Адамның өмір тарихына көз жүгіртіп қарап шықсақ, оның бар ғұмыры сынақтан тұратынын аңғарамыз. Кез келген пенде туғаннан тағдырдың тезіне түсіп, небір сыннан өтеді. Сол сынақтың бәрін абыроймен еңсерген жандар ғана өз дегеніне жетіп, ұрпаққа үлгі болмақ. Бүгінде біздің арамызда да осындай ұлағатты жандар аз емес. Солардың бірі биыл сексен жастың сеңгіріне шығып отырған Күлжамал Жакенова.
Күлжамал Жакенова 1944 жылы бұрынғы Кеңес ауданы (қазіргі Аққайың ауданы) Баянды ауылында дүниеге келген. Оның ата-анасы еңбекке ерте жастан араласқан, күні-түні тыным таппай жұмыс істеген жандар еді. Содан да болар бүгінгі кейіпкеріміздің бойынан да еңбекқорлық, табандылық қасиеті көрініп тұрады. Ата-ананың тәрбиесімен бойға сіңген жақсы әдеттер оған кейінгі өмірінде көп пайдасын тигізген. Отбасындағы өзінен бөлек әпке, сіңлі, бауыры – төрт бала да жастайынан еңбектің қазанында қайнап, тұрмысқа ерте араласты. Кейін олардың бәрі өмірден өз жолдарын тауып, бірі мектепте, бірі баспасөзде еңбек етті.
Адамды алға жетелейтін бала қиялы ғой. Күлжамал Жакенованың да бала кезде арманы көп еді. Ол ойын қуып жүрген өзге қатарластарындай емес, жасынан әртіс болуды армандады. Сахнада ән айтып, үлкен жұлдызға айналып, көпшілік алдында өнер көрсетуді қалады. Алайда анасының айтқан сөзінен аса алмай, бұл арманынан қол үзіп ауылда қалды. Музыкалық училищеге түсу туралы ойы жүзеге аспай, еңбекке араласты. Ауылда өзінің болашақ жарын кездестіріп, көп ұзамай екеуі шаңырақ көтерді. Бұл кезде кейіпкеріміз небәрі 18 жаста екен. Екеуі қол ұстасып ұзақ ғұмыр кешіп, 6 бала тәрбиелеп өсірді. Отасқаннан кейін көрші ауылға көшіп, еңбектерін сонда жалғастырды. Кеңшарда сауыншы болған Күлжамал Жакенова сол кездердің қиындығы мен өз жұмысының ауыртпашылығын осы күні де еске алып отырады. Еңбектен қашпай, талмай жұмыс істеген қайсар жан отбасында да аяулы жар, асыл ана бола білді. Жұмыстан қолы босағанда үйдің шаруаларын біржақты етіп, отбасына көңіл бөлуді естен шығарған емес. Жұбайы екеуі басқа ауылға көшкеннен кейін өздеріне жаңа үй салды. Бүгінде балалары сол қарашаңырақтың іші үнемі жарық, жаңа піскен нанның иісі шығып тұратын, мейірімге толы, жайлы екенін сағынышпен еске алады.
Кейіпкеріміздің өмір жолы тақтайдай тегіс болды деуге де келмес. Оның алдынан талай сынақтар мен қиындықтар шықты. Алайда қайсар жан еңбегі мен ерік-жігерінің арқасында тығырықтан шығып, отбасын алға бастады. Сонысымен перзенттеріне үлгі болды. Күлжамал Жакенова – қай кезде де балаларының болашағы үшін ештеңеден аянбаған ардақты ана. Оларға бойдағы барын беріп, оқытып, бір-бір маман атануына барын салды. Сол үміті ақталып, бүгінде перзенттерінің қызығына бөленіп, өз еңбегінің жемісін көріп отыр.
Ерлі-зайыптылар зейнетке шыққан соң Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылына көшіп келеді. Өмірде небір ғажайыптар болады ғой. 18 жасында қол үзген арманы адамды зейнетке шыққан соң тауып алады деп кім ойлаған? Егер жүрек сеніп, жан қалап тұрса бәрі де мүмкін екен. Кейіпкеріміздің қайта сахнаға шығуына осында танысқан Серік пен Раза Дәнекеровтер себепші болған. Солардың айтуымен Күлжамал Жакенова енді ашылған “Бескөл нұры” хорына мүше болады. Содан бері 14 жыл бойы сахнадан түспей өз замандастарымен бірге талай мәдени шараның көркін келтіріп жүр. 2018 жылы оның 55 жыл қол ұстасып ғұмыр кешкен жұбайы дүниеден өтті. Қайсар жан сонда да қайыспай ертеңгі күнге тік қарап, еңсесін түсірмей келеді.
Уақыт желден де жүйрік. Бір қарасаң бар өмірің көрген түстей қасқағымда өтіп кеткендей көрінеді. Қашан да қалыбынан танбай, жолынан адаспаған Күлжамал Жакенова да бүгін сексен жасқа келіп отыр. 14 немере, он шақты шөбере кейіпкерімізді қуанышқа кенелтіп, құрметке бөлеуде. Осынша жасқа келсе де әжеміз әлі тың. Өмірге құштарлығын жоғалтпай, хорда ән айтып, аудандағы түрлі іс-шараларда алдыңғы қатардан көрініп жүр. Қаншама қиындықтан өтіп, түрлі өзгерістерді бастан кешірген жан “армандар орындалады” деп нық сеніммен айтады. Көпті көрген қарттың көкірегінде әлі талай арман сайрап жатқаны анық. Соның бәрі орындалып, ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз.
Қарлығаш ЖҰМАҒАЛИЕВА.
Қызылжар ауданы.