Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандық атақты велошабандоз, Олимпиада чемпионы, “Astana Qazaqstan Team” командасының бас менеджері Александр Винокуровпен кездесті.
Жерлесіміз отандық велоспорттың дамуы мен шетелдерде танымал болуына зор үлес қосып келеді. Ал оның ұлдары – Алекс пен Николя да әке жолын таңдаған. Бүгінде веложарыстан түрлі додаларға қатысып, облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Николя – 23 жасқа дейінгі топтық жарыста Қазақстанның екі дүркін чемпионы және жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері.
Бұдан бөлек, солтүстікқазақстандық велошабандоздардан құралған “Vino SKO Team” континенттік командасы республикалық және халықаралық веложарыстардың бел ортасынан көрініп жүр.
Кездесуде жергілікті жерлердегі спорттың дамуына жасалып жатқан қолдау, спорт нысандарын салу арқылы саламатты өмір салтын жандандыру мәселелері де талқыланды.
“Тағы бір даңқты велоспортшымыз Алексей Луценко биыл жазда Парижде өтетін Олимпиадада бақ сынамақ. Алексейге Александр Винокуровтың ерлігін қайталап, Олимпиада чемпионы болуын тілеймін!”, – деді Ғауез Торсанұлы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.