«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Пайдалы балдыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көктем келсе Петро­павл­­ды басатын жағымсыз иіс бұ­дан былай жұрттың мазасын ал­майды. Үш жылға жоспар­лан­ған жоба сәтті аяқталды. Биото­ған хлорелла балдыры­мен та­зар­тылып, күкіртсутек ен­ді күн жылынса ауаға тара­майды. Ғы­лыми-технологиялық су орталы­ғы директоры Александр Рей­бандт жобаның ерекшелігі жайында айтып, жоспарларымен бөлісті.

Биотоған сарқынды су жи­нағышы соңғы жылдары эко­ло­гиялық мәселеге айналып, же­дел шешімді қажет етті. “Қы­зыл­жар су” жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне қарайтын нысан­ды тазарту үшін маман­дар жер­гілікті ғалымдардың көмегіне жү­гініп, нәтижесінде 2021 жылдың тамызында жаңа жоба қолға алынды. Бұл жұ­мысты М. Қозы­баев атындағы СҚУ базасында құрылған ғы­лыми­-техноло­гия­лық су орта­лығы атқарды.

“Біз суды реагенттерсіз та­зарту жұмыстарымен айна­лыс­тық. Реагенттер кейін суда қа­лып, адам денсаулығына әсер етуі мүмкін. Университеттің зертханасында түрлі тәсілдерді жасап көрдік, 2016 жылы бізге зерттеу нәтижемізді нарыққа шы­ғару үшін грант берді. “Ғы­лым қорынан қаражат бөлінді. Мемлекеттің, университеттің және қордың қолдауы нәтиже­сінде жаңа технологиямыздың тұсауын “Қызылжар су” кә­сіпорнында кестік”, – дейді Александр Рейбандт.

Ғалымның айтуынша, хлорел­ла – бір жасушалы балдыр, 2,5 млрд. жыл бұрын пайда бол­ған. Мұз дәуірінен өткен. Бұл микроағзаның химияға қатысы жоқ, ол – таза биология. Ағын суды тазартуда таптырмас дүние, өйт­кені адам, қоршаған орта үшін лас саналатын нәрсенің бәрі хлорел­ланың азығы болуы мүмкін. Бұл балдыр өте тез өсіп, жайылады.

“Су қоймасына хлорелланы құйдық. Олар басқа өсімдіктер сияқты оттегі бөледі. Осылайша барлық органика тотығады. Бұл судың тазартылуын жеделдетеді. Кейін хлорелла биомассасы кө­бейіп, басқа микроағзаларды жей бастайды. Оларды табиғи сүзгіш организм деуге болады. Өте кішкентай болғанымен, тез көбею арқылы жақсы нәтиже береді. Тағы бір ерекшелігі – су қоймасын тазалаудың бұл технологиясы басқаларымен салыстырғанда арзан”, – дейді маман.

Ол кәсіпорын тоғандарын классикалық әдіспен, яғни кеңес одағы кезеңінен қолданылып келе жатқан технологиямен тазарт­қанда, бұл мақсатқа 6 млрд. теңге жұмсалатынын жеткізді. Жаңа технологияны жүзеге асыруға кет­кен шығын 127 млн. теңгені құ­раған.

Маманның айтуынша, көктем­де хлорелла басқа балдырларға қарағанда бір айға ерте “оянады”. Мұз астында жатып-ақ басқа па­тоген балдырларға қажет көмір­қышқыл газын жойып, оттегі бө­леді.

“Ең алдымен бізге облыс орта­лығын жағымсыз иістен құтқару міндеті қойылды. Күкіртсутек бел­гілі бір жағдайларда пайда бо­лады. Егер ол процеске оттегіні қоссақ, процесс өзгеріске ұшы­райды. Фотосинтез – хлорелла­ның көп қасиеттерінің бірі. Басқа өсімдіктермен салыстырғанда ол балдырда 16 есе көп. Микро­ағза­ның әлеуеті жоғары, сондықтан биотоғанды ол көп күш салмай-ақ тазалап шықты. Бұл жобада бар әлеуетінің тек 10 пайызы ғана жұмсалды”, – дейді Александр Роберт.

Ғалым хлорелланы басқа са­ла­ларда да тиімді қолдануға бо­латынын айтты. Балдырдың бо­йында ауыл шаруашылығы жа­нуарларына қажет микроэлемент­тер жеткілікті. Оны жемазыққа қо­су арқылы құнарлылығын арт­тырып, минералды-дәрумен­дермен байытуға болады. Қытай, Жапония, Корея оны таза күйінде көп мөлшерде қолданады. Ұнтақ, капсула түрінде шығарады. Құ­рамында ақуыз мөлшері жоғары, иммунитетті көтереді екен.

“Қазіргі уақытта жаңа техно­логияны стандарттау мәселесі қаралып жатыр. Стандарттау рәсімі бізге қажет, нәтижесінде көптеген мамандар бұл техноло­гиямен танысып, өздерінің ұсы­ныстарын, түзетулерін енгізеді. Біз құжаттарымызды министр­ліктерге, су кәсіпорындарына жібердік, әзірге 21 ұйымнан өтті. Әлі 19-ы тексереді, ұсыныстары тыңдалады. Нәтижесінде қауіпсіз, жан-жақты тексерілген өнім шы­ғады. Бұған шамамен бір жыл уа­қыт кетпек”, – дейді ғылыми-тех­нологиялық су орталығының директоры.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp