Биылдан бастап 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын.
Енді жыл сайын мамыр айында балалардың қазақ тілінен білімі тексеріледі. Емтихан жазбаша және ауызша өтеді. Тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. 5-8, 10-сыныптардағы жылдық баға емтихан және жылдық бағалау нәтижелері бойынша қойылады.
– Әрбір мұғалім емтихан сұрақтарын өзі дайындап, мектептегі педагогикалық кеңесте материалдары қарастырылады, әкімшілік бекітеді. Оқу жылында оқушылармен дайындық, ал ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Алмагүл Оспанова.
Сондай-ақ биылдан бастап мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі сыналады Яғни Ұлттық тестілеу орталығы сынақтар өткізіп, сол бойынша сертификаттар береді. Тілді меңгеру деңгейін анықтауға арналған тесттерді магистратура мен докторантураға түсетін студенттер, мемлекеттік қызметтің “А” корпусының кадр резервіне енгізілген қызметкерлер, “Болашақ” халықаралық стипендиясына үміткерлер, ҰҚК академиясына түсуге өтініш білдіргендер, “Назарбаев Зияткерлік мектебінің” мұғалімдері тапсырады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.