Мемлекет басшысы “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің зор әлеуетін толық пайдаланбай отырғанымызды айтты. Осы салада нақты серпіліс жасау қажеттігін, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру іргелі міндет екенін жеткізген болатын. Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдаудың маңыздылығына тоқталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Осы орайда “Ауыл аманаты” бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал”, – деп атап көрсеткен болатын. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кететінін, осы себепті салада маңызды реформа жасайтын кез келгенін ескерткен.
Бүгінгі таңда облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен шағын және орта бизнес өкілдері “Ауыл аманаты” мемлекеттік бағдарламасына қатысуға үлкен мүдделілік танытып, оның аясында бизнес ашуға болмаса ісін кеңейтуге зор мүмкіндіктер алып отыр. Бұл жоба Президенттің 2022 жылдың 26 қарашадағы “ҚР ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” Жарлығында айқын көрініс тапқан. “AMANAT” партиясы және оның жергілікті құрылымдары тарапынан қанатқақты жобаның шартталаптары кеңінен түсіндіріліп, мобильдік топтар елді мекендерді аралап шықты. Аманаттықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың: “Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені елге біртіндеп тарату қажет”, – деген нұсқауын Үкіметпен бірлесіп шеше отырып, жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыруға белсенділікпен кірістік. Деректерге сүйенсек, ауылда республика тұрғындарының 41 пайызы, яғни 7,7 млн. адам тұрады. Бірақ ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табыс көзінің айырмашылығы 38 пайызды құрайды. Демек, озық бағдарлама осындай олқылықтардың орнын толтыруды діттейтіні анық. Екіншіден, оның шеңберінде көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, ауылдықтар өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие, сондай-ақ техниканы лизингке оңай рәсімдей алады. Қарыз алу шарттары өте тиімді, коммерциялық банктермен салыстырғанда пайыздық мөлшерлеме төмен. Атап айтқанда, несиелеу мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар мерзімі – 7 жыл. Номиналды сыйақы көлемі – 2,5 пайыз ғана. Алған техниканың 50 пайызы субсидияланады. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отырғандықтан, елімізде бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі – 36 пайыз. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 млн.-ға жуық. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 млрд. доллардан асып, 1,5 трлн. теңге инвестиция тартылды.
Мемлекет басшысы былтыр жыл аяғында “Алтын сапа” және “Парыз”, “Қазақстанның үздік тауары” байқауларының жеңімпаздарын – ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсіміне жолдаған құттықтауында жедел түрде атқарылатын бірқатар міндеттерге тоқталды. Оның бірі – инвестициялық климатты жақсартуға ықпал ету, бюрократияға мүлдем жол бермеу, барынша нақты іс-әрекет қағидатын басшылыққа алу. Тапсырмаға сәйкес, өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар биылдан бастап үш жылға салықтан босатылады. Бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудан қорғау шараларының нәтижесінде кәсіпкерлік саладағы тіркелген қылмыстар саны екі есеге азайды (837-ден 402-ге дейін). Инвестициялық жобаларды прокуратура органдарының сервистік қадағалауына баса мән беріліп, “жасыл дәліз” қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізілді, рұқсат беретін құжатты алу ісі оңайлатылды. Жер учаскелерін беру және коммуникация жүргізу жұмыстары жеңілдетілді.10 мыңнан астам заң нормасы жаңа реттеуші саясаттың негізгі талаптарына сай келмейтіні анықталып, 90 пайызының күші жойылды. Жоспарлы инспекция жасау екі есе қысқарып, айыппұлдар саны бірнеше есе азайды.
“Ауылды дамыту, түптеп келгенде, Қазақстанды дамыту деген сөз. Сондықтан биыл “Ауыл аманаты” жобасын бастадық. Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 млрд. теңге бөлінеді. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Болашағы бар шағын және орта бизнеске басымдық беріледі. Яғни мемлекет өндірістік қабілеті жоғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді”, – делінген Президент құттықтауында.
Қанатқақты жоба өңіріміздің барлық аудандарын қамтитын ауқымды бағдарламаға айналып, партияның жергілікті филиалы кредит берудің негізгі шарттары мен тәртібін регламенттейтін қағидаларды түсіндіру, басым бағыттары мен қатысушылардың нақты тізімін анықтау, тиімді іріктеу жолдарын қарастыру, қаражаттың қайтарымдылығын арттыру, бір сөзбен айтқанда, дұрыс ақпараттандыруды басты назарға алған. Қаражатты ісін жаңа бастаған болмаса жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, жасы зейнеткерлікке толмағандар, тауарларды өндіру, өткізу, сату қызметімен шұғылданатындар, қосалқы шаруашылық мүшелері, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, атаулы көмек алушылар рәсімдей алатыны, ол үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі, рәсімделген несиелерде берешектің жоқтығы, жер телімі, қора-қопсы, тағы басқа қажетті жағдайлардың болуы талап етілетіні түсіндірілді. Бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға және сүт, ет өндірісі, құс, балық шаруашылығы жобаларын қаржыландыруға басымдық берілетіні айтылды. Азаматтар мен жергілікті әкімдіктер әдістемелік жағынан сүйемелденіп, өтінімдер қабылдау мен қаражат бөлуді дұрыс қамтамасыз ететін жобалық кеңселер құрылды.
Бағдарлама іске қосылғалы негізгі оператор саналатын “Солтүстік” ӘӘҚ-ның қаржылық қолдауы арқылы былтыр 250 өтінімнің 236-сы мақұлданып, 1,8 млрд. теңге бөлінді. Солтүстікқазақстандықтар негізінен мал шаруашылығына, техника мен жабдықтар сатып алуға, сауда-саттыққа басымдық берген. Берілген несиенің орташа мөлшері – 7,3 млн. теңге.
Өңірде “Ауыл аманаты” жобасының шапағаты мен игілігін көріп отырғандар аз емес. Қызылжар ауданының 45 тұрғыны жалпы сомасы 398 млн. теңгеге жеңілдікті несие рәсімдеп, қосымша жұмыс орындарын ашты. Станислав Волков техникалық қызмет көрсету станциясына қосымша жабдық сатып алуға 8 млн. теңге несие алды. Екі көтергіш орнатып, ауланы жүз шаршы метрге дейін кеңейтті, сөйтіп екі көлікке арналған боксты іске қосты. Тәжірибелі шебердің алдағы мақсаты – станция аумағын ұлғайту, қосымша жұмыс күшін тарту. Әмір Баукенов қой өсірумен айналысады. Өзінің қорасындағы 120 Шопан ата түлігіне тағы 115 бас қосылып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Саулықтардың алды қоздап, қотан түлікке толды. Фермада үш ауылдасы еңбек етеді.
Мәдина Қабаева жерлестеріне лазерлік эпиляция бойынша қызмет көрсетеді. Германиядан жеткізілген заманауи “Holkon” аппараты 3 млн. теңге тұрады. Ол – мамандығы бойынша дерматокосметолог. Жаңа кәсіпті тез меңгеріп алған. Жарты жылдың ішінде шығындарды өтеп, нақты табыс табуға кірісіп кеткен. Ендігі ойы – басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатысу.
Сатыбалдиндер отбасының тауық өсіретін фермасы үйдің ауласында орналасқан. “Ауыл аманаты” аясында 2,5 пайыздық жеңілдікпен 8 млн. теңге несие рәсімдеп, бастапқыда 800 мекиен сатып алған. Қазір мекиен саны көбейіп, жұмыртқа өндірумен де айналысады. Таза экологиялық өнімді өткізуде іркіліс жоқ, үлкен сұранысқа ие. Сағитовтардың кәсібі де осыған ұқсас, тек айырмашылығы бұлар шағын бөдене фермасын құрған. 1500 бөдене жылыту және желдету жүйесі талаптарға сай, су автоматты түрде берілетін жылы орында бағылады. Үш инкубатор жұмыс істейді. Айта берсе, мұндай мысалдар аз емес.
Былтыр “Ауыл аманаты” бағдарламасына республикалық қазынадан 17 мың шағын несие беріліп, 18 мың жаңа жұмыс орны, 400 кооператив құрылған. Елімізде әлі 270 мыңдай шаруа қожалығы бар. Енді оларды ірілендіру бағытындағы жұмыс жанданбақ. Биыл 100 млрд., 2025-2026 жылдары 50 млрд. теңге мөлшерінде қаражат қарастырылған. Қаражат Ауыл шаруашылығы мен Қаржы министрліктері және облыстық әкімдік арасында жасалатын үшжақты келісім шартына сәйкес аударылады. Ауылдықтардың қызығушылығын тудырып, үлкен үміт артып отырған және де аграрлық кооперацияның дамуына айқара жол ашатын жобаның тиімділікпен жүзеге асуына аманаттықтар да мүдделі. Ең бастысы, бағдарламаның ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы табысты арттыруды, кәсіптік мамандануды, қосалқы шаруашылықтарда мал мен құстың басын көбейтуді қамтамасыз ететін жалпы мемлекеттік ауқымын жұртшылық жақсы сезініп отыр.
Жеңіс АСАНОВ,
“AMANAT” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы.