«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРБОЛ – ҮЗДІК ПАРА СПОРТШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжардың киелі топырағында өмірге келіп, дүниежүзіне атағы жайылған спортшылар жетерлік. Соңғы жылдары он екі мүшесі сау саңлақтарымыздан кем түспей, еліміздің Көк туын әлемдік аренада желбіретіп жүрген мүмкіндігі шектеулі атлеттер де аз емес. Бұл тұрғыда өңіріміздегі “Үміт” клубының жемісті қадамын атап өткен жөн.

Ербол Хамитовтың есімі теріскейліктерге ғана емес, барша отандық спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс. Тағдырдың жазуымен бір аяғынан айырылған жерлесіміздің жеткен жетістіктері бір төбе. 2023 жылдың басында Швецияның Эстерсунд қаласында пара шаңғыдан әлем чемпионы атанғаны көптің есінде. Ербол бұл жеңісті жолын жалғап, одан кейінгі түрлі додаларда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.

– Өткен жыл мен үшін сәтті аяқталды. Эстерсунд қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында үш бірдей жүлде иелендім. Біреуі – алтын, екеуі – қола медальдар. Наурыз айында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити шаһарында “Solider hollow” атты әлем кубогының кезеңінде бағымды сынадым. Пара биатлоннан 12,5 шақырым қашықтықта күміс, шаңғы жарысында қола жүлдегер атандым, – деген Ербол аталмыш додадан соң бір-ақ ай демалып, қайта жаттығуға кіріскен.

Спортта жетістікке жету үшін тынымсыз еңбектену қажет. Тіпті жазғы уақытта да жаттығуларды тоқтатпаған жөн. Ербол Хамитов жаттығуларын “Үміт” клубының базасында, кейін шетел асып Еуропа елдерінде өткізгенін айтады.

– Биылғы қысқы маусымға дайындықты Еуропада өткізу туралы шешім қабылдадым. Осылайша жаздың 90 күнін Германия, Австрия, Италия және Болгарияда өткіздім. Онда спорттық инфрақұрылым дамыған, содан болар әлем чемпиондарының дені – осы мемлекеттердің өкілдері. Қазақстанға оралған соң да жаттығуларды тоқтатқан жоқпын. Алдымен “Үміт” клубының базасында, “Борки” кентінде роллер дромда дайындалдым, – дейді спортшы.

Өткен жыл жерлесіміздің жеке өмірінде де өзгерістер көп болды. Айтуынша, әлем чемпионатындағы жеңісі үшін жеке қызметтік баспананың кілтін иеленген. Ал жылдың соңында жерлесіміз еліміздің “Үздік пара спортшысы” аталымында жеңімпаз атанды.

– Туризм және спорт министрлігі өткізген шарада “Үздік пара спортшы” атағы берілді. Бұл марапат берілгенде қатты қобалжыдым. Себебі мемлекет тарапынан берілген жоғары баға ғой. Енді алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға тырысамын, – деген Ерболдың мақсаты – Паралимпиадада жүлдегерлер қатарынан көріну. Ербол Хамитов жаттығатын “Үміт” клубы да “Үздік спорттық ұйым” атағын жеңіп алғанын айта кеткен жөн.

– 2022-2023 жылғы спорт маусымында пара атлеттеріміз Азия ойындарында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Пауэрлифтингтен Азияда жүлдегерлер қатарынан көрінді. Еңбегімізді бағалап, бізге “Үздік спорттық ұйым” атағын табыстады. Мұндай марапат әрмен қарай қадам басып, бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге итермелейді, – дейді “Үміт” клубының қызметкері Арман Жәмішев.

Жақында Ербол Хамитов Италияда өтетін әлем кубогының кезеңіне қатысады. Биылғы қысқы спорт маусымының алғашқы жарысы қаңтардың 25-сі күні өтпек. Ал наурыз айында Канадада пара биатлоннан әлем чемпионаты басталады.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp