«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылжар — Ақанды әлдилеген алтын бесік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар төрінде ұйымдастырылған Ақан сері Қорамсаұлы атындағы ІІ республикалық дәстүрлі әншілер байқауының бас жүлде иегері Дәуренбек Слямғалимен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Дәуренбек Бауыржанұлы, сіз байқаудың екі кезеңінде де оза шауып, көрерменнің көзайымына айналдыңыз. Қазақ ән өнерінің падишасы – Ақан серінің туындыларын әуелете шырқағаныңызға халық риза. Қателеспесем, бұл байқауға осымен екінші мәрте қатысып отырсыз. Алғашқы рет ұйымдастырылған шарамен салыстырғанда өзгеріс бар ма? Жалпы ән додасы көңіліңізден шықты ма?

– Азаттықтың аңсар жаршысы, отаршылдардың қиянатын жан-дүниесінің тұңғиық түйсік тұмасымен сезінген, көкірегінің зердесімен көріп назаланған, наразы болған ұлт рухының мұңлық мінә-жатшысы – Ақан сері Қорамсаұлының өмірін, шығармашылығын дәріптеу қазақтың әр азаматының міндеті. Өзінен кейінгі жалпы қазақ мәдениетінің қасиеті мен киесіне, ұлттық өнердің діліне дегдарлық пен бекзаттықтың өшпес сәулесін түсірген, салдық пен серілікті ізгілік-парасаттың жоғары сатысына көтерген тұлғаны туған жері – Қызылжар жұртшылығының қадірлеп жатқанына қатты қуандым. 2020 жылы пандемияға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылған Ақан сері атындағы I республикалық дәстүрлі әншілер байқауына қатысқан едім. Араға үш жылдай уақыт салып, екінші мәрте ұйымдастырылған сайысқа жолым түсті. Болашақта бұл шараның өріс алып, мән-мазмұнының арта түсетініне сенемін. Бұл – Ақан серіге арналған үлкен, ауқымды байқау.

Шыны керек, байқауға қатысқандардың осалы болмады. Барлығы ерекше дайындықпен келген. Қазылар алқасының құрамында есімдері елге белгілі жандардың болғаны көңіл қуантты. Сахна дүл-дүлдерімен қатар тұрудың өзі – үлкен бақыт. Музыка білгірі Ілия Жақанов бір шығармасында: “Ақан се­рінің әндерінде цикл-цикл болып келетін бел­гілі бір жүйелілік, заңдылық байқалады. О баста, жастық, бозбалалық дәуренінде шығарған махаббат әндері, алғашқы ынтық ғашық жыр­­лары – қос Бәтимаға жолдаған ән­дері, мәңгілік махаббат арманы мен са­ғыныш әл­диіндей Ақтоқты циклы, Сырым­беттегі үш сұлу перизат: Ұрқия, Жамал, Үрімдерге ар­налған “Сырымбет”, “Үш тоты құс”, “Жамал”, өмірбақи арман-үнінің қа­на­ты болған тұлпарлары туралы “Сал-қоңыр”, “Көк­ала­тай”, “Маңмаңгер”, “Телқаратай” ән­дері. Одан кейін шабытын шырқау биікке ша­рық­тататын қыран құстарын ардақтаған “Көк­жендет” пен “Қараторғай”. Жастық шал­қуы мен жан тазалығы, сұлулық тәңірі һәм өмірге іңкәрлік өрнектелген “Шәм­си­қа­мар”, “Райхан гүл”, “Нәзік бел”, “Балқа­ди­ша”, “Көк кө­белегі”, азаматтық өмір тану пар­қын зерделейтін “Майда қоңыр” секілді әндері ақын­дық, әншілік құдіретін ашатын дү­ние­лер. Ақан сері – осы қалпымен, осы си­па­ты­мен Сегіз серіден де, Біржан салдан да бө­лекше үн қататын өзгеше сырлы әлем, шыр­қау самғаған ән сұңқары. Ол бүкіл қа­зақ­тың ән өнерін даңққа бөлеп әлеует­тен­дір­ді, әуез­дендірді, биіктетті һәм тереңдетті”, – депті. Дәстүрлі әншілер ән падишасының біраз туындыларын нақышына келтіре орындады. Олардың әрқайсысы өз өнерлері арқылы байқаудың өміршең болатынына үлес қосты.

– Ән сайысында сіздің өнеріңізге ілтипат көрсеткен тыңдарман аз болмады. Оқырмандарымызға өзіңізді таныстыра кетсеңіз? Қай жердің тумасысыз?

– Мен 1996 жылы Павлодар облысындағы Тереңкөл ауданының Қызылтаң ауылында дүниеге келдім. 2012-2016 жылы дарынды балаларға арналған музыкалық колледж, музыкалық мектеп-интернатта дәстүрлі ән орындау мамандығы бойынша оқыдым. 2014 жылы облыстық дәстүрлі ән орындаушылары арасында өткен байқаудың бас жүлдесін иеленіп, қазақтың төл өнеріне деген қызығушылығым арта түсті. 2014 жылы Қарағанды облысында дәстүрлі әншілер сайысында, халықаралық “Тұлға” байқауында гран-при иегері атандым.

Қазақта “Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы” деген сөз бар. 2016-2020 жылдары Құрманғазы атындағы консерваторияда “Дәстүрлі музыка өнері” мамандығы бойынша білім алдым. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкімановтан үйренгенім көп. 2017 жылы Тұрсынғазы Рахимов атындағы республикалық конкурстың және 2019 жылы Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық конкурстың лауреаты атанғанымды – ұстаздарымның еңбегі деп білемін.

Құдай берген таланттың адам бойына тек арқылы сіңірілетінін мойындауымыз қажет. Ата-әжем ауылдың алты ауызын айтатын. Ұлы Отан соғысына қатысқан Рахан деген ұлы атамыз күй шерткенін айтып әжем отыратын.

Атам мен әжемді өнердегі алғашқы ұстазым деп санаймын. Шөпке, орман отауға барғанда атам жол қысқарсын деген мақсатпен “Ақ бұлақ”, “Туған жер” әндерін айтып беретін. Мен арбаның үстінде осынау керемет туындыларды тыңдап жататынмын.

Мектеп қабырғасында Қуандық Сыздықұлы деген ұстазым болды. Ол кісіден үйренгенім көп. Баянның сүйемелдеуімен алғаш рет орындаған әнім – Жаяу Мұсаның “Ақ сисасы”. Өнердегі жолым содан басталды. Туысқандарым да өнерден құралақан емес. Өз жұртым да, нағашы жұртым да – ән дегенде ішер асын жерге қоятын жандар. Апа-жезделерімнің бәрі музыкалық колледжде оқыған. Әжемнің інісі, композитор Мейрам Ермекбаевтың есімі Павлодар өңірінде танымал.

Дәстүрлі ән саласын таңдауыма сеп болған жандардың бірі – атақты композитор Тұрсынғазы Рахимов. Ол кісі ауыл, аудандарды жиі аралап, концерт қоятын. Сондай рухани шаралардың бірі Байқоныс ауылында ұйымдастырылды. Ауылдан бір автобус адам бардық. Ерекше әсер алдым. Орындаған әндері жанымды тербетті. Жайлауда жүргендей күйге бөлендім. Домбыра үйренемін деген талабым ұштала түсті. Музыкалық колледжде Ербол Айтбаев, Амангелді Қожанов, Медғат Манапов сынды танымал әншілерден дәріс алдым. Павлодардағы Иса Байзақов атындағы филармонияда қызмет етіп жүргенімде Ербол Айтбаев ағамыз көп қолдау көрсетті. Қазіргі уақытта Астанадағы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жанындағы ансамбльдің солистімін.

– Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, талай додаларда топ жарып жүрген Дәуренбектің шәкірттері бар ма?

– Бұған дейін колледж қабырғасында ұстаздық еттім. Алайда бұл қызметім ұзаққа созылмады. Әншіге сахнада жүрген жарасады. Дәстүрлі әнді сахнада, тыңдарманның алдында дәріптегім келді. Менің ойымша, кез келген өнер адамы шәкірт тәрбиелеу ісін 35 жастан асқан соң қолға алғаны жөн. Бұл кезде адамның ақылы толысады, өмірге деген көз-қарасы қалыптасады, өнер туралы пікірі жүйеленеді.

Негізінде ұстаз шәкіртті іздемей, шәкірт ұстазды іздеп тапқаны абзал. Ел-елді аралап, шәкірт іздеп кететіндер де баршылық. Бұл – өнерге көлеңке түсіретін қылық. Өнерпаз қаншалықты қиындық көрсе, соншалықты еңбекқор, ізденімпаз болады. Өнер жолын бастамай жатып, жайлы өмір, майлы дастарқанға тап болған өнерлінің бойы да, ойы да өспейді, ісі де, ізі де өнбейді. Ұстаздың іздеп тапқан шәкірті “Өзің мойныңа алып, адам қылам дедің!” деп кеуде кернеп, жауапкершіліктен қашса, ұстаздың алдына өзі келген шәкірт кәсіби шеберліктерді меңгеруге барын салып, алға ұмтылады. Ұстаздың мәртебесі де сақталады, өнер де өрге қарай қадам басады.

– Дәстүрлі ән – екінің бірінің, егіздің сыңарының еншісіне бұйыра бермейтін қазақ өнерінің негізгі саласы. Оның дамуына көңіліңіз тола ма?

– Ұлтымыздың аса бай ән өнерін да­мытуға Абай Құнанбаев бастаған, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Нартай, Кенен сияқты халық композитор­лары өл­шеусіз үлес қосып, оны сапалық жағынан жаңа биікке көтерді. Олардың мол шығармашылық мұрасы қазақ операсы мен балетінде және классикалық музы­калық туын­дыларда кеңінен пайдала­нылып, әлемнің ең әйгілі му­зы­катану­шы­лары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Біздің елімізде Арқа, Жетісу, Маңғыстау, Сыр өңірі, Батыс Қазақстанның дәс­түрлі ән мектептері қалыптасқан. Одан бөлек Қытай мен Моңғолияда тұратын қандас­та­рымыздың дәстүрлі әнге деген ықыластары ерекше. Әр өңірдің әдет-ғұрпы сияқты әр мектептің ән айту ерекшеліктері болады. Ән орындағанның мақамына қарап, қай мектептен шыққанын аңғарасың.

Арқадағы ән орындау стилі кеңінен насихатталғаннан болар, биік деңгейде дамып кеткен. Арқа өнері Ақан сері мен Біржан салдан басталады деп жатамыз. Екеуінің де кіндік қаны қызырлы Қызылжардың қарабарқыт топырағында тамған. Осыдан-ақ солтүстіктің киесін пайымдауға болады. Кез келген салада ұрпақтар сабақтастығы кеңінен көрініс табуы керек. Дәстүрлі ән саласындағы сабақтастыққа көңілім толады.

– Қазіргі әншілердің көбі дауысын таспаға, түр-тұлғаларын бейнебаянға түсіруге әуес. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Ұстаздарымның айтуынша, өз кемшіліктеріңді түзеп отыру үшін айтқан әніңді үнтаспаға жазып алу қажет. Ал кейбір әншілердің айтқанына қарағанда, таспа қалдыруға асықпаған дұрыс. Уақыт өте келе есті әндер өздігінен жазылып, лентада қалады.

Менің ойымша, жасың жиырмадан асқан соң даусыңды үнтаспаға жазып қалу қажет. Ербол Айтбаев ағамыз: “Жас кезімде өз шығармашылығыма немқұрайлы қарадым. Жалындаған кезімде айтқан әндерім сақталмапты. Соған өкінемін”, – деп еді бір шарада. Қазір заманның дамыған кезі. Дәстүрлі әншілер де технология игіліктерін мейілінше мол пайдаланулары керек. Олар әлеуметтік желіде белсенді болса, көптің назары сол кісілерге ауады емес пе? Бұл төл өнерімізге деген құрметті арттырады.

Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, Манарбек Ержанов сияқты өнер шыңын бағындырып, қазақ ән дәстүрін қалыптастырып, келер ұрпаққа жеткізген тұлғаларымыздың жас кезінде қалай ән орындағанын білмейміз. Өткен күннің лентасында қалған дауыстары елуден асқанда ғана жазылған. Сондықтан болар ізденіс үстінде біраз қиналып қалатынымыз бар.

– Өнер жолы сіз үшін қандай жол?

– “Өнер жолы – ауыр жол!” деп жатады. Бұл пікірмен келісемін. Меніңше, әншілік тазалық пен адалдықты талап етеді. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі өнерімізге деген адалдығымызды өлтіріп алмау керек.

Дастарқан басында “жұрттың баласы”, көршікөлемнің өмірі айтыла басталғанда атам “Тәйт!” деп тыйып тастайтын. Қазіргі уақытта кез келген жайтқа ұлттық мінезбен қарайтын қарттар азайып кетті. Әлеуметтік желіге кірсең, “Анау үйленді”, “Мынау ажырасты”, “біреуі ұлды болды”, “екіншісі айыппұл арқалады” деген арзанқол ақпараттан көз ашпайсың. Ол аз десең, ішкен-жегенін жариялайтын әншілер көп. Көпке топырақ шашпаймын. Абайдың жырын, Ақанның әнін, Динаның күйін, үш бидің даналығын, бес арыстың даралығын, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттап жүрген замандастарымыздың жазбалары жаныңды жадыратады. Әттеген-ай, бұндай еңбектер бағаланбайды.

– Неден түңілесіз? Неге сүйсінесіз?

– Абай атамыз айтқандай, “толық адам” деңгейіне жетпей отырғанымызға күйінемін. Жетпеу былай тұрсын, оған жетуге талпынбайтындар көп. Ішімнің күйетіні – осы. Адалдық, бауырмалдық, адамгершілік, көпшілдік, кеңпейілділік, шынайылық уақыт өткен сайын жоғалып бара жатыр. Бұл – қазақы болмысымыздың жойылып жатқанының белгісі. Адамның ерекшелігі – табиғат берген қасиетінде. Соны түсіну керек.

“Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс”, – дейді қазақ мақалы. Бір көргеннен есінде сақтап, “Ассалаумағалейкум!” деп құшағын айқара ашатын адамдардың көптігі жанымды жадыратады. Адамға хал сұрап, амандық тілегеннен басқа ештеңе керек емес.

– Дәуренбек өнерді таңдамағанда қай саладан табылар еді?

– Мен еркін күреспен айналысқанмын. Өнер өкілі болмағанда спорттан табылатын едім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp