«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мағжанның жайнамазы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі құнды жәді­герлердің бірі – Алаштың ардақты перзенті, ақын Мағжан Жұмабаевтың жайнамазы.

Жайнамаздың көлемі әдеттегі­дей шағын. Шамамен 1,50 х 0,50 метр. Ұзақ жыл үздіксіз пайдаланыл­ғандықтан тесіліп, үш жеріне матадан жамау жапсырылған. Жәдігердің сәждеге маңдай тиер тұсында Ыс­танбұл қаласындағы ең көне ғимарат – Айя София мешітінің ХІХ ғасырдағы бейнесі салынған. Соған қарағанда бұл түрік бауырларымыз жасаған бұйым болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ қос қапталы сәнді оюмен көмке­ріл­ген. Ою-өрнек стилін білетіндер бұл османлы түркілік дәуіріне тән, сәндік бейнелеу өнері дейді. Өйткені жо­ғарыдағы Айя София ғимаратының ішкі көркем безендіру үлгісі дәл осы­ған ұқсас. Жайнамаздың аяқ пен тізе тиетін аумағы ғибадат үйінің мих­рабын бейнелейтін суретті ою­лар­мен көмкеріліпті.

Музей мамандары бұл бұйым шамамен ХХ ғасырдың басында жасал­ған деген болжам айтады. Жайна­мазды сары майдай сақтап, жоғалт­пай бүгінге жеткізген адам – Мағжан­ның туған інісі, Сәлімжанның баласы Тасболат Сәлімжанұлы Бекенов. Ол 2003 жылы Мағжанның туғанына 110 жыл толғанда жайнамазды музейге тапсырған.

“Біздің аталарымыз өте діндәр адамдар болған. Үлкен атамыз Жұ­мабай – бес рет қажылыққа барған кісі. Ол бұл жайнамазды Меккеден әкел­ген. Анам Бибізайыптың айтуын­ша, Мағжан ақын бес уақыт намазын қаза қылмаған. Құранды да тез жаттап ал­ған екен”, – депті Тасболат Сә­лім­жанұлы “Алаш айнасы” газетіне бер­­ген сұхбатында.

99 жасқа келіп дүние салған Би­бізайып апамыз жайнамазды көзінің қарашығындай сақтапты. Өзі де бес уақыт намазын осы алтын түсті қым­бат матадан тоқылған жайнамаздың үстінде оқыған.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp