жүлдегер болып келсем де, тоқмейілсіп кетпесін деп, үнемі қарсыластарымды мақтап, мені қайрап отырды.

Дайындық кезінде ғана емес, Қа­сым ұстаз ақылын кез келген уақытта беретін және ғибратты кітаптан ғана емес, өз айналамнан да алуым керектігін айтатын. Қасым ағаммен бірге аңшылық, саятшылық құрған уақытта құстың ұшқаны, иттің жү­гіргені, жылқының дүбірі, желдің ес­кені, орманның шулағаны – бәрі тұнып тұрған өлең екенін білдік. Ақындық өнермен қатар, өмірде жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды, обал мен сауапты айыруды үйретті. “Жүрегіңде өлеңің барда әр­дайым орның төрде болады” деген сөзін қазір елдің ықыласына бөленіп, қошеметін көріп жүрген кезде түсін­дім”, – деді айтыскер ақын, “Қазақ тілі” халықаралық олимпиа­да­­сының жеңімпазы Мұхаммед Қоңқаев.

“Қасым ұстазымыздың тәлімі мен тәрбиесін көрген оқушылар сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі, өнерлі, адамгершілік қасиеттері мол, рухани бай азаматтар болып өсті. Бәрі де оны қадірлеп, үлкен құрметпен қарайды.

Мектепте оқып жүрген кезімде Қасым Нұрғалиұлы ұстазыммен бір­ге мәнерлеп оқу сайыстарына, шы­ғарма жазу байқауларына, пән олим­пиадаларына қатыстым. Содан жи­на­ған тәжірибемді қазір өз қызметім­де қолданып, шәкірттерімді әртүрлі байқауларға қатыстырып жүрмін.

Тәлімгерім ретінде ол кісіден үй­ренерім көп. Еңбексүйгіштік, жауап­кершілік, ақкөңілділік, өмірге деген сүйіспеншілік сияқты игі қасиеттері­не тәнтімін. Ұстаздық жолға жаңа түс­кен шағымда да берген бағыт-бағдары, үлгі-өнегесі маған көп септігін тигізді”, – дейді мұғалім, ақын, облыс­тық “Жүзден жүйрік” байқауының жеңімпазы Гүлдария Қайырлинова.

“Қазақтың әр ауылы тума та­лант­қа бай. Тек сондай бұлақтардың көзін ашатын Қасымдай тұлғалар сирек. Біздің Дәуқараға осындай азаматты берген Құдайға рақмет. Ұстаздық қызметінде бір оқушыға дауыс көтеріп, ұрысқанын көрмеп­пін. Және ол кісінің бойындағы да­налықтың мысын сезгенде-ақ артық сөз, оғаш қылығымыз өзінен-өзі бұға қалатын. Қасым Нұрғалиұлы қанша­ма шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде біреуі тойдағы тілегін әсерлі жеткізсе, бір шәкірті сол тойды басқарып жүр. Бір шәкірті ұстаздық жолда болса, екіншісі облыстың намысын респуб­ли­када қорғап жүр. Бір шәкірті театр жолында, халықтың мәдениетін дамытса, бір шәкірті әдебиетіне үлес қоссам дейді. Айналып келгенде, барлығы – іргетасымызды сөз өнері­мен мықтап қалаған Қасымдай ұста­зымыздың еңбегі”, – дейді мұғалім, ай­тыскер ақын, республикалық Абай, Махамбет, Мағжан оқуларының же­ңімпазы Дәулет Құрмаш.

Қасым Нұрғалиев – туған ауы­лының көкейкесті мәселелерін ше­шу­ге де аянбай атсалысып жүрген белсенді азамат. Мәселен, Дәуқара­дан аудан орталығы – Саумалкөлге баратын автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу мәселесін билік ор­гандарының алдында талай көте­ріп, ақыры оң шешілуіне қол жеткізді. Көр­шілес бес ауылдың жері аукционда заңсыз сатылып кетпеуі үшін ауыл­дас­тарының аманатын арқалап, Жо­ғарғы сотқа дейін барып, әділ шешім қабылдануына ықпалын тигізді. Ауыл­дағы алқалы жиындарда сөз бастаушы да – Қасым Нұрғалиұлы. Орны – әрдайым төрде. Жуырда оған Айыртау аудандық мәслихатының шешімімен “Айыртау ауда­ны­ның құрметті азаматы” атағы беріл­гендігі де – лайықты құрмет. Ал мек­теп бас­шылығы бүгінде жасы жет­піске таяп, ауыл ақсақалы атанған ардақты ұс­тазды зейнет дема­лы­сына жіберу­ге қияр емес.

“Қасым Нұрғалиұлының орны ерекше. Былтыр жоғары оқу орнын бітіріп келген екі жас мұғалімге біздің өтінішіміз бойынша тәлімгер болып жүр. Жас басшы ретінде өзім де өмірлік тәжірибесі мол Қасым ағамен ақылдасып, айтқан кеңесін тыңдап отырамын”, – дейді Дәуқара орта мектебінің директоры Алмагүл Сердалина.

“Ұстаздық туралы жыр” өлеңінде Қасым Нұрғалиұлы:

“Ұлы мұрат – адам үшін ұстаз болу дегенің,

Сол мақсатта Абай сөзін ұран етіп келемін.

Жалықпадым білгенімді үйретуден балаға,

Ел ертеңі – жастарға да Мағжандайын сенемін”, – деп жазған екен. Ол – осы ұлы мұратына абыроймен жетіп келе жатқан ұстаз.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp