«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТАЛЬГО” ПОЙЫЗЫ ТОҚТАМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов пен Көлік министрі Марат Қарабаевтың қатысуымен жол саласы мәселелеріне арналған алқалы жиын өтті.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет елді мекендердегі жергілікті маңызы бар жолдар мен көшелерді ретке келтіруге 38 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, 20 млрд. теңге жергілікті желіні дамытуға жұмсалғанын жеткізді. Қалпына келтірілген жолдардың жалпы көлемі 700 шақырымды құрайды. Ленинград – Дәуіт, Саумалкөл – Новоишим, Рождественка – Архангелька – Покровка учаскелерінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Облыс орталығында ұзындығы 58 шақырым болатын 47 көшені жөндеуге 8,8 млрд. теңге жұмсалған.

Биыл облыстың жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге, қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 12 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, 94 пайызы игерілген.

Ғауез Торсанұлы туристік аймақтағы жолдарды дамытуға қосымша қаражат бөлінетінін атап өтті. Облыс орталығында Есіл өзені арқылы өтетін көпір мен айналма жолдың құрылысы басталмақ. 2024 жылы Жезқазған – Петропавл жолының Сергеевка қаласы және Дружба елді мекені арасындағы учаскесін жөндеуге қаражат бөлінеді.

Көкшетау– Омбы жолының учаскесі қаржыландырылмақ. Петропавл – Алматы бағытындағы “Тальго” жүрдек пойызының қозғалысын сақтап қалудың мүмкіндіктері қарастырылмақ.

Облыс әкімі жауапты ведомство басшыларына жол жөндеу жұмыстарына алдын ала дайындалу қажет екенін ескертті.

Көлік министрі мемлекеттік органдар алдында Президенттің республикалық маңызы бар жолдардың нормативті жағдайдағы үлесін 100, ал жергілікті жолдардың жарамдылығын 95 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша атқарылатын міндеттерді баяндады.

“Тальго” пойызы Петропавл – Алматы бағыты бойынша жүріп тұрған. Бірақ экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан, өз жұмысын тоқтатқан. Дегенмен 15 желтоқсаннан бастап Астана – Петропавл бағытында қайтадан қатынай бастады. Жұртшылықтың сұрауымен келесі жылдан Петропавл – Алматы бағыты бойынша қозғалысты қамтамасыз етеміз. Мемлекет тарапынан субсидияланады”, – деді салалық ведомство жетекшісі Марат Қарабаев.

Көлік министрі мен өңір басшысы бірлескен хаттамаға қол қойып, проблемаларды ақылдаса отырып шешуге уағдаласты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp