Облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Тұлғалар тағдыры – өлке тарихы” деген атаумен ұйымдастырылған ғылыми конференция биыл туғанына 275 жыл толған ақын Шал ақын (Тілеуке) Құлекеұлының өмірі мен шығармашылығына арналды. “Асыл мұра” орталығы өткізген іс-шарада Шал ақынның өз заманының дүлдүлі болғаны, қазақ ауыз әдебиетінде Шалкиіз, Қазтуған, Асан қайғы,Бұқар жырау, Тәттіқара, Доспамбет сынды сүлейлермен қатар орын алатыны айтылды.
Конференцияға қатысқан қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері Шал ақынның мұрасын кеңінен насихаттау жолдарын ұсынды.
“Түседі өлең десе қайғы-шерім,
Шығады айқайласам ащы терім.
Басылмас ауызымды ашқан,
мен бір көрік,
Барады ықыласыңа көңілім еріп”, – деп жырлап өткен Шал ақынның өлеңдерінде өзі өмір сүрген замандағы әділетсіздік, теңсіздік, адам, қоғамдық қатынастар жөніндегі көзқарастары анық көрінеді.
– Ақынның өлеңдеріне өзек болған ғибратты сөздер, философиялық терең тұжырымдар, жақсы мен жаман, асыл мен жасық, адам өмірінің қалтарысы мен бұлтарысы жөніндегі толғамдар қазіргі жастардың өмірлік ұстанымдарына айналуы керек, – деді жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов.
Жиында сөз алған Ахметжан Қуантаев, Зылиқа Бимақанова, Жазира Көкбас, Жарқын Жұпархан сынды руханият өкілдері мен Құлеке батырдың ұрпағы Мұрат Жантілеуов Шал ақынның шығармашылығы мен қанатты ойларын зерделеп, саралауға тырысты.
– Біздің ауданымыз 1928 жылы Төңкеріс, 1940 жылы Октябрь деп аталды. 1963 жылы Сергеевка ауданы болса, 1999 жылдан бастап Шал ақын атанды. Ауданда ақын атындағы музей бар. Оның сөресіне ардақты тұлға ғұмыр сүрген замандағы жәдігерлерді қоюға тырыстық. Ақынның портреттері мен кітаптарын тамашалайтындар көп, – дейді Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Маржан Таушарова.
Оның сөзінше, Шал ақынның шығармашылығын насихаттау үшін мәнерлеп оқу байқауларын жиі ұйымдастырған жөн.
Конференцияға қатысқан меймандар болашақта Петропавлдағы көшелердің біріне Шал ақынның есімі берілсе деген ой айтты.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.