«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамда жеңіл жолмен пайда табу үшін бәс тігіп, құмар ойын ойнайтын жастар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұған дейін беймәлім лудомания термині соңғы кезде жиі айтылып жүр. Әлеуметтік мәселеге айналған ойынқұмарлық бүгінде таралуы жағынан нашақорлық пен маскүнемдікті жолда қалдырып отыр.

Ойын бизнесі кәсіпкерліктің қызмет көрсету саласының артына мұқият жасырынған. Кейінгі он жылдың ішінде елімізде одан түскен пайда орта есеппен 25 пайызға көбейсе, 2019-2022 жылдар аралығында құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу қызметінің айналымы 115 трлн. теңгені құрапты. Өткен жылдың өзінде ғана елімізде ойын бизнесінен түскен кіріс 500 млрд. теңгеден асқан. Алайда әр цифрдің артында адам тағдыры тұрғанын естен шығармауымыз қажет. Қазір Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, әрқайсысының қарызы орта есеппен 10 млн. теңгеден асады. Ал елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен.

Өкініштісі сол, құмар ойынның құрығына ілінген жандар біздің өңірімізде де аз емес. Облыстық полиция департаменті берген ақпаратта ойынқұмарлар санының жылдан-жылға артып бара жатқаны көрсетілген. Өңірде құмар ойынға тәуелді адамдармен кәсіби түрде жұмыс істейтін жалғыз маман, психолог Олег Матвеевтің осы салада еңбек етіп жатқанына 16 жылдан асқан.

“Құмар ойындарға деген құштарлық патология, яғни, психологиялық ауру ретінде қарастырылып жүр. Ол тіпті аурулар мен денсаулыққа байланыс­ты мәсе­­лелердің халықаралық ста­тис­­тикалық жіктемесі тізі­мінде де бар. Ал Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы ойынқұмарлықтың қауіпті екенін ес­кере отырып, “лудомания” деген арнайы меди­циналық терминді енгізді. Осы ар­­қылы жаһандық ұйым құмар ойын­­дар мен компью­тер ойындарына тәуелділер – нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды жандар екенін мойындады”, – дейді ол.

Маманның айтуынша, ойын құмарлар санының артуының бірнеше себебі бар. Алғашқысы – компьютерлік клубтарға бас сұғатындарға ешқандай шектеудің болмауы. Жассың ба, жасамыссың ба, қаржың бар ма, жоқ па, түрлі ойын клубтарының өкілдері қарап жатпайды. Есіктерін барлығына бірдей айқара ашып қойған. Екінші себебі – қоғамда лудоманияның кеңінен насихатталуы. Мәселен, маскүнемдікке қатысты заң жүзінде бір шектеулер бар, мысалы дүкендерде 21 жасқа дейінгі жандарға арақ-шарап, темекі өнімдері сатылмайды. Есірткіні пайдалануға мүлде тыйым салынған. Ал ойынқұмарлық керісінше кең насихатталып жатыр. “Облыс орталығының көшелерінде букмекерлік кеңселердің жарнамасы бар баннерлерді жиі көруге болады. Яғни олар заңды түрде өздерін жарнамалауда. Фильм көріп отырсаң да, олардың жарнамасы жиі шығып, ұтыс тігуге шақырып жатады. Спортшылардың формасында да, қоғамдық көліктерде де бадырайған жарнама. Ал жастар бізде тез еліктегіш, олар психологиялық тұрғыда әлжуаз, ықпалға тез көнгіш, тез иланады”, – дейді Олег Викторович.

Психолог ойынқұмарлардың көбеюінің үшінші себебін жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған казинолардың, ғаламтордағы атыс-шабысқа, алдау-арбауға толы ойындардың көбеюімен байланыстырады. Иә, шынында да, бүгінде не көп, ойдан құрас­тырылған, шынайы өмірге түк қатысы жоқ түрлі ойындар көп. Біреудің пайда табуы үшін ойдан шығарылған мұндай ойындар мән-мағынасыз болса да адамды өзіне елітіп әкетеді. “Айталық, карта ойындарының компьютердегі баламасы, рулеткалар, ойын автоматтары – бәрі де ойын казиносының компьютерлік нұсқалары. Осы ойындарға тәуелді болудың жолдары бір-біріне өте ұқсас, сондықтан қайсысы болсын қауіпті”, – дейді маман.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы Зылиха Бимақанова ойынханалардың тарихы әріден басталатынын айтады. Оның айтуынша, “казино” сөзі итальян тілінен аударғанда “саяжай үйі” деген мағынаны білдіреді екен. Монако Княздігінің князі Чарльз Грималди құмар ойын әуесқойлары жиналатын орын ашуға бастамашы болған. Осылайша 1863 жылы алғашқы казино пайда болыпты. “1895 жылы әлемде “қарулы қарақшы” деп аталатын алғашқы ойын автоматы жұмыс істей бастаған. Бұл құрылғыны америкалық механик Чарльз Фей ойлап тапқан. Қазіргі уақытта мұндай автомат кез келген казинода кеңінен тараған және оның ажырамас бөлігі”, – дейді тарихшы.

Біз пікірлескен мамандар ойынқұмарлыққа шалдыққандардың қарапайым адамдардан еш айырмашылығы жоқ екендігін жеткізді. Осы ретте менің ойыма құрбымның басына түскен бір оқиға түсіп отыр. Жан досыма айналған Айзеренің (есімі өзгертілді ) бірнеше пәтері бар. Жалға береді. Өткен жылғы қыркүйек айында бейтаныс студенттермен келісімшартқа отырған. Олар баспанада бір жылға жуық тұратындарын, пәтерақысын шәкіртақылары түскен кезде төлейтіндерін, әлеуметтік жағдайлары қиын екендіктерін айтқан. Ақкөңіл құрбым жеткіншектерді туған інісіндей көріп, үйінің кілтін табыстап кете барады. Арада он, он бес күн өтеді. Пәтерін жалға алғандардан хат та, хабар да жоқ. Телефон соғады, тұтқаны ешкім көтермейді. Жұмыстан шығып, бірден қаланың орталығында орналасқан пәтеріне барады. Есікті бұрын көрмеген бейтаныс жан ашыпты. Әлгі студентсымақтар жалған келісімшарт арқылы құрбымның баспанасын басқа кісілерге екі есе қымбат бағамен жалға беріп кеткен екен. Арада бірнеше ай өткен соң жігіттердің ойынқұмарлық дертіне шалдыққанын, біреудің он шақты пәтерін арам пиғылмен жалға бергенін біледі. Бірнеше ноутбук пен көлікті қолды қылған олар бүгінде темір тордың арғы жағында отыр.

Мұндай фактілер жиі кездесетінін облыстық полиция департаментінің мамандары да растайды.

“Департаментке келіп түсетін арыздардың дені алаяқтыққа қатысты. Ал алаяқтардың біразы осы дертке шалдыққандар. Қалтасындағы қаржысын ойынханаларға салып жіберген жандар басқаның мүлкіне көз тігеді, арам жолмен қаржы табуды ойлайды. Ойынқұмар адамды жүріс-тұрысынан, сыртқы келбетінен басқалардан айыра алмайсың. Нашақор мен маскүнемді бірден көресің ғой. Мысалы, лудоман – смартфонды өзімен бірге дәретханаға алып кіріп, бір минуттың ішінде 1 млн. теңгені ұтысқа тігіп, түк болмағандай шығуы мүмкін. Ол үшін ешқайда бармайды да, смартфонда оған қажеттің бәрі бар”, – дейді департаменттің маманы Сән Жұмағазина.

Мамандардың ойынқұмарлықты ауру деп танитынын жоғарыда айттық. Әлемнің Қытай, Америка Құрама Штаттары, Ресей сынды бірқатар елінде құ­мар ойынға құ­ныққандарды емдеп-сауықтыратын арнайы ұйым­­дар бар. Ал Қазақстанда “Алко­голизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын нау­қас­тарды мәжбүрлеп емдеу туралы” арнайы Заң болғанымен, олардың қатарына ойынқұмарлар жатпайды. Тіпті диспансерлік есепке де алынбайтын көрінеді.

Мамандардың дерегінше, лудомандардың орта жасы 16 мен 40-ты құрайды. Бұл дегеніміз елдің ертеңі үшін еңбек ететін жандардың казиноның шырмауына маталып, өз болашақтарына балта шауып жатыр деген сөз. Қазір бәріміз ғаламтор ақпараты селдей тасыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Бұрын айшылық алыс жерлерден жеткізілетін хат-хабарлар қазіргі күні бір секундтың ішінде қолымызға түседі. Саралап, сараптауға, таразылап, таңдауға көбіміздің мұршамыз, тіпті рухани иммунитетіміздің күші жетпей жатады. Біз Олег Матвеевпен әңгімелесіп отырып, мынадай дерекке назар аудардық. Ол қазіргі жастардың денінің шыдамсыз екенін, аз еңбек етіп, мол ақшаға кенелгісі келетінін алға тартты. “Олар ақша тігу арқылы мол ұтысқа кенелемін деп ойлайды. Басында ұтуы мүмкін, бірақ кейін он есе жоғалтатынын білмейді”, – дейді.

Ойынқұмарлар Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ереже бойынша емделмегенімен, жергілікті мамандар оларды дүниежүзілік протокалға сәйкес оңалтуға тырысады екен. Мәселен, химиялық тәуелділігі бар нашақор мен маскүнем үш кезеңнен өтуі тиіс. Оның біріншісі – наркологиялық орталық, бұл жерде бірінші кезекте ағзаны тазартады. Түрлі препараттарды қолданады. Сол жерде маскүнем 21 күн, нашақор 45 күн жатып, физикалық қалыпқа келеді. Ал реабилитациялық орталықта психологияға басымдық беріледі. Оның бұл жолға түсуіне не себеп болғанын анықтап, мәселені шешуге көмектеседі. “Яғни біріншісі – физикалық коррекция, екіншісі – психологиялық реабилитация, үшіншісі – әлеуметтік оңалту, бұл жерде әлі де толық шешілмеген проблемасы болса, шағын социум арасында оңалтудан өтеді. Ойынқұмарларды емдеу үшін жарты жылдан бір жылға дейін уақыт керек”, – дейді маман.

Біз пікірлескен дәрігерлер де, көпті көрген алдыңғы толқын өкілдері де лудомандардың көбеюіне ата-ана мен ғаламторды кінәлайды. Бұл мәселенің бір ұшын отбасындағы жағдайға тірейді. Ұлттық құндылыққа қанып өспеген бала, болашақта ғаламтордың тәрбиесіне елтуі ғажап емес. Отбасында мейірім мен қамқорлықтың же­тіспеушілігі, әке мен шеше арасындағы қа­рым-қатынастың күрде­лілігі, қа­тыгездікпен астас­қан әсіре­талапшылдық пен ас­там­­шыл­дық сынды фактілер де қоғамда ойынқұмарлар санын ұлғайтып отыр. Біз психологтан лудомания дертіне шалдыққан пациенттердің бірімен кездестіруін өтінген едік. Бұл мүмкін болмады. Алайда маман өзінің клиентімен болған шағын диалогтың қалай өрбігенін бізге баяндап берді. “Лудомандар, яғни, құмар ойынға тә­уелділер алғашқы ойындарын, ең алдымен, өз үйлерінде көр­генін айтады. Көбі ата-анасы немесе олар­дың достары құмар ойын­­ды қалай құныға ойнағанын ба­қылаған. Міне, тәуелділіктің бір ұшы үйдегі тәрбиеде дейтініміз сон­дықтан. Бала – өзінің көріп-білгенін қайталайтыны секілді, әке-шешесінің құмарта ойнағаны баланы бейжай қалдырмайтынын аңғарамыз”, – дейді ол.

Тағы бір себебі – ойынға құмартқандардың басым бөлігі өздерін жалғыз сезінеді екен. Одан арылу үшін көбі ойын ойнайды. Ұтқан сәтте өздерін құдды бір құдіретті адамдай көреді, жеңілсе, жігерлерін құм етеді.

Иә, ғаламтордың өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғанына біраз уақыт болды. Оның балалардың ойынханасына айналып бара жатқанын да мойындауымыз керек. “Телефонды үй тапсырмасын орындау үшін пайдаланып отырмын”, – деген балаңыз онлайн-казиноға кіріп, шөміштеп жиған мүлкіңізді ұтысқа қоймайтынына кім кепіл болады. Ойланайық, ағайын!

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp