«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көрерменді баураған қойылым

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында жазушы драматург Николай Гогольдің “Ревизор” туындысы сахналанды. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Барзу Абдураззаков.

Театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазардың айтуынша, ұжым осы қойылыммен Қырғызстан астанасы – Бішкекте өткен фестивальде “Сыншылар көзайымы” номинациясын жеңіп алған.

Қоғамымыздағы келеңсіздіктерді әжуалайтын қойылымның хронометражы үш сағатты қамтиды. Әдетте, театр заңдылығына сүйенер болсақ, спектакль үшін үш сағат үш ғасырмен пара-пар. Бірақ көрермен уақытпен неге санаспады? Керісінше, қойылым уақыты тым аздай көрінді. Оның құпиясы режиссерлік тіл мен актерлік ансамбльдің үйлесімінде жатса керек. Мінсіз драматургиядан бастап, ұтқыр режиссура, шыңдалған актерлік ойын, қойылым ырғағымен үндескен музыка мен би, ұтымды декорация – барлығы өзара үйлесімді. Жымдаса жұмыс істеген сахнагерлердің ішкі тұтастығы көрерменді бірден баурап алады.

Бұл туындының негізгі тақырыбы парақорлық, сыбайлас жемқорлық жайында. Шенділер қалашыққа жақын арада ревизор келетінін естиді. Бірде шыттай киініп келген қонақты ревизормен шатастырып алады. Олар оны тексеруші деп ойлап, асты-үстіне түседі: ақша ұсынады, халықтың жағдайы тамаша деп жалған сөйлейді. Ақыр соңында құрметке бөленген жігіт ревизор болмай шығып, барлығын сан соқтырып, ізін суытады.

“Мен – театрдың тұрақты көрерменінің бірімін. Актерлердің оқиғаны жеткізу әдістері ерекше ұнайды. “Ревизорды” сахналау барысында соны идеялар мен тосын шешімдерге барған режиссер сахна сырын бірден жайып салмады. Соңғы түйінді көрерменнің өзіне қалдырды. Қойылымның тақырыбы қазіргі уақытта да өзекті”, – дейді көрермен Алуа Кеңесбай.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp