«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРТЫНДА ӨШПЕС ІЗ ҚАЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы об­лыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Ауыл өмірінің жаршысы” деген атаумен өткен еске алу кеші биыл туғанына 85 жыл толған қаламгер Ермек Қонарбаевтың өмірі мен шы­ғармашылығына арналды.

Әңгіме жазуды мектеп қабырға­сынан бастаған қаламгердің алғаш­қы туындысы 1959 жылы “Мәдениет және тұрмыс” журналында басылса, тұңғыш кітабы 31 жасында Алматы­да жарық көрген. Жазушы өз шығар­маларына көрген, естіген оқиғала­рын, ел тіршілігін, табиғат сурет­терін, тәлім аларлық жайттарды арқау еткен.

Кештің шымылдығын “Асыл мұра” орталығының қызметкері Дәс­тен Баймұқанов әсем әнмен түріп, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарас­бай Сүлейменов, жазушының неме­ре інісі Абылай Балтабаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жан­келді Тәжин, шәкірттері Зәуреш Қайырбекова, Зарап Құрманқұлов сөз сөйлеп, жерлесіміздің шығарма­шылығы мен көзі тірісінде атқарған игі істеріне терең бойлады.

– Ермек аға өте ақжарқын, білімді болды. Өнер десе ішер асын жерге қоятын. Домбыра да тарта­тын, баянда да ойнайтын. Кез келген шараны мәнді-сәнді өткізетін. Ол кісінің қарапайымдылығы менің жадымда ерекше сақталып қалыпты. Қазақ тілін терең оқытып қана қой­май, өнерге баулыған ұлағатты ұста­зымыздың өмірі қамшының сабын­дай қысқа болса да, көп шәкірт тәр­биелеп, қазақ әдебиетінің қоржыны­на мол олжа салды, – деді Зәуреш Қайырбекова.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы “Foundation” факультетінің тыңдау­шы­ла­ры Жандос Аманбек, Ақсұңқар Өмірбек қаламгердің “Ақ қайың”, “Мәйкен-ай!” өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. “Ермек Қонарбаевтың “Туған жер” деген бас-аяғы төрт бет­тей ғана шап-шағын әңгімесін қайта-қай­та оқи бергің келеді. Жас автор­дың ой түйіні салған жерден көңіліңе қонады. Сол көңілді бөлер көрікті ойды төкпей-шашпай, сылап-сыр­­лап, әп-әдемі жеткізгені үшін жазу­шыға қатты риза боласың. Қызыға да қызғана қарайсың. Қызғанатының – сол тақырыпты сенен бұрын тауып жазып қойғаны, қызығатының – жас талапкердің жіті байқағыштығы, се­зім­талдығы керемет”. Бұл – жазу­шы Сайын Мұратбековтің Ермек аға­мыз­дың шығармашылығы тура­лы жазған жүрекжарды лебізі. Ша­рада қаламгердің ауыл өмірін суреттеген шығармалары сараланды.

– Алдында ағасы, артында інісі болмай, жалғыз өскен соң анамыз Ер­мектің атын атамай “Жалғызым!” – деп еркелететін. Әдебиеттің көрнек­ті өкілдері Герольд Бельгер, Жарас­бай Нұрқанов, Ермек Қонарбаев үшеуі – Ленин орта мектебiнің алтын медальмен бiтiрген алғашқы түлек­тері. Ауыл өмірін қаламына арқау ет­кен қаламгер ағамыздың әр әңгіме­сінен Көктерек, Ыбыраев елді ме­кенде­рі­нің тарихын оқып отырғандай таңға­жайып күй кешемін, – деді қаламгер­дің қарындасы Әзкен Са­дықова.

Кездесуде жазушының қызы Нұр­лыгүл Досанова сөз алып, осын­дай рухани шара ұйымдастырған кітап­ха­на ұжымына, әдебиетсүйер қа­уымға ризашылығын білдірді. Жиынға қатысушылар талантын Са­фуан Шаймерденов, Ғабдол Сла­нов, Мұзафар Әлімбаев, Ғафу Қайырбеков, Әбділда Тәжібаев, Тұ­манбай Молдағалиев бастаған қа­бырғалы қаламгерлер жоғары баға­ла­ған жер­лесіміздің кітаптары топ­тастырыл­ған көрмені тамашалады.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp