«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ҚИЯРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығындағы бірқатар стратегиялық маңызды нысандарды аралады. Алдымен №2 жылу-электр орталығына барып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысып, “СевКазЭнерго” АҚ-ның бас директоры Анатолий Казановскийдің есебін тыңдады.

Қазіргі таңда кәсіпорында 24 тәулікке жететін көмір қоры жинақталған. 6 қазандық үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтуде, көмір кестеге сай жеткізілуде.

“Сақылдаған сары аяз күндері 10 қазандық агрегаты іске қосылды. Желтоқсан айының соңына дейін 100 мың тонна көмір жеткізілмек. Сонымен қатар биыл акционерлік қоғам инвестициялық бағдарлама аясында күрделі жөндеу жұмыстарына 11 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсады. Төрт қазандық резервте тұр, біреуі жаңартылуда”, – деді Анатолий Казановский.

Келесі жылы 2 қазандық пен 3 турбоагрегатты қалпына келтіру, мұржа салу жоспарланып отыр. Бұл мақсаттар үшін 14,1 млрд. теңге қарастырылған.

Өңір басшысы “Горгаз-сервис” серіктестігінде болды. Бүгінде ол қаладағы 758 көпқабатты үйді, яғни 56 мың абонентті көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отыр. Өткен аптада болған қатты суық салдарынан кейбір баспаналар газсыз қалған болатын. Қазір жағдай реттелді. Облыс әкімі жауапты мекеме басшыларына мәселені ұдайы бақылауда ұстап, оқыс жағдайлардың қайталанбауын тапсырды.

Газбен жабдықтаушы компанияның пропан шығаратын шағын зауыт салу жобасы бар. Жақсы идея жүзеге асқан жағдайда жергілікті жерде өндірілетін пропанмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ғауез Торсанұлы өңір үшін маңызды жобаны іске қосуға қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

Облыс орталығында орналасқан жаңа инновациялық жылыжай алғашқы өнімдерін бере бастады. Өңір басшысы жылыжайдың жұмысымен танысты. Мұнда күн сайын 6 тоннаға дейін қияр жиналады, толық қуатында жұмыс істегенде өнімділік 16 тоннаға дейін артатын болады.

“Солтүстік өңір үшін жылыжайдың болуы – қажеттілік. Жергілікті тұрғындардың тәулігіне 50 тоннаға дейін қияр тұтынатынын ескерсек, сұраныстың үштен бірі өтеледі деген сөз. Ең бастысы, сауда орындары жаңа піскен көкөніспен жыл бойы қамтылатын болады әрі импортқа қарағанда бағасы арзанырақ”, – деді Ғауез Торсанұлы.

“Зеленый север” серіктестігі жобаны қаржыландыруға 1,4 млрд. теңге инвестиция құйған. Бұдан бөлек, 5,8 млрд. теңге “Солтүстік” ӘКК тарапынан жеңілдетілген несие түрінде берілді. Мемлекет инженерлік желілерді тартуға көмектескен.

Озық технологияларға негізделген жылыжай кешеніне Нидерланды елінің заманауи қондырғылары орнатылған. Кешеннің өз микроклиматы бар, бүкіл үдеріс компьютер арқылы басқарылады.

Жалпы жаңа жылыжайда жылына 3 мың тоннаға жуық қияр, қызанақ жиналмақ.

Гүлнәр ҚАЛИЕВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp