«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ботай мәдениеті – тұнған қазына

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елордадағы Ұлттық музейде Тәуелсіздік күні қарсаңында және “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бес жылдық мерейтойына орай “Ежелгі Ботай: дала өркениеті мен қазақ мемлекеттілігінің бастауында” тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараға ғалымдар, тарих­шы­лар, ғылыми қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, салалық министр­ліктің өкілдері қатысты.

Конференция барысында 2021-2023 жылдары “Ботай қонысындағы археологиялық ғылыми-эксперименттік зерттеулер және қамтамасыз ету жүйелерін, өмір салтын және Ботай мәдениетін жет­кізушілердің дүниетанымдық-киелі контексттерін модельдеу” бағдар­ламасы аясында жүргізілген ғылы­ми зерттеулердің нәтижесі таныстырылды. Үш жылдық жобаның қорытындысы ретінде “Ботай мәде­ниеті, адам және қоғам: өркениет­тік дискурс” монографиясының тұсаукесері болды. Монография авторларының бірі, философия ғы­лымдарының докторы Сабина Аяз­бекова қызықты әрі мазмұнды баяндама жасады.

Бұл ғылыми жұмыста пәнаралық тәсілді қолдану нәтижесінде Ботай мәдениетінің әлемдік тарихтың өркениетті дамуына қосқан үлесіне қатысты бірнеше жаңа гипотезалар көрсетілген. Атап айтқанда, Ботай тілінің Алтай тілдер тобымен ортақ тамыры, ежелгі Ботай қоныстарының аумағында прото-мемлекеттіліктің пайда болуы туралы жан-жақты жазылған.

Конференцияда Қазақстан та­рихын зерттеудің маңызды кезеңдері, Ботай мәдениеті аспектіле­рінің ғылыми дамуы туралы тарих ғылымдарының докторы, Германия археология институтының корреспондент-мүшесі Зейнолла Самашев баяндады. Ал “Ботай” музей-қорығының аға ғылыми қызметкері Қуаныш Әбілмәліков Терсек және Ботай археологиялық мәдениеттерінің ортақтығы жайында өз гипотезасын ұсынды.

Ғылыми-практикалық конфе­ренцияға қатысушылар Ботай мәдениетін одан әрі кешенді зерттеудің, ескерткіштерді мұражайландырудың, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтаудың маңыздылығы туралы айтты.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp