“Қызылжар” футбол клубы жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны аясында жерлестеріміз 6 жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
“Қызылжар” клубының оқу-жаттығу жиыны 2 кезеңнен тұрмақ. Алғашқысын жерлестеріміз Түркияның Белек қаласында өткізеді. Жаңа маусымға дайындық аясында солтүстікқазақстандық аяқдопшылар алғашқы жолдастық ойында өзбекстандық “Навбахор” командасымен кездесті. Бұл матчта жерлестеріміз қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түсті.
Екінші ойынды “Қызылжар” ойыншылары Венгрияның “Ньи-редьгаза Спартакус” клубына қарсы өткізді. Бұл кездесуде 3:1 есебімен жеңіліп қалды.
– Биыл клубымыздың құрамы 80 пайызға жаңарды. Қатарымызға жаңа ойыншыларды қосамыз. Бүгіндері оқу-жаттығу жиынына “Қызылжар” футбол орталығының аяқдопшылары қатысуда. Олардың арасынан үздіктер іріктеліп алынады. Алдағы уақытта жиынымызға өткен жылы өнер көрсеткен легионерлер қосылады, – дейді “Қызылжар” клубының бас бапкері Али Алиев.
Екі күннен соң “Қызылжар” клубы косовалық “Дукаджини” командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Кейін солтүстікқазақстандық ұжым Косово мемлекетінің тағы бір командасы “Гжилани”, словакиялық “Михайловице” және польшалық “Лехия Гданьск” клубтарына қарсы ойындар өткізбек.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.