«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлтаралық араздыққа жол жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанда соңғы жылдары этносаралық қақтығыс тараптарын татуластыруға, табыстыруға, ортақ мәмілеге шақыруға үлкен мән беріліп, дау-жанжалдарды түрлі жолдармен реттеуге көмектесетін этномедиатор мамандар пулының пайда болғаны қуантады.

Көп жыл облыстық азаматтық істер сотының судьясы болып істегендіктен, бұл сала маған жақсы таныс. Бүгінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрайымы бола жүріп, біраз тәжірибе жинақтадым. Бір жағынан, “Қоғамдық келісім” КММ-де медиация бойынша жетекші сарапшы қызметіндемін. Этномедиатор деген мәртебеге иемін. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында орналасқан медиация кабинетінде жұртшылықпен жиі кездесеміз, түрлі тұрмыстық, қоғамдық оқиғаларды шешуге қатысамыз, осылайша елдегі медиация институтын дамытуға қал-қадірімізше үлес қосып келеміз.

Бір аңғарғаным, этносаралық қақтығыстарды тігісін жатқызып, байыптылықпен реттеу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Әйтпесе әртүрлі этностардың өкілдері арасындағы кикілжіңнің ақыры түрлі жайсыз жайттарға соқтыруы әбден ықтимал. Семинарларда осы жағына баса мән беріп, жете пайымдап, жеті рет өлшеп, бір рет кесуге тырысамыз. Бітімгершілік, татуласу айтуға оңай көрінгенімен, іс жүзінде шырғалаңы таусылмайтын, кейде сағызша созылатын күйбең тіршілік тәрізді. Жеке медиацияда тараптардың келісімге келуі соншалықты қиын емес. Ал топтық сипаттағы жанжалдардың жөні мүлдем бөлек. Осыдан-ақ бейбітшілік пен ортақ келісімде өмір сүрудің қадір-қасиетін жете сезінгендей боласың. Бәз біреулер екі жасөспірімнің төбелесінен саяси астар іздеп, жағдайды қасақана, әдейі өршітуге бейім. Әрине, медиатор екі жақтың жаға жыртысу фактісін терістей алмайды. Татуластырғаннан кейін себептерін талдап көрсең, қатардағы тұрмыстық кикілжіңнің бірі. Сәл нәрсеге жүз шайысып қалған. Бары осы. Ең бастысы, жанжал реттелді.

Университттердің бірінде мынандай оқиға орын алған екен. Оқытушы оспадарсыз қылық көрсеткен студенттің аудиториядан шығуын талап еткен. Ол өз кінәсін мойындаудың орнына мен басқа ұлттың өкілі болғандықтан әдейі қуғындап тұрсың деп тарпа бас салған. Ең күшті қорғаныс – шабуыл демей ме? Сол шәкірт нашар үлгерімі үшін ректордың бұйрығымен оқудан шығарылған. Басқа қандай себеп болуы мүмкін? Ешқандай да.

Тағы бір мысал келтірейін, “Серпін” мемлекеттік бағдарламасы бойынша оңтүстіктен солтүстікке келген студенттерді қоныстандыру үшін жатақханаларды босату сұралған. Сол-ақ екен, әлдекімдер мәселенің байыбына бармастан жергілікті тұрғындарға ешқандай әлеуметтік жағдай жасалмайды, адам құрлы санамайды деген гөй-гөйлерін шұбырта жөнелген. Мемлекет тарапынан ұсынылатын жоба-бағдарламалардың жеңілдікті тетіктерін білмей жатып байбаламға басудың түп төркіні қай жарға барып ұрындырары белгісіз. Бұл орайда серпіндіктерге көрсетілетін қамқорлықты жергілікті атқарушы органдар алдын ала байыппен түсіндіргенде жағдай осынша ушықпас еді. Міне, этномедиатордың сарапшылық рөлі осындайда айқын білінеді.

Теріс әлеуметтік-экономикалық факторлар, мысалы кедейшіліктің төзгісіз ең төменгі шегі, сонымен қатар шекаралық аймақтардағы қолайсыз жайттар жүйкеге әдеттен тыс ауыр салмақ түсіріп, араздықты қоздырып жіберуі ықтимал. Тіл, дін мәселесінде де абайламаса болмайды. Петропавлдың атауын өзгертуге қатысты ой-пікірлерді таразылап көрсек, саяси, ұлтаралық араздыққа шақыратын популистік ұрандар кездесіп қалады.

Менің пайымымша, кез келген мәселеге, оның ішінде этносаралық қатынастарда тіпті теріс этнонимдік келеңсіздіктерге әсте жол беруге болмайды. Араны ажыратудан гөрі біріктіруге ұмтылсақ, ұтарымыз көп болмақ. Саяси салқынқандылық, идеологиялық ұстамдылық басты идея қазығына айналғанда ғана іштегі қыжылды қазақстандық патриотизм сөсіз жеңіп шығады. Мемлекет тарапынан медиацияны жандандырып, этномедиаторларды оқытуға күш салынып жатқаны сондықтан. Өркениетті елдермен салыстырғанда кейіндеуміз, бірақ бабаларымыз “игіліктің ерте-кеші жоқ”, “үйрен де жирен” деп текке айтпаған. Осыдан үш жыл бұрын Үкіметтің қаулысымен қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Қазір онда этномедиатор мамандары даярланады, қысқаша курстарда білімін жетілдіріп, толықтырады. Мұның бәрі қоғамдық негізде атқарылады. Бір атап өтетіні, классикалық медиацияда медиатордың жұмысын тараптар төлейді. Өз ісіміздің кәнігі маманы болып қалыптасу үшін бірнеше семинар циклынан өту жеткіліксіз. Басқа да мүмкіндіктерді ойластыру қажет. Тұрмыстық жанжалдың этносаралық қақтығысқа айналуының алдын алу жөнінде тәжірибелі мамандардың кеңесі берілсе, артықтық етпейді. “Қоғамдық борышты орындау” деген қастерлі ұғым бар. Осы үдеден көріну бәріміз үшін бұлжымас талап болуы тиіс. Бұған бейтараптық, әр адамның жеке басын көре білу қабілеті, эрудиция, этностардың тарихынан хабардар болу қасиеттері қосылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Инесса ҚУАНОВА,

кәсіби медиатор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp