Биыл кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады. Жат жерде соғысып, кеудесін оққа тосқан бір жарым мыңнан астам солтүстікқазақстандық интернационалдық борышын өтесе, 46-сы елге оралмаған, 687 жауынгер түрлі аурудан қайтыс болған.
Өкінішке қарай, олардың отбасылары әкелеріне тиесілі пәтерлерге әлі күнге дейін қол жеткізе алмай жүр. Бұл туралы “Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Ерік Тәттібаев өңірге іссапармен келген Қазақстан халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттарына қынжыла жеткізді.
Оның айтуына қарағанда, үш жылдан бері ауған соғысының ардагерлеріне уәде етілген баспаналардың кілттері тапсырылмаған.
“Содан бері береміз деген 6 пәтер ұшты-күйлі жоқ. Берген уәденің сөз жүзінде қалғаны жанға батады. Соғыс ардагерлерінің көбі арман еткен үйлеріне қол жеткізе алмай өмірден өтіп жатыр. Қашанға дейін күтуге болады?” – дейді Ерік Тәттібаев.
Мәжілісмендер пәтер мәселесі ел аумағында өте өзекті екенін айтты, Парламент Мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнова: “Біз ардагерлер туралы заңның бастамашысымыз. Мұндай өзекті мәселелер шешілуі керек”, – деп жауап берді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.