«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тәу етер жалғыз киеміз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

32 жыл. Аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде елімізді әлем таныды. Ата-бабамыз армандаған тәуелсіздіктің таңы атты. Тамыры тереңге тартатын, салты мен дәстүрі бекем, жігіті жігерлі, қызы қылықты, қариясы кемеңгер, өмірі өлең, өнері өнегелі қазақ халқы сан ғасыр еркін ел болу жолында күресті. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Керей мен Жәнібек хандардың ұлы мұраттары, Абылай ханның аңсағаны, Кенесары ханның көксегені, Алаш идеясы мен Ұлы даладағы жүздеген толқулар, көтерілістердің көздеген мақсаты тәуелсіз ел болу еді. Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – азаттықты аңсаған халықтың бойында піскен ашудың, сан ғасыр санада жетілген намыстың көрінісі, Тәуелсіздік соның жемісі.

Көңілде көмескі тартқан көне заманнан көк түрікке дейін, көк түріктен бүгінгі көк байрақтың арасында қазақ халқының шарықтап шыңға шыққанын, құлдилап құзға кеткенін де көреміз. Тағдыры тайғақ кешіп, “Алқакөл сұлама, ақтабан шұбырындыға” тап болған қазақ алма-ғайып замандарды, аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан кешіп, тауқымет кешсе де, кең байтақ, ұлан-ғайыр Ұлы даланы ұрпағына аманат етті.

“Қазақ КСР-ының егемендігі туралы” Декларация қабылданғаннан кейін елімізде өз алдына мемлекет болуға деген ұмтылыс тіптен күшейді. Алдымен жер-суымызға өзінің тарихи атаулары беріліп, жабылып қалған қазақ мектептері қайтадан ашыла бастады. Одан әрі Семей полигонын түпкілікті жабу, Қазақстан азаматтары әскери борыштарын республика көлемінде өтейтіндігі, ғарыш агенттігін, Мемлекеттік қорғаныс комитетін, Қазақстанның алтын және алмас қорын республикадағы 72 одақтық министрліктер мен ведомстволарды жабу, Қазақ КСР-ын “Қазақстан Республикасы” деп өзгерту туралы көптеген Жарлықтар шығып, ақыр соңында 1991 жылдың 16 желтоқсанында ел Парламенті аса маңызды тарихи құжат – “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңға қол қойды. Сөйтіп, қазақ елі үш ғасырға жуық уақыттан соң өзінің шын мәніндегі еркіндігін алды.

Біз әлі бостандық пен тәуелсіздік дегеннің қадірі мен қасиетін жете ұғына алмай келе жатқандаймыз. Адамзат өз жаратылысынан бері біреуге тәуелді болмау үшін алпарысып, күресіп келе жатқандығына көне тарих, сол тарихи кезеңдер мен дәуірлердегі түрлі оқиғалар куә. Қазақ та өз халқының еркіндігін ешкімге бермеу үшін алысып бақты. Сол еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін алысқан халық ашықты, қырылды, қан кешті, талай-талай абадан арыстар түрмелерге қамалды, атылды, шет асып кетті… Қазақ елінің тәуелсіздікке жету жолындағы осы бір қасіреттері мен азаптарын еске алсаң, азаттығымызды ұлы жеңіске, тәңірдің берген жақсылығына, халықтың бағына балағың келеді.

Біздің халықтың әулеті асып, дәулеті тасыған дәурені де бар, басынан бағы тайып, тар заманға тап болған қилы кезеңі де көп. Сондай замандарда бақыт ұшып, байлық көшкенмен, сіз бен біз қалыппыз. Халық қалыпты. Бұл біздің басты бақытымыз.

Гүлнаурыз ЖЕҢІСҚЫЗЫ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp