Шал ақын ауданындағы Жаңасу ауылының тұрғындары бір аптадан бері сусыз отыр. Елді мекендегі су мұнарасы істен шыққан.
Қыс басталғалы жаңасулықтар судан тапшылық көріп келеді. Былтыр жөндеуден өткен су мұнарасы екі күннің бірінде қатып қалатын көрінеді. Амалы құрыған тұрғындар әлеуметтік желіге бейнежазба жариялап, көмек сұрады. Олардың айтуынша, мұнара қалыпты жұмыс істеуі үшін үнемі қыздырып отыру қажет. Көліктері бар тұрғындар тіршілік көзін басқа жақтан тасуға мәжбүр. Мұнара о баста дұрыс салынбаған, мамандар су қатпауы үшін сорғы қоймапты.
Шал ақын ауданы әкімдігінің мәліметінше, былтыр Жаңасу ауылының су құбыры желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген. “Су мұнарасы 1970 жылы салынған. Мұнара қатып қалды. Қазіргі уақытта оны еріту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс бір тәулік ішінде аяқталады”, – делінген әкімдік мамандары берген жауапта.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.