«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АУЫЛ АМАНАТЫ” – БЕРЕКЕЛІ БАҒДАРЛАМА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің зор әлеуетін толық пайдаланбай отырғанымызды айтты. Осы салада нақты серпіліс жасау қажеттігін, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру іргелі міндет екенін жеткізген болатын. Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдаудың маңыздылығына тоқталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Осы орайда “Ауыл аманаты” бағ­дарламасы­ның елге қажет екені айқын кө­рінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау ке­рек. Жеке қосалқы шаруашы­лық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жа­салуы керек. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәсе­леге айналды. Қа­зір ауыл ша­руашылығы техни­касының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл рет­те еліміздегі техника өндіруші­лер мен шаруалардың да мүд­десін ескер­ген абзал”, – деп атап көрсет­кен болатын. За­манауи ғы­лым­ға сүйен­бесе, ауыл шаруа­шылығы жай тоқы­рауға емес, құрдымға ке­тетінін, осы себепті салада ма­ңызды реформа жасайтын кез келгенін ескерткен.

Бүгінгі таңда облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өн­дірушілер мен шағын және орта бизнес өкілдері “Ауыл аманаты” мемлекеттік бағдарламасына қатысуға үлкен мүдделілік та­нытып, оның аясында бизнес ашуға болмаса ісін кеңейтуге зор мүмкіндіктер алып отыр. Бұл жоба Президенттің 2022 жылдың 26 қарашадағы “ҚР ауылдық аумақтарды дамыту­дың 2023-2027 жылдарға ар­налған тұжырымдамасы тура­лы” Жарлығында айқын көрініс тапқан. “AMANAT” партиясы және оның жергілікті құры­лым­дары тарапынан қанатқақты жобаның шартталаптары кеңі­нен түсіндіріліп, мобильдік топ­тар елді мекен­дерді аралап шықты. Аманат­тықтар Қасым-Жомарт Тоқаев­тың: “Біз осын­дай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтері­нің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені елге біртіндеп тара­ту қажет”, – деген нұсқауын Үкі­метпен бірлесіп шеше отырып, жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыруға белсенді­лікпен кірістік. Дерек­терге сүйен­сек, ауылда респуб­лика тұр­ғындарының 41 пайы­зы, яғни 7,7 млн. адам тұрады. Бі­рақ ауыл және қала тұрғын­дарының ақшалай табыс көзінің айырмашылығы 38 пайызды құ­райды. Демек, озық бағдарлама осындай олқылықтардың ор­нын толтыруды діттейтіні анық. Екіншіден, оның шеңберінде көптеген жеңілдіктер қарас­тырылған. Мәселен, ауыл­дық­тар өз бизнесін дамытуға неме­се кооператив құрамында же­ңіл­детілген несие, сондай-ақ техниканы лизингке оңай рәсім­дей алады. Қарыз алу шарт­тары өте тиімді, коммерциялық банктермен салыстырғанда па­йыздық мөлшерлеме тө­мен. Атап айтқанда, несиелеу мер­зімі – 5 жыл, ал мал шаруа­шы­лығы және ауыл шаруашы­лығы кооперативтерін құру са­ла­сындағы жобалар мерзімі – 7 жыл. Номиналды сыйақы кө­лемі – 2,5 пайыз ғана. Алған тех­никаның 50 пайызы субсидия­ланады. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр­ғандықтан, елімізде бизнес са­ласы қарқынды дамып келеді. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі – 36 пайыз. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 млн.-ға жуық. Өңдеу өнеркәсібінің экс­порты 26 млрд. доллардан асып, 1,5 трлн. теңге инвести­ция тартылды.

Мемлекет басшысы былтыр жыл аяғында “Алтын сапа” және “Парыз”, “Қазақстанның үздік та­уары” байқауларының жеңім­паз­да­рын – ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерді сал­танатты түрде марапаттау рә­сіміне жолдаған құттықтауында жедел түрде атқарылатын бір­қатар міндеттерге тоқталды. Оның бірі – инвестициялық кли­матты жақсартуға ықпал ету, бюрократияға мүлдем жол бер­меу, барынша нақты іс-әрекет қағидатын басшылыққа алу. Тапсырмаға сәйкес, өңдеу сек­торына қаржы салатын инвес­торлар биылдан бастап үш жылға салықтан босатылады. Бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қуда­лаудан қорғау шараларының нәтижесінде кәсіпкерлік сала­дағы тіркелген қылмыстар саны екі есеге азайды (837-ден 402-ге дейін). Инвестициялық жоба­ларды прокуратура орган­да­рының сервистік қадағалауына баса мән беріліп, “жасыл дәліз” қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізілді, рұқсат беретін құжатты алу ісі оңайлатылды. Жер учаскелерін беру және коммуникация жүргізу жұмыс­тары жеңілдетілді.10 мыңнан астам заң нормасы жаңа рет­теуші саясаттың негізгі талап­тарына сай келмейтіні анық­талып, 90 пайызының күші жо­йылды. Жоспарлы инспекция жасау екі есе қысқарып, айып­пұлдар саны бірнеше есе азайды.

“Ауылды дамыту, түптеп келгенде, Қазақстанды дамыту деген сөз. Сондықтан биыл “Ауыл аманаты” жобасын бас­тадық. Ауыл тұрғындарына ша­ғын несие беру үшін 100 млрд. теңге бөлінеді. Соның арқа­сында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бола­шағы бар шағын және орта биз­неске басымдық беріледі. Яғни мемлекет өндірістік қабілеті жоғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерге қол­дау көрсетеді”, – делінген Пре­зи­дент құттықтауында.

Қанатқақты жоба өңіріміздің барлық аудандарын қамтитын ауқымды бағдарламаға ай­налып, партияның жергілікті филиалы кредит берудің негізгі шарттары мен тәртібін регламенттейтін қағидаларды түсін­ді­ру, басым бағыттары мен қа­тысушылардың нақты тізімін анықтау, тиімді іріктеу жол­дарын қарастыру, қаражаттың қайтарымдылығын арттыру, бір сөзбен айтқанда, дұрыс ақпа­раттандыруды басты назарға алған. Қаражатты ісін жаңа бас­таған болмаса жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, жасы зей­неткерлікке толмағандар, та­уар­ларды өндіру, өткізу, сату қыз­метімен шұғылданатындар, қосалқы шаруашы­лық мүше­лері, өзін-өзі жұ­мыспен қамты­ғандар, атаулы көмек алушы­лар рәсімдей ала­тыны, ол үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі, рәсімделген несиелерде бере­шектің жоқ­тығы, жер телімі, қора-қопсы, тағы басқа қажетті жағдай­лардың болуы талап етілетіні түсіндірілді. Бірінші кезекте жеке қосалқы шаруа­шылық­тарды кооперативтер негізінде дамытуға және сүт, ет өндірісі, құс, балық шаруашы­лығы жо­баларын қаржылан­дыруға ба­сымдық берілетіні ай­тылды. Аза­маттар мен жергілік­ті әкім­діктер әдістемелік жа­ғынан сүйемелденіп, өтінімдер қабыл­дау мен қаражат бөлуді дұрыс қамтамасыз ететін жо­балық кеңселер құрылды.

Бағдарлама іске қосылғалы негізгі оператор саналатын “Солтүстік” ӘӘҚ-ның қаржылық қолдауы арқылы былтыр 250 өтінімнің 236-сы мақұлданып, 1,8 млрд. теңге бөлінді. Сол­түстікқазақстандықтар негізінен мал шаруашылығына, техника мен жабдықтар сатып алуға, сауда-саттыққа басымдық бер­ген. Берілген несиенің орташа мөлшері – 7,3 млн. теңге.

Өңірде “Ауыл аманаты” жобасының шапағаты мен игі­лігін көріп отырғандар аз емес. Қызылжар ауданының 45 тұр­ғыны жалпы сомасы 398 млн. теңгеге жеңілдікті несие рәсім­деп, қосымша жұмыс орын­дарын ашты. Станислав Волков техникалық қызмет көрсету станциясына қосымша жабдық сатып алуға 8 млн. теңге несие алды. Екі көтергіш ор­натып, ауланы жүз шаршы метр­ге дейін кеңейтті, сөйтіп екі көлікке арналған боксты іске қосты. Тәжірибелі шебердің алдағы мақсаты – станция аумағын ұлғайту, қосымша жұ­мыс күшін тарту. Әмір Баукенов қой өсірумен айналысады. Өзі­нің қорасындағы 120 Шопан ата түлігіне тағы 115 бас қосы­лып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Саулықтардың алды қоз­дап, қотан түлікке толды. Фер­мада үш ауылдасы еңбек етеді.

Мәдина Қабаева жерлес­теріне лазерлік эпиляция бо­йынша қызмет көрсетеді. Гер­маниядан жеткізілген заманауи “Holkon” аппараты 3 млн. теңге тұрады. Ол – мамандығы бо­йын­ша дерматокосметолог. Жа­ңа кәсіпті тез меңгеріп алған. Жарты жылдың ішінде шығын­дарды өтеп, нақты табыс табуға кірісіп кеткен. Ендігі ойы – басқа да мемлекеттік бағдарлама­ларға қатысу.

Сатыбалдиндер отбасының тауық өсіретін фермасы үйдің ауласында орналасқан. “Ауыл аманаты” аясында 2,5 пайыз­дық жеңілдікпен 8 млн. теңге несие рәсімдеп, бастапқыда 800 мекиен сатып алған. Қазір мекиен саны көбейіп, жұмыртқа өндірумен де айналысады. Та­за экологиялық өнімді өткізуде іркіліс жоқ, үлкен сұранысқа ие. Сағитовтардың кәсібі де осыған ұқсас, тек айырмашылығы бұ­лар шағын бөдене фермасын құрған. 1500 бөдене жылыту және желдету жүйесі талап­тарға сай, су автоматты түрде берілетін жылы орында бағы­лады. Үш инкубатор жұмыс іс­тейді. Айта берсе, мұндай мы­салдар аз емес.

Былтыр “Ауыл аманаты” бағдарламасына республика­лық қазынадан 17 мың шағын несие беріліп, 18 мың жаңа жұмыс орны, 400 кооператив құрылған. Елімізде әлі 270 мыңдай шаруа қожалығы бар. Енді оларды ірілендіру ба­ғытындағы жұмыс жанданбақ. Биыл 100 млрд., 2025-2026 жылдары 50 млрд. теңге мөл­шерінде қаражат қарастырыл­ған. Қаражат Ауыл шаруашы­лығы мен Қаржы министрліктері және облыстық әкімдік арасын­да жасалатын үшжақты келісім шартына сәйкес аударылады. Ауылдықтардың қызығушы­лығын тудырып, үлкен үміт ар­тып отырған және де аграрлық кооперацияның дамуына айқа­ра жол ашатын жобаның тиімді­лікпен жүзеге асуына аманат­тықтар да мүдделі. Ең бастысы, бағдарламаның ауылдық жер­лерде шағын кәсіпкерлікті да­мыту арқылы табысты арт­тыруды, кәсіптік мамандануды, қосалқы шаруашылықтарда мал мен құстың басын көбей­туді қамтамасыз ететін жалпы мемлекеттік ауқымын жұртшы­лық жақсы сезініп отыр.

Жеңіс АСАНОВ,

“AMANAT” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp