«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТАЗАЛЫҚ – МЕНІҢ ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫМ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Уәлиханов ауданының жағрапиялық жағынан оңтайлы орналасуы, минералдық, шикізаттық ресурстардың молдығы, жақсы дәстүрлерді қадірлейтін тұрғындардың еңбексүйгіштігі – бұл ауданның ынтымағы мен бірлігі жарасқанын айғақтайды. Үлгі етуге тұрарлық өрелі өзгерістер мен қарымды қадамдар аз емес. Мұның бәрі биік белестерге жігерлендіреді, қолтықтасып еңбек етуге үндейді, болашаққа нық сеніммен қарауға жетелейді. 2020 жылдан бері ауданға басшылық ететін, бүгін Пайғамбар жасына толып отырған Қайрат Пішенбаевпен әңгімеміз алға қойған мақсат-мұраттарды жүзеге асыру, ел болып өсіп-өркендеу мәселелеріне арналды.

– Қайрат Сәкенұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында берген “Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек” атты алғашқы сұхбатында еліміздегі тың бастамалар мен қорытындыларға тоқталып, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын белгілеп берді. Қалай ойлайсыз, жұртшылық қоғамды толғантқан мәселелерге толыққанды жауап ала алды ма?

– Көзі қарақты, көкірегі ояу азамат ашық әңгіменің куәсі болғанын толық сеніммен айта аламын. Бүгініміз бен кемел келешегіміздің даму жолдарын тереңнен ойластырған нақты шешімдер мен жоспарлы іс-әрекеттер ғана реформалардың қалтқысыз жүзеге асуына, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға негіз салары анық. Мемлекет басшысы ұзақ мерзімге арналған аса күрделі және өте маңызды міндеттерді еңсеруден бөлек, күнделікті атқарылуға тиісті жұмыстардың да аз емес екенін, мақсатқа жету ел болып, білек сыбана қимылдау қажеттігін атап көрсетті. Кез келген қиындық жаңа мүмкіндіктерге жол ашары даусыз, бұл әлемдік тәжірибеде мойындалған. Саяси мақалада қасіретті Қаңтар оқиғасының орын алуына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болғаны жан-жақты сараланды. Енді жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Олар – еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, іскерлік, бастамашылдық, нағыз отаншылдық сияқты еліміздің қуатын арттырып, табысқа жетелейтін қасиеттер. Әділ де бәсекелі экономика құрудың алдағы бесжылдықтағы даму алғышарттары белгіленіп, саяси жүйені демократияландыруға, өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға батыл қадамдар жасалып отыр. Меніңше, әр қазақстандық өз ісінің білгір шебері ретінде қалыптасса, игіліктеріміз отбасының ғана емес, тұтас мемлекеттің берекесіне айналар еді.

– Президент мемлекеттік қызметшілерге өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана емес, әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатындай болу талабын қойды. Сондай-ақ білімі-білігі, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақтылығы мен тәртіптілігі, Әділетті Қазақстанды құру идеясына адалдығы да әлдеқайда маңызды. Сіз басқа мемлекеттік, саяси қызметтерді, кәсіпкерлік саланы айтпағанда, үлкен сенім көрсетіліп, төрт бірдей ауданға жетекшілік еттіңіз. Жалпы елге, жерге, ұлтқа қызмет етуді қалай түсінесіз?

– Ғұлама Жүсіп Баласағұн былай деген екен: “Кісі­ге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзу­лік. Екіншісі – ұят, үшіншісі – әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт таба­ды”. Қай салада жүрсем де, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени мәселелеріне дендей бойлап, өмір сүру сапасын, әл-ауқатын арттыруды алғы мақсат еттім. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар нысандар (емханалар, мектептер, спорттық кешендер, т.б.) салуға айрықша басымдық берілді. Қоғамның тамырын тап баса білу, адамдардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсіну, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілеттілік таныту барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар үшін бұлжымас қағида болуы шарт. “Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін”, – деген ұстанымды жаңғыртатын кез келді.

Алғашқы еңбек жолым бүгінгідей көз алдымда жаңғырып тұр. 1979 жылы бұрынғы Возвышен ауданына қарасты “Молодогвардейск” кеңшарында мотор жөндеуші болғаным есімде. Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түсіп, экономист мамандығын алып шықтым. Комсомол ұйымындағы, коммерциялық фирмалардағы, банк, кредиттік басқару, ауыл шаруашылығы салаларындағы азды-көпті тәжірибем ескерілген болу керек, 2004 жылы Ақжар ауданының әкімі лауазымына тағайындалдым. Одан кейінгі қызметім Қызылжар, Мағжан Жұмабаев аудандарында жалғасты. Екі жылдай қазіргі “Amanat” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болдым.

Мені кадр саясатындағы реформалардың дәйекті түрде жүргізілуі, атқарушы билік тармақтарына жастардың көптеп келіп жатқаны қуантады. Президенттік жастар кадр резервінің жасақталып, іріктеудің бірнеше сатысынан өткен кәсіби жас мамандар буынының қалыптасуы өте құптарлық. Оларға тәжірибе жетісе бермеуі мүмкін, алайда қарым-қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетулеріне мүмкіндіктер мол. Осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жаңартуға соны серпін берері сөзсіз.

– Мемлекет басшысы Жолдауында Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарын жариялады. Онда 2029 жылға таман ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттырып, 450 млрд. долларға жеткізу көзделген. Ал жақындағы сұхбатында бұл межені бағындыруда макроэкономикалық көрсеткіштерден гөрі азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ деген еді. Жақсы болжамдардың ақиқатқа айналуы жергілікті жерлердегі тапсырмалар мен белгіленген межелердің қандай ауқымда орындалуына да байланысты. Бұрындары даму әлеуеті төмен болып келген Уәлиханов ауданының қазіргі жағдайы қаншалықты өзгерді?

– Иә, табиғаты көркем, ұлттық салт-дәстүрлер берік сақталған аудан кезінде депрессияға ұшыраған аймаққа енгізіліп, қаражат “қалдық принципімен” бөлініп келгені жасырын емес. Соның салдарынан республикалық ведомстволардың тікелей әрі жедел араласуымен шешілетін түйінді жайттар жабулы қазан күйінде қала берген. “Артта қалушылықтың” объективті, субъективті түп-тамырларын зерделеуді қажет деп таппаған. Негізгі тұрғындар қазақтар саналатын өңірдің бір ерекшелігі – аумағының үлкендігі. Кезінде алты аудан енші алып шыққан. Облыс орталығынан Қулыкөл ауылдық округіне жету үшін кемі 600 шақырым жол жүріп, Павлодар облысының аумағын бірнеше рет кесіп өтуге тура келеді. 27 ауыл шашырай орналасқан. Бір шеті Ресейдің Омбы облысымен шектеседі.

Бүгінде мемлекеттің қаржылық қолдауының арқасында түрлі озық жобаларға қатысушылардың саны айтарлықтай артты. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 107,5 млрд. теңгені құрады. Тартылған инвестиция мөлшері – 19,1 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстарының көлемі 4,5 млрд. теңгеге жуықтап, 5 мыңнан аса шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. 7,3 млрд. теңгеге 368 әртүрлі маркалы техника сатып алынып, машина-трактор паркі 18 пайызға жаңарды. 16,9 мың тонна ет өндіріліп, 143 мың тонна сүт сауылды. 5,4 млрд. теңгенің 4 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 5,5 мың бас асылтұқымды мал әкелінді. Қазіргі уақытта 3 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Шетелден 3824 бас ірі қара сатып алу жоспарланған. 111,2 шақырым жол қалпына келтіріліп, аудандық маңызы бар жолдардың сапасы 73,6 пайызға жақсарды. Ақбұ лақ – Кішкенекөл бағытындағы облыстық маңызы бар жолды жөндеу аяқталды. Өндіріс – Жұмысшы – Мырзағұл, Көктерек – Тоспа – Жасқайрат – Қайрат бағытындағы жолдарды қалпына келтіруге 730 млн. теңге қарастырылған. Талшық пен Кішкенекөл арасын байланыстыратын республикалық маңызы бар күрежолды күрделі жөндеуден өткізу жобасының құны – 19,9 млрд. теңге.

25 елді мекен сапалы ауыз-сумен қамтылған. Қулыкөл, Қаратал ауылдарына 18 шақырым желі тартылды. 5 ауылға су мұнараларын салуға 2 млрд., Телжан ауылында сумен қамту жүйесінің құрылысын жүргізуге 378 млн. теңге бөлінген. Жамбыл, Қоңдыбай, Аққұдық, Қарашілікке су тарату желілері мен резервуар тұрғызу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. 19 ауыл мобильді ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз етілген. 13 ауылда интернет сапасы 3G-ден 4G-ге дейін жақсарды. Осы мерзім ішінде 4177 жаңа жұмыс орны құрылды. 178 отбасыға 68 млн. теңгенің әлеуметтік көмегі берілді. “Бастау-Бизнес” жобасы шеңберінде 50 адам тиісті сертификатқа ие болды. 18 адам 14 млн. теңгенің мемлекеттік грантын алды.

– Қайрат Сәкенұлы, жыл өткен сайын тұрғындары азайып келе жатқан шалғайдағы ауылдарды сақтап қалу, әлеуетін көтеруге бағытталған шараларға тоқталсаңыз?

– Бұл – өте күрделі жайттардың бірі, бірегейі дер едім. Ауданда көші-қон бойынша теріс сальдо қалыптасып отыр. Былтыр 468 адам көшіп келсе, 737 адам өзге өңірлерге қоныс аударған. Дегенмен оның алдыңғы жылдармен салыстырғанда кетушілердің сәл-пәл азайғаны байқалады. “Еңбек” бағдарламасы іске қосылғалы 163 отбасы ат басын тіреді. Олардың ішінде ересектері – 274, балалар – 302 адам. Қоныс аударушыларға 98 үй тұрғызылды. 53 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. 6-уы адам жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 5-уі мемлекеттік грант, 1 адам несие алды.

Сұранысқа ие жобалар бар болғанымен, оған қатысушылар қатары әлі аз. Сондықтан сүт өндіру, жүн, тері өңдеу саласымен айналысатындар үшін жеңілдіктер аз емес. “Семізбай U” кәсіпорны уран өндірумен айналысады. Мұнда 65 адам еңбек етеді. Жұмыс күші жетіспейді. Мамандықтары сәйкес келіп жатса, барлық әлеуметтік жағдай жасалатын болады. 252 адам техникалық, кәсіптік және қысқа мерзімдік курстарға тартылған. Колледжде 104 студент аспаз, трактор-машинист, механик, жөндеуші мамандықтары бойынша білім алып жатыр.

Кішкенекөлде 250 науқасты қабылдай алатын емхана салу жоспарланған. Дәрігер тапшылығы қатты сезілуде. Әлі 12 дәрігер, 15 мейірбике, бұдан бөлек, 15 мұғалім тапшы. Жұмыс та, баспана да табылады, 2,5 млн. теңге мөлшерінде бірреттік өтемақы төленеді. Ең бастысы, келем деушілер болса, құшағымыз айқара ашық.

Дәуіттен Бидайыққа, яғни, шекара бекетіне дейінгі республикалық маңызы бар тас жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үш жылға белгіленген. “ҚазАвтоЖол” АҚ басшылығы жүзге жуық адамды жұмысқа қабылдамақ.

– Асқар тау әкеден, әз анадан алған ғибрат-өнеге кейінгі буын бойына дарып жатса, бұл да ұрпақтар арасындағы сабақтастық емес пе?

– “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер”, – дейді данышпан халқымыз. Жонған оғы жауына даритындай деңгейге жеткен ұлы бабаларымыз “әке көрген” деп әспеттеген. Әкемнен үйренгенім көп. Соның бірі – тазалық, адалдық. Мен бұл жерде тек жан мен тән тазалығын меңзеп тұрғаным жоқ. Ол, ең алдымен, ой тазалығы. Оның түп-тамырында өзгенің ала-жібін аттамау, басқаға жамандық ойламау, іштарлық пен көреалмаушылыққа бет бұрмау, арам істермен айналыспау сияқты адамды бұзатын жаман қылықтардан жирендіру тағылымы жатыр. “Жақсы әкенің абыройы – жаман ұлға қырық жыл азық”, – деп бекер айтылмаған. Қай жерде, қандай қызметте жүрсем де, тазалық – менің өмірлік ұстанымым.

Мен ананың мейірімін көріп, аялы алақанын сүйіп өстім. Шешеміз сондай кемеңгер жан болған. “Үлкеннің жолын кеспе, жолын қу, жас баланың жолын кеспе, белін бу”, – демекші, менің жақсы білім алып, маман иесі болып, кәсіп меңгеруіме септігін тигізген, оқудың инемен қазғандай ауырлығын сездірген – шешем. Көздері жұмылғанша ұрпағын тек жақсылыққа үндеп өтті.

– Пайғамбар жасына жетіп отырсыз, есеп беретін кезең десе де болады. Өкінетін, “әттеген-ай”, – дейтін сәттеріңіз болды ма?

– Өміріміздің мәні де, сәні де – ізімізді басып, жалғастырып келе жатқан ұрпағымыз. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы екенін терең түсінгенге не жетсін?! Халқымыздың асыл құндылықтарын олардың бойына дарытып, санасына сіңіре білсек, ата-ана парызының орындалғаны деп білемін. Құрмет пен сүйіспеншілікті ұялату, мейірімділік пен қонақжайлылыққа үйрету, тілімізді, дінімізді, өнер мен мәдениетімізді сақтап қалу абзал борыш екенін ұмытпағанымыз абзал.

–Қайырымдылық шараларға жиі атсалысасыз. Тұңғыш демеушілігіңіз есіңізде ме?

– Сауалыңызға орай 1997 жылы “Молодогвардейск” кеңшарында орналасқан алтын ұя мектебіме компьтерлік сынып тарту еткенім есіме түсіп отыр.

Президенттің “Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек”, – деген талабын бір сәт естен шығармаған жөн. Ең бастысы, бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp