Ерекше спорт түрлерінің бірі – спорттық бал биі. Соңғы жылдары солтүстікқазақстандық би жұптары халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Олардан пара бишілеріміз де қалысар емес. Ел көлеміндегі жарыстарда бағындырған белестері бір төбе. Ендігі мақсат – әлемдік аренаға шығу.
Елімізде пара спортқа деген көңіл айрықша. Жыл сайын Үкімет тарапынан қомақты қаражат бөлініп, спортшыларымыз республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуда. Он екі мүшесі сау қатарластарынан қалыспай, Қазақстан намысын абыройлы қорғап жүргендерін айта кеткен жөн. Пара биге келер болсақ, бұл спорт түрі соңғы жылдары ғана кең тарай бастады. 2018 жылы Туризм мен спорт министрлігінің жанынан федерация құрылып, сол жылы алғаш рет Алматы қаласында арбаға таңылғандар арасында республикамыздың біріншілігі ұйымдастырылды. Бұл чемпионатқа облысымыздан да пара спортшылар қатысуға мүмкіндік алды.
– Пара спорттың ішінде биге 2018 жылдан бастап қолдау көрсетіліп келеді. Әлі күнге дейін есімде, алғашқы жарысқа бару үшін мен дені сау спортшылармен бірге жаттығатынмын. Облыс әкімінің мүгедектер ісі бойынша кеңесшісі Светлана Бусыгина алғашқы чемпионатқа қатысатындарды іздеді. Мен спорттық би бойынша бапкер болып жұмыс істегеніме бірнеше жыл болғандықтан, алдымен маған келді. Мен тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасынан іздеуге кеңес бердім. Аз уақыттың ішінде жарысқа қатысатын спортшылардың есімдері белгілі болды, – дейді “Үміт” клубының пара би бойынша жаттықтырушысы Виталий Черныш.
Бапкердің айтуынша, Алматыда өткен ел біріншілігінде өңір намысын Тамерлан Айкенов пен Сандуғаш Молдағалиева қорғаған. Қуанышымызға орай, жерлестеріміз Қазақстанда ұйымдастырылған алғашқы республикалық сайыста “фристайл” бағдарламасы бойынша жеңімпаз атанғаны белгілі. Тамерлан мен Сандуғаштың жеңісті жолы ары қарай да жалғасты. Келер жылы солтүстікқазақстандық жұп ел кубогын иеленді.
– Интернатта оқып жүргенде спорт басқармасынан мамандар келіп, пара бимен айналысатындарды іздеді. Арбаға таңылсам да, бұл спорт түріне қызығып, үйірмеге жазылдым. Білікті бапкерлердің арқасында санаулы уақыттың ішінде биді игеріп алдым. Еш қиындығы жоқ екен. Ең бастысы, алға мақсат қойып, талмай жаттығу қажет, – деген Тамерланның пара бимен айналысып жүргеніне бес жылдан асты. Ол Сандуғаш Молдағалиевамен бірге талай халықаралық және республикалық жарыстарға қатысты. Әзірге дүниежүзілік додада жолдары болмай келеді. Десе де алдағы уақытта міндетті түрде әлемдік аренада жүлдегерлер қатарынан көрінетіндеріне сенімді.
Пара биден өтетін жарыстарда солтүстікқазақстандық жұп латынамерикалық және еуропалық бағдарламалар бойынша өнер көрсетеді. Соңғы жылдары “пара комби” және “сингл” бағыттарын да игере бастапты.
– Дені сау спортшылар жұп ретінде ғана емес, жекелей “сингл” санаты бойынша да өнер көрсететіні белгілі. Пара биге де бұл талап енгізілді. Енді спортшылар жекелей сында, яғни жалғыз өзі өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ “комби жұптар” бойынша да жарыстар өткізіле бастады. Ол дегеніміз, жұпта екі адам болса, оның біреуі мүмкіндігі шектеулі, ал екіншісі сау болуы мүмкін, – дейді Виталий Черныш.
2020 жылы Петропавлдағы “Үміт” клубы базасында пара би бөлімшесі ашылды. Әзірге, арбада отырып өнер көрсететін бишілер қатары аз. Десе де облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жыл сайын үйірмеге жазылып, жаттығамын дегендерге қолайлы жағдай жасалып, материалдық-техникалық база нығаюда.
– Клубымызда пара бимен мүмкіндігі шектеулі бес адам жаттығады. Олар түрлі жарыстарға “дуо”, “комби” және “сингл” санаттары бойынша қатысып жүр. Спортшылардың қатарында жасөспірімдер де бар. Келер жылы олар алғаш рет өтетін ел біріншілігіне барады, – дейді “Үміт” клубының жаттықтырушысы.
Биыл Қостанайда өткен ел біріншілігінде жерлестеріміз Тамерлан мен Сандуғаш жұбы “дуо” санатында қола жүлдегер атанса, Мира Абитова “сингл” бойынша үшінші орынға қол жеткізді. Жас спортшылар үшін алда тұрған міндет – құрлықтық додаға жолдама алып, жасөспірімдер арасындағы чемпионатта жеңіске жету.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.