Осыдан үш жыл бұрын жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа белесі – дербес бюджеттің енгізілуі ауылдық округтердің де қаржылық мүмкіндіктерін ұлғайтып, тұрғындар үшін маңызы бар мәселелерді бірінші кезекте шешудегі рөлі айтарлықтай күшейтілді. Бұдан былай қауымдастықпен бірлесе, ақылдаса отырып, төртінші деңгейлі бюджеттің негізгі салық түрлерін қажеттілікке қарай жоспарлап, жұмсай аламыз. Бұл орайда елді мекендердің жолдары мен көшелерін қалпына келтірудің, жарықтандырудың, көгалдандырудың маңызы айрықша. Аудандық мәслихаттың Новосел ауылдық округінің 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін бекіту туралы шешімінің жобасы “Электрондық үкімет” порталында жарияланып, жұртшылыққа кеңінен таныстырылды. Кірістер – 37060 мың, салықтық түсімдер – 11580 мың, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер – 2365 мың, трансферттер 23113 мың теңге болып бекітілді. Бұл қаражат жеке тұлғалардың мүлкінен, жер учаскелері негізінде жеке және заңды тұлғалар, көлік құралдары, табиғат және басқа да ресурстарды пайдалану, коммуналдық мүлікті жалға беру, жер учаскелерін сатуден түсетін түсімдер есебінен қалыптасады. Бұдан бөлек, аудандық бюджеттен жұмсалатын субвенция мөлшері – 16223 мың теңге. Қаржы жергілікті қазынаға тікелей құйылатындықтан, қиындықтар мен мәселелерді еңсерудің жолдары жеңілдей түскенін аңғаруға болады. Бұрынғыдай қит етсе, ауданға жалтақтау, алақан жаю секілді масылдық пиғылдан арылып, керісінше салық жинау үрдісін ширатудың жолдары жан-жақты қарастырылып отырады. Салық молайса, әлеуметтік мәселелер қал-қадірінше шешілетінін тұрғындар да, салық төлеушілер де жақсы түсінеді. Бұрындары жолдарды қардан, көшелерді қоқыстан тазалауда шаруашылықтарға тәуелді болушы едік. Қазір ондай кіріптарлық жоқ. Жауапкершілігіміз бен дербестігіміз барынша артты.
Президент “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында алдағы жылдарға жоспарланған саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың негізгі бағыттарын белгілеп, бюджет саясатына айрықша тоқтала келіп, “бюджетті басқарудан” “нәтижелі басқару” арқылы осы саланы реформалауды тапсырды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар, яғни, бюджет саясатының жаңа мүмкіндіктері мен тәсілдерін тәжірибеге енгізу шаралары қыруар. Экономиканың әртүрлі секторларында сараланған салық ставкалары нақтыланған жаңа Салық кодексі қабылданды. Ең төменгі жалақы деңгейін көтеру туралы шешім алынды. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесі көбейтілді. Сонымен қатар әлеуметтік сұраныс ескеріле отырып, бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жарым жылға дейін ұзартылды. Үкіметке бірнеше министрлік пен аймақтар үшін қанатқақты режімде толық бөлшектенген бюджет жобасын енгізу міндеттелді. Бұл ретте алдымызда бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгертудің өзекті мәселесі тұр. Жаңа экономикалық үлгіге көшу бюджет саласындағы дербестікті айқындап берді. Мәселен, корпоративтік табыс салығынан және басқа да төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтижесін көрсетті. Жолдауда былтыр өңірлер табысының өсімі 30 пайыздан асқаны айтылды. Енді реформаның келесі кезеңінде осы норма өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолданылмақ. Сонда фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға төмендемек. Қазір бұл көрсеткіш – 50 пайыз шамасында. Сондай-ақ аудан әкімдеріне бюджетті басқару құқығын беру арқылы жергілікті жердегі мәселелерді жедел шешу көзделген. Ал жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығы аймақтардың өздеріне берілсе, бизнестің де дамуына үлкен серпіліс әкелері сөзсіз. Мұның өзі барлық деңгейдегі әкімдіктер бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшкен кезде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы мен тиімділігі ұшан-теңіз болмақ.
Жолдауда атап көрсетілгендей, азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының көзі. Яғни адамның қажеттілігі әрдайым басты ұстаным болуы тиіс. Оған округ әкімі мен оның аппараты қызметінің жыл сайынғы саралау қорытындысында көз жеткізіп келеміз. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында ауыл тұрғындарының сын ескертпелері мен ұсыныстарын дер кезінде ескерудің мәні ерекше. Округ құрамына енетін үш елді мекеннің 1908 тұрғынына 451 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олардан келіп түскен 40 өтініш жан-жақты сараланып, заңнамада белгіленген тәртіппен қаралды. Әлеуметтік қолдау тетіктері назардан тыс қалған емес. Округте 8 дүкен,1 тамақтану орны, 2 дәріхана, 2 монша, фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Округ мамандары апта сайын нан мен негізгі азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізіп отырады. Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер қолжетімді бағамен сатылады. Мәселен, “Астық-Привольный” ЖШС-ның наубайханасында бір бөлке нанның бағасы – 120 теңге. Абаттандыру бағдарламасы аясында 572 аула қамтылып, 2288 тонна қоқыс шығарылды. Бұрынғы ФАП ғимараты, апатты үй бұзылып, көгалдандыру жұмыстарына 1 млн. теңге жұмсалды. Көшелерге санация әдісімен 16 млн. 700 мың теңгеге су құбыры тартылды. Облыстық маңызы бар жолдар бойымен автобус маршруттарының үздіксіз жүруі ұдайы қадағаланады.
Жекелеген шаруашылықтардың демеушілік көмегін айтпасқа болмайды. “Содружество-2” серіктестігі Новосел мектебінің қоршауын, акт залының сахнасын жөндеп, музыкалық аппаратура, “Балдәурен” шағын орталығына ойыншықтар сатып әперді. “Солтүстік – 2023” қысқы ойындарын өткізуге қаражат бөлді. “Алмаз” ШҚ Мұқыр ауылында орналасқан екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың құрметіне қойылған ескерткішті қалпына келтірді. “Астық-Привольный” серіктестігі жас отбасыға жаңа баспананың кілтін тапсырды. Юрий мен Редина Қорған мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. Бірі – зоотехник, екіншісі – бағдарламашы. Осы серіктестік басшылығы “Туған жердің қадыр-қасиеті” атты тақырыппен өткен оқушылар арасындағы шығармашылық байқауға да демеуші болды.
Жолдауда ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдаудың маңыздылығы атап көрсетілді. Округ бойынша 6 серіктестік, 33 шаруа қожалығы 47252 гектар алқапқа астық өсірумен айналысады. “Астық-Привольный” ЖШС тамшылатып суару әдісін қолданысқа енгізе бастады. Мұнда тауарлы-сүт фермасы бар. “Колос” ФШ-да да асыл тұқымды ірі қара өсіріледі. “Asyl Elevator” ЖШС-ның озық технологияларға негізделген қайта өңдеу қондырғысын іске қосты. Округте экономикалық белсенді халық ретінде 1052 адам тіркелсе, көбі жергілікті шаруашылықтарда еңбек етеді. Қоғамдық жұмыстарға 14 адам тартылып, “Атаулы әлеуметтік көмек” бағдарламасы бойынша 5 отбасы қамтылды. Екі отбасы жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Қарттар мен мүгедектер күні айлығы барысында 2 млн. 860 мың теңгеге демеушілік жасалды. Базалық шаруашылықтар есебінен мектеп оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа “Содружество-2” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 1 млн. 130 мың, “Астық-Привольный” серіктестігі 1 млн. 340 мың теңге бөлді. Сонымен қатар мектептерге 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берді.
Президент адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасатынын айта келіп, жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету үшін оларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жазаны күшейтуді алға тартты. Біз осы талап үдесінен көрінудің барлық жолдарын қарастырып отырамыз. Учаскелік полиция инспекторының бастамашылдығымен елді мекендерде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу тұрақты негізде жүргізіледі. Алкоголь өнімдерін заңсыз өткізуді анықтау үшін 12 рейд ұйымдастырылды. Аз қамтылған 4 және қолайсыз 6 отбасы тұрақты назарымызда. Мереке күндері, сондай-ақ, кешкі және демалыс уақыттарында жастар көп жиналатын жерлерде, қоғамдық орында мас күйінде жүрудің – 10, елді мекендерде абаттандыру ережелерін бұзудың – 60, бұзақылық жасаудың 5 фактісі анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Есепті кездесулерде көтерілген Новосел ауылындағы су құбыры желісін жөндеуді жалғастыру, су құбырын санациялау жұмыстарын аяқтау, үй жануарларын вакциналау, Новосел мен Мұқыр елді мекендері арасындағы жол жиектерін қалпына келтіру, қауіпті учаскелерге жол белгілерін орнату, Привольный ауылында жастардың би алаңын салу, дәріхана ашу, тұрғындарды флюрографиялық тексеруден өткізу, тағы басқа мәселелер оң шешімін тапты.
Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Бұл орайда жастарымыз ең ізгі қасиеттерді бойына сіңірсе, сенімнің ақталғаны. Округте саламатты өмір салтын орнықтыруға үлкен көңіл бөлінеді. Спортшыларымыз аудандық, облыстық жарыстарға белсенді түрде қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Президенттік көпсайыс бойынша жалпы командалық – 1, “Ақ бидай” жазғы спорт түрлерінен 5 орын иеленді.
Келесі жылға арналған іс-қимыл жоспары жасалды. Алға қойған міндеттерді тиянақты орындау бұлжымас талап болып саналады.
Сергей СПАСИБУШКИН,
Новосел ауылдық округінің әкімі.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.