«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕРДІ ТОЛҒАНДЫРҒАН ТҮЙТКІЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге жұмыс сапарымен сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова келді. Ол облыстық кәсіпкерлер палатасында тұрғындармен және бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, қазіргі міндет ішкі сауданы, сауда-экономикалық интеграцияны және шикізаттық емес экспортты дамытуға бағытталған.

Кездесуге жергілікті кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, қоғамдық кеңестер және азаматтық сектор өкілдері қатысты.

“Қазіргі уақытта елімізде сауда инфрақұрылымының заманауи форматын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Электрондық және биржалық сауданы дамыту бойынша тыңғылықты шаруа қолға алынған”, – деді вице-министр.

Мамандар жиында нарықтағы тұрақсыз баға, “сұр” экспортқа қатысты мәселелерді көтерді. Кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті тауар өндіруші компаниялар сырттан келетін арзан тауарға бәсекелес бола алмай отыр. Бұл – баға мен тауарлар қойылатын орынға тікелей байланысты.

“Қазір ет, сүт өнімдерін саудалаумен айналысатын компаниялар банкроттықтың аз-ақ алдында тұр. Отандық өнімді көбейтейік, бәсекеге қабілетті болайық дегенді жиі айтамыз. Алайда осындай қиын жағдайда Үкімет тарапынан көрсетілетін көмекті сезініп отырғанымыз жоқ. Бізде қазір Ресейден шошқа етін әкелуге тыйым салынған. Соған қарамастан көрші мемлекеттен шұжық өнімдері жеткізілуде. Мұндай заңсыздықтар жергілікті серіктестіктердің жұмысына қолбайлау болуда. Біз қайта өңдеуші компаниямыз. Бірақ мемлекеттен субсидия да ала алмаймыз”, – дейді “Казмясопродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Нұргүл Әбдірханова.

Бүгінде Петропавлда бірнеше ет комбинаты жұмыс істейді. Кәсіпкерлер шетелдік тауарлардың көзге бірден түсетін жақсы жарақтандырылған сөрелерге қойылатынына өкпелі. Айжан Бижанова сапасы күмәнді өнімдерді дүкен сөрелерінен алып тастау керегін айтты.

“Аумақтық департамент мамандары және қоғам өкілдері жиналып сауда орындарындағы тауарлардың сынамасын алуы керек. “Сапалы өнім” жобасы аясында тауар сапасы талапқа сәйкес болмаса, онда күмәнді өнімді сөрелерден алып тастау қажет. Жергілікті мамандардың бұл олқылықты анықтауға мүмкіндігі бар, соны барынша пайдалану маңызды”, – деді Айжан Бижанова.

Кездесуде тұрақтандыру қорына өткізілетін жұмыртқа бағасы және өнім көлемін арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі арнайы мамандардың қатысуымен тауарларға қатысты анализ жүргізілгенін, тізім қажеттілікке сай құрылғанын атап өтті.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp