Қызылжарлық “Қарлығаш” би ансамблінің жас бишілері Мәскеуде өткен өнер бәйгесінде бақ сынап, жүлделі оралды. “Московская время” би байқауына барлығы мың жарымнан астам өнерпаз қатысқан. Қызылжарлық өрендер жүзден жүйрік атанып, бірінші орынды иеленді.
– Сайысқа шағын құрамда 21 қатысушыны апардық. Өнер бәйгесі екі күнге созылды. Біз орындаған туындылар өзгелердікінен ерекшеленіп тұрды. Қазақ биіне қазылар алқасы мен көрермендер тәнті болып, жоғары бағасын берді. Байқауға ұзақ уақыт дайындалған еңбегіміз ақталып, бірінші орын иеленгеніміз үшін қуаныштымыз, – дейді “Қарлығаш” би ансамблінің көркемдік жетекшісі Галина Жумалеева.
“Қарлығаш” ансаблінің ашылғанына жарты ғасырдан асты. Осы уақыт аралығында өнер ұжымы талай республикалық, халықаралық байқауларда топ жарған. Жыл басында “Қарлығаштың” қоржыны тағы бір үлкен жүлдемен толығып отыр.
– Байқауда екі би орындадық. Оның бірі “Солтүстік бояулары” болса, екіншісі – “Сұлу қыздар” туындысы. Біз жетекшілеріміз үйреткендей билеп, сәтті өнер көрсетіп шықтық, – дейді ансамбль мүшесі Нұрай Асқарова.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.