Бүгінгі күн адамзаттың жаңа тарихындағы ең бейбіт кезеңдердің бірі саналады. Жиырмасыншы ғасырдағы небір дүрбелең мен ұрыстардан, адам сенгісіз өзгерістерден өткен адамзат 21 ғасырға табан тіреп, тыныш өмірдің бәйтерегін саялап тұрғандай. Соңғы бірнеше онжылдықта дүниежүзіндегі көңіл күймен бірге адамдардың өмір салты да өзгерді. Ескінің көбі келмеске кетіп, адамдардың мойнына жаңа міндеттер жүктелді.
Жер шарының қазіргі тұрғындары осыдан жүздеген жыл бұрынғы бабаларындай шыжыған күннің астында бидайдың арамшөбін жұлып, күндік тамағын табу үшін қара терге түсіп жұмыс істемейді. Байқасақ, өркениет ілгері дамып, ғылым-білім өркендеп, жұмыс жағдайы жақсарып, гуманистік идеялар тамыр жайған сайын адамзат басындағы бес батпан сорынан арылуы керек еді. Тұрмыстық жұмыстың бәрін техникаға тапсырған Жер бетіндегі саналы тіршілік иелері бақытқа кенелуге тиіс болатын. Алайда қазіргі тіршіліктің торына шырмалған жандарды көріп, ғасырлар өтсе де көп нәрсенің өзгермегенін аңғарасың. Қазіргі еңбек адамдары өзі таңдаған жұмысты істеп, жайлы кеңседе отырғанымен осыдан жүздеген жыл бұрын тер төккен бабаларынан бақытты болып кетті деу қиын. Өйткені сәт сайын өзгерген қоғам адамға бұрынғыдан да көп жауапкершіліктер жүктейді. Кейбіреулердің психикалық ауытқушылықтарға ұшырап, айналасына зиян тигізуіне де осы себеп.
Бір сәт қазіргі қазақ жастарының өміріне осы тұрғыдан қарап көрейікші. Мысалы енді ғана жұмысқа тұрған жас маманның алдында мыңдаған мақсат тұрады. Адам соған жету үшін күнделікті аянбай жұмыс істейді. Жұмыстан бөлек отбасын құру, баспана, көлік алу, денсаулығын күту сияқты жеке басының мәселелері көп. Оны былай қойғанда күнделікті кездесулер, басқосулар, сол сияқты толып жатқан шаралар бар. Мұның сыртында несиесін жауып, сәнді киініп, жыл сайын телефонын жаңалап, әлеуметтік желідегі парақшасында сурет жариялауға мүмкіндік табу керек. Осының бәрі аз болғандай өзін-өзі дамыту бойынша курстарға жазылып, семинар, тренинг жағалап, бай болу, мансапта биікке жету туралы ел аузында жүрген кітаптарды оқуға уақыт табуы тиіс. Осындай ырғақта өмір сүрген адам үнемі әлдеқайда асығып, айналасына зер салуға мүмкіндігі болмайды. Осылайша таңның атқаны мен күннің батқаны арасындағы уақыт көрген түстей өте шығады. Мұның бәрі жастарымыздың психикалық денсаулығына кері әсер етіп жатқаны рас. Осыншама зор жауапкершілікті арқалаған кезде талай жастың жүйкесі сыр беріп, ауруға шалдығары анық. Соның салдарынан қаншама қазақ жастары өмірден мән таппай, тірліктен баз кешіп, жазғыздық азабын тартып жүр. Ал өткен жылы жүргізілген зерттеулер тіптен жаға ұстатарлық. Деректерге сүйенсек, елдегі жастардың 70 пайызы күйзеліс, ұйқысыздық, апатиядан қиналып жүр. Бұл әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда 5 есеге көп. Әрі елдегі осындай психикалық қиыншылыққа тап болатындардың да ең көбі – кейінгі буын өкілдері. Мұның да себебі көп. Оқу орындарындағы білім сапасы, денсаулық сақтау, өмір салты, тұрмыс жағдайы, бос уақытты өткізудің бәрі адамның психикалық жай-күйіне әсер етеді. Бүгінде елдегі жастардың 21 пайызы ұйқысыздыққа, 16 пайызы апатияға, 15 пайызы күнделікті көңіл күйдің болмауына, 13 пайызы уайым мен қорқынышқа, 12 пайызы күйзеліске ұшыраған.
Жастар ғылыми зерттеу орталығы жүргізген зерттеуде де жастардың 70 пайыздан көбі қапалы екені көрсетілген. Ондағыларда қорқыныш, депрессия, ұйқының жайсыздығы психикалық ауытқушылық басты себеп екенін анықтап отыр. Аталған мәселеге қатысты аға буынның көзқарасы да бөлек.
– Адам тіршілігінің басты шарты – адамгершілікке сай дұрыс өмір сүру. Бүгінгі жастардың көбі осыны ұмыта береді. Бәрі шетінен миллионер, жұлдыз, басшы болғылары келеді әрі ол мақсаттарына оңай жетуді қалайды. Еңбексіз, талапсыз мұның бәрі қайдан болсын. Осыдан барып жастардың күйзелуі, өзін-өзі жоғалтуы басталады. Ешкім айналадағыларға өз әлсіздігін көрсеткісі келмейді. Тіпті отбасына да басындағы мәселесін айтпайды. Барлық сұрақтың жауабы ғаламтордан іздеп үйренгендер келе-келе жалғыздыққа тап болады. Қалған ауытқушылықтың бәрі жалғыздықтан туады. Қоғамнан шет қалған адам іштей тұйықталып, теріс бағытқа түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан да аға буынның мейілінше жастармен жиі кездесіп, мәселелерін тыңдап, қиындықпен бетпе-бет қалуына жол бермеу керек, – дейді қала тұрғыны, Шамшия Нұрғалиева.
Жыл өткен сайын психикалық аурулар жасарып келеді. Жастар санатына жататын бүгінгі мектеп оқушыларының өзі ертеңгі күнге үреймен қарайды. Бұл жайға елдегі мамандармен қатар халықаралық ұйымдар да алаңдаушылық білдіріп отыр. ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық филиалының деректері бойынша, Қазақстандағы 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің өзінде өмірге көңілтолмаушылық бар екен. Бұл жастағы мектеп оқушыларында бас ауруы, жайсыздық, нашар көңіл күй жиі кездеседі. Былтыр өңірде екі жасөспірімнің өзіне қол жұмсап, тағы бірнешеуінің осындай әрекетке талпынғаны жастар тәрбиесіне жіті мән беру керектігін көрсетеді. Қиын жағдайда қалған жастарға кеңес беру үшін бүгінде елде жастар денсаулық орталықтары ашылған. Өңірдегі психикалық денсаулық орталығы түрлі дерттердің алдын алу, емдеу бойынша бірнеше бағытта жұмыс істейді. Мұнда жастардың психикалық саулығына қатысты семинарлар мен кездесулер жиі ұйымдастырылады. Осы салада жүрген мамандар үшін “дөңгелек үстел” отырыстары мен практикумдар өтеді. Сұрағына жауап таппай қиналған жасөспірімдер мен үлкендер үшін сенім телефоны жұмыс істейді. Онда кез келген адам анонимді сауал тастап, маманмен кеңесе алады.
– Егер мән бермесе қарапайым жайсыздық пен көңіл күйдің болмауының өзі үлкен дертке шалдықтыруы мүмкін. Оның ақыр аяғы наркоманияға ұрындыруы ғажап емес. Қазіргі буынның бойындағы күйзеліс, ұйқысыздық, себепсіз уайым, ерік-жігердің жоқтығы денсаулыққа әсер етеді. Балалық шақ кезеңінен өтіп кеткен, ал ересек өмірде өз орнын таппаған жандар пұшайман күйде өмір сүреді. Кейін жастар өз саласын таңдап, бағытын айқындағаннан кейін мұндай күйден арылу керек. Жастық шақ – адам өміріндегі ең жауапты кезең болғандықтан одан өту қиын. Алайда бұл уақыттағы мәселенің бәрі адам есейіп, ержеткеннен кейін біртіндеп шешілуі керек. Егер олай болмаса, мамандардың кеңесіне жүгінген жөн, – дейді психолог Ләззат Бекенова.
Жастардың мұндай күйге түсуінің қоғам үшін зияны орасан. Күйзеліп жүрген адам қоғам өмірінен шеттеп, әлеуметтік ортаның игілігі үшін жұмыс істеуден қалады. Ең жаманы мұндайлар қылмыс жасап жатса да шімірікпейді. Жастардың түрлі дертке шалдығып, есірткі пайдаланып, алаяқтық жасап жатқаны жайлы деректер ай санап өсіп жатыр. Бұл да кейінгі буын өкілдерінің бойындағы әлсіздікті көрсетеді. Жуырда жергілікті университетте жанжал шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға былапыт сөздер айтқан студентке қатысты сот отырысы өтті. Оның психикалық орталықта есепте тұрғаны белгілі болып, іс жабылған. Ал қала колледждерінің бірінде өзін-өзі ұстай алмаған біреудің қасындағы адамға пышақ ала жүгіргені белгілі болғаны кеше ғана. Егер жастардың психикалық денсаулығына мән бермесек қылмыс саны арта бермек.
– Қазіргідей сәт сайын мың құбылған заманда жастардың іс-әрекеті де тұрақсыз. Олар бұрынғыдай өмір бойы бір салада еңбек етіп, бір ғана жұмысты істеп жүре алмайды. Бұған уақыттың өзі мүмкіндік бермейді. Ал қоғам болса оларға бұрынғы өмір салтын, өз ұстанымдарын сіңіргісі келеді. Меніңше осыған шыдамаған жастар ауытқушылыққа ұрынады. Қазіргі жастарды қатаң талап қойып, шектеп, тыйым арқылы жөнге салуға болмайды. Бұл жағдайды тіптен ушықтырады. Кей кездері жастардың өздеріне ерік берген жөн. Өз кезегінде кейінгі буын да бойкүйездіктен арылып, бос уақытын дұрыс пайдаланып, мағыналы іспен шұғылдануы керек деп санаймын, – дейді жастардың бірі Азамат Мұқышев.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.