Петропавлдағы төрт пәтерлі жеке тұрғын үйдің бірінен өрт шықты. Төтенше жағдай орнынан 1960 жылы туған азаматтың денесі табылды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қызыл жалын жайлы хабар “101” нөміріне сағат 08:12-де келіп түскен. Оқыс оқиға Мағжан Жұмабаев, 19 мекенжайында орналасқан жеке тұрғын үйде орын алды.
– Өртенген үйден 7 тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды, оның 2-еуі – бала. Отты ауыздықтауға 5 техника мен жеке құрамның 27 құтқарушысы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта қызыл жалынның шығу себебі анықталуда, – дейді департамент жанындағы өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі бастығының орынбасары Марат Сыздықов.
Қызыл жалын сағат 10:17-де ауыздықталды. Өрттің шарпыған аумағы – 100 шаршы метр.
“Qyzyljarnews.kz”.