Петропавлда дәстүрлі “Үздік ауылдық мәдениет мекемесі” облыстық байқауы қорытындыланып, гала-концерт өтті. Биылғы байқау көрнекті қаламгер, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналды. Оның аясында 27 қазан мен 6 желтоқсан аралығында аудан орталықтарындағы Мәдениет үйлерінде концерт, көрме ұйымдастырылып, өнерпаздарға қазылар алқасы баға берді.
“Үздік ауылдық мәдениет мекемесі байқауының мақсаты – бабадан мирас болған асыл мұраны насихаттау, жас таланттарды анықтау, өзіндік ерекшелігі бар ұжымдар мен орындаушыларды қолдау, шығармашылық жетістіктерді паш ету. Қазылар алқасы ұсынылған бағдарламаның тақырыбына, көркемдік және кәсіби деңгейіне, өнерпаздардың орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениетіне, сахнаның талғаммен безендірілуіне мән берді. Қызылжар даласын дүбірлетіп, әр ауданды ән мен жырға бөлеп, бір айдан астам уақытқа жалғасқан шараларда жалпы саны 3 мыңдай өнерпаз сахнаға шықты.
Гала-концертте әр ауданнан іріктеліп алынған шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Дүбірлі додада үздік деп танылған 5 мәдениет мекемесіне жүлделі орындар берілді. Жүлделі үшінші орынды Тайынша және Шал ақын аудандары еншілеп, 750 мың теңге сыйақыға ие болды. Екінші орынның 1 миллион теңгелік жүлдесін Тимирязев ауданының өнерпаздары иеленді. Ақжар ауданы бірінші орынға табан тіреп, 2 миллион теңгелік сыйақыны қанжығасына байлады. Бас жүлде Есіл ауданының өнерпаздарына бұйырып, оларға 3 миллион теңге табысталды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.