«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жасына жетпей жүйкелері тозған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі күн адамзаттың жаңа тарихындағы ең бейбіт кезеңдердің бірі саналады. Жиырмасыншы ғасырдағы не­бір дүрбелең мен ұрыстардан, адам сенгісіз өзгерістерден өткен адамзат 21 ғасырға табан тіреп, тыныш өмірдің бәйтерегін саялап тұрғандай. Соңғы бірнеше онжыл­дық­та дүниежүзіндегі көңіл күймен бірге адамдардың өмір сал­ты да өзгерді. Ескінің көбі келмеске кетіп, адамдардың мойнына жаңа міндеттер жүктелді.

Жер шарының қазіргі тұрғын­да­ры осыдан жүздеген жыл бұ­рынғы бабаларындай шыжыған күннің астында бидайдың арам­шөбін жұлып, күндік тамағын табу үшін қара терге түсіп жұмыс істемейді. Байқасақ, өркениет іл­гері дамып, ғылым-білім өркен­деп, жұмыс жағдайы жақсарып, гуманистік идеялар тамыр жай­ған сайын адамзат басындағы бес батпан сорынан арылуы ке­рек еді. Тұрмыстық жұмыстың бә­рін техникаға тапсырған Жер бе­тін­дегі саналы тіршілік иелері бақытқа кенелуге тиіс болатын. Алайда қазіргі тіршіліктің торына шырмалған жандарды көріп, ға­сыр­лар өтсе де көп нәрсенің өзгер­мегенін аңғарасың. Қазіргі ең­бек адамдары өзі таңдаған жұмыс­ты істеп, жайлы кеңседе отыр­ғанымен осыдан жүздеген жыл бұрын тер төккен бабала­ры­нан бақытты болып кетті деу қиын. Өйткені сәт сайын өз­герген қоғам адамға бұрынғыдан да көп жауапкершіліктер жүк­тейді. Кейбіреулердің психикалық ауытқушылықтарға ұшырап, айналасына зиян тигізуіне де осы себеп.

Бір сәт қазіргі қазақ жастары­ның өміріне осы тұрғыдан қарап көрейікші. Мысалы енді ғана жұ­мысқа тұрған жас маманның ал­дында мыңдаған мақсат тұрады. Адам соған жету үшін күнделікті аянбай жұмыс істейді. Жұмыстан бөлек отбасын құру, баспана, кө­лік алу, денсаулығын күту сияқты жеке басының мәселелері көп. Оны былай қойғанда күнделікті кездесулер, басқосулар, сол сияқ­ты толып жатқан шаралар бар. Мұның сыртында не­сиесін жауып, сәнді киініп, жыл сайын телефонын жаңалап, әлеуметтік желідегі парақшасын­да сурет жариялауға мүмкіндік табу керек. Осының бәрі аз бол­ғандай өзін-өзі дамыту бойынша курстарға жазылып, семинар, тре­нинг жағалап, бай болу, мансапта биікке жету туралы ел ау­зында жүрген кітаптарды оқуға уақыт табуы тиіс. Осындай ыр­ғақта өмір сүрген адам үнемі әл­деқайда асығып, айналасына зер салуға мүмкіндігі болмайды. Осы­лайша таңның атқаны мен күннің батқаны арасындағы уақыт көр­ген түстей өте шығады. Мұның бәрі жастарымыздың психика­лық денсаулығына кері әсер етіп жатқаны рас. Осыншама зор жауапкершілікті арқалаған кезде талай жастың жүйкесі сыр беріп, ауруға шалдығары анық. Соның салдарынан қаншама қазақ жас­тары өмірден мән таппай, тірлік­тен баз кешіп, жазғыздық азабын тартып жүр. Ал өткен жылы жүргізілген зерттеулер тіптен жаға ұс­татарлық. Деректерге сүйенсек, елдегі жастардың 70 пайызы күйзеліс, ұйқысыздық, апатиядан қиналып жүр. Бұл әлемдік көр­сеткішпен салыстырғанда 5 есе­ге көп. Әрі елдегі осындай психикалық қиыншылыққа тап болатын­дардың да ең көбі – кейінгі буын өкілдері. Мұның да себебі көп. Оқу орындарындағы білім сапа­сы, денсаулық сақтау, өмір сал­ты, тұрмыс жағдайы, бос уақытты өткізудің бәрі адамның психикалық жай-күйіне әсер етеді. Бүгінде елдегі жастардың 21 пайы­зы ұйқысыздыққа, 16 пайызы апа­тияға, 15 пайызы күнделікті көңіл күйдің болмауына, 13 пайызы уайым мен қорқынышқа, 12 па­йы­зы күйзеліске ұшыраған.

Жастар ғылыми зерттеу орталығы жүргізген зерттеуде де жастардың 70 пайыздан көбі қапалы екені көрсетілген. Ондағыларда қорқыныш, депрессия, ұйқы­ның жайсыздығы психикалық ауытқушылық басты себеп еке­нін анықтап отыр. Аталған мәселеге қатысты аға буынның көзқарасы да бөлек.

– Адам тіршілігінің басты шар­ты – адамгершілікке сай дұрыс өмір сүру. Бүгінгі жастардың көбі осыны ұмыта береді. Бәрі шеті­нен миллионер, жұлдыз, басшы болғылары келеді әрі ол мақсат­тарына оңай жетуді қалайды. Ең­бексіз, талапсыз мұның бәрі қайдан болсын. Осыдан барып жас­тардың күйзелуі, өзін-өзі жоғал­туы басталады. Ешкім айнала­дағыларға өз әлсіздігін көрсеткісі келмейді. Тіпті отбасына да басындағы мәселесін айтпайды. Барлық сұрақтың жауабы ғалам­тордан іздеп үйренгендер келе-келе жалғыздыққа тап болады. Қалған ауытқушылықтың бәрі жал­ғыздықтан туады. Қоғамнан шет қалған адам іштей тұйық­та­лып, теріс бағытқа түсіп кетуі мүм­кін. Сондықтан да аға буынның мейілінше жастармен жиі кезде­сіп, мәселелерін тыңдап, қиын­дық­пен бетпе-бет қалуына жол бермеу керек, – дейді қала тұрғыны, Шамшия Нұрғалиева.

Жыл өткен сайын психикалық ау­рулар жасарып келеді. Жастар санатына жататын бүгінгі мек­теп оқушыларының өзі ертеңгі күнге үреймен қарайды. Бұл жай­ға ел­дегі мамандармен қа­тар халық­аралық ұйымдар да алаңдау­шылық білдіріп отыр. ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық филиалы­ның деректері бойын­ша, Қазақ­стандағы 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің өзінде өмірге кө­ңіл­толмаушылық бар екен. Бұл жастағы мектеп оқушыларында бас ауруы, жайсыз­дық, нашар кө­ңіл күй жиі кезде­седі. Был­тыр өңірде екі жасөспірімнің өзі­не қол жұмсап, тағы бірнешеуінің осындай әре­кетке талпынғаны жастар тәр­биесіне жіті мән беру керектігін көрсетеді. Қиын жағ­дай­да қал­ған жастарға кеңес беру үшін бүгінде елде жастар денсаулық орталықтары ашыл­ған. Өңірдегі психикалық денсау­лық орталы­ғы түрлі дерттердің алдын алу, емдеу бойынша бір­неше бағытта жұмыс істейді. Мұн­да жас­тардың психикалық сау­лығына қатысты семинарлар мен кез­десулер жиі ұйымдастырыла­ды. Осы салада жүрген мамандар үшін “дөңгелек үстел” оты­рыс­тары мен практикумдар өте­ді. Сұрағына жауап таппай қи­нал­ған жасөспірімдер мен үл­кендер үшін сенім телефоны жұ­мыс істейді. Онда кез келген адам анонимді сауал тастап, ма­манмен кеңесе алады.

– Егер мән бермесе қара­пайым жайсыздық пен көңіл күй­дің болмауының өзі үлкен дерт­ке шалдықтыруы мүмкін. Оның ақыр аяғы наркоманияға ұрын­дыруы ғажап емес. Қазіргі буын­ның бойындағы күйзеліс, ұйқы­сыздық, себепсіз уайым, ерік-жігердің жоқтығы денсаулыққа әсер етеді. Балалық шақ кезеңі­нен өтіп кеткен, ал ересек өмір­де өз орнын таппаған жандар пұшайман күйде өмір сүреді. Кейін жастар өз саласын таң­дап, бағытын айқындағаннан кейін мұндай күйден арылу ке­рек. Жастық шақ – адам өміріндегі ең жауапты кезең болғандықтан одан өту қиын. Алайда бұл уақыттағы мәселенің бәрі адам есейіп, ержеткеннен кейін біртіндеп шеші­луі керек. Егер олай болмаса, мамандардың кеңесіне жүгінген жөн, – дейді психолог Ләззат Бе­кенова.

Жастардың мұндай күйге тү­суінің қоғам үшін зияны орасан. Күйзеліп жүрген адам қоғам өмірінен шеттеп, әлеуметтік ортаның игілігі үшін жұмыс іс­теуден қалады. Ең жаманы мұн­дайлар қылмыс жасап жатса да шімірікпейді. Жастардың түрлі дертке шалдығып, есірткі пай­да­ланып, алаяқтық жасап жат­қа­ны жайлы деректер ай санап өсіп жатыр. Бұл да кейінгі буын өкілдерінің бойындағы әлсіздік­ті көрсетеді. Жуырда жергілікті университетте жанжал шыға­рып, қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға былапыт сөздер айтқан студентке қатыс­ты сот отырысы өтті. Оның психикалық ор­талықта есепте тұрғаны белгілі болып, іс жабылған. Ал қала кол­ледждерінің бірінде өзін-өзі ұс­тай алмаған біреудің қасындағы адамға пышақ ала жүгіргені бел­гілі болғаны кеше ғана. Егер жас­тардың психикалық денсаулығына мән бермесек қылмыс саны арта бермек.

– Қазіргідей сәт сайын мың құбылған заманда жастардың іс-әрекеті де тұрақсыз. Олар бұрынғыдай өмір бойы бір сала­да еңбек етіп, бір ғана жұмысты істеп жүре алмайды. Бұған уа­қыттың өзі мүмкіндік бермейді. Ал қоғам болса оларға бұрынғы өмір салтын, өз ұстанымдарын сіңіргісі келеді. Меніңше осыған шыдамаған жастар ауытқу­шы­лыққа ұрынады. Қазіргі жастарды қатаң талап қойып, шек­теп, тыйым арқылы жөнге са­луға болмайды. Бұл жағ­дайды тіптен ушықтырады. Кей кездері жастардың өздеріне ерік берген жөн. Өз кезегінде кейінгі буын да бойкүйездіктен ары­лып, бос уақытын дұрыс пайда­ланып, мағыналы іспен шұғыл­дануы керек деп санаймын, – дейді жастардың бірі Азамат Мұқышев.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp