Еліміз тәуелсіздік алып, жаңа нарықтық экономикалық қатынастарға көшуіне байланысты бұрынғы құрылымдарды, оның ішінде мемлекеттік қаржылық бақылау саласын реформалау қажеттілігі туындады. Осы орайда бюджеттік үдерістердің кең ауқымды шараларының бірі – қазынашылықты құру болды. Президент Жарлығымен 1994 жылы 27 қаңтарда Қаржы министрлігі жанынан Бас қазынашылық басқармасы ашылып, бұл қаржы жүйесін жандандыру және бюджеттің орындалуын тиімді басқару жолындағы маңызды қадамға айналды. Оған мемлекеттік бағдарламаларды жедел қаржыландыруға, түсімдерге, кірістер мен шығыстарға бақылау жасау, мақсатты пайдалану, қаржы және бюджеттік заңнамалардың сақталуын қамтамасыз ету міндеттері жүктелді. Қысқа мерзім ішінде экономиканы тұрақтандыруға үлкен үлес қосып, келешегі мол қаржы институты ретінде танылды. Қаржы операцияларының ашықтығын басты бағдар ете отырып, қаржы құралдарын дамытуда елеулі жолдан өтті. Маңызды жетістіктерінің бірі – заманауи технологияларға көшу. Цифрлық инновацияларды енгізу көптеген үдерістерді автоматтандыруға мүмкіндік берді. Электрондық есеп және мониторинг жүйелері қазынашылық жұмысын барынша тиімді етті, азаматтар мен бизнес қауымдастықтарының сеніміне ие болды.
Жергілікті бюджеттің атқарылуына бақылау функцияларын жүзеге асыратын қазынашылық департаменті кірістерді уақытылы есептеп, ақшалай ағынның ашықтығы мен шұғыл жүргізілуін реттеп отырады. Осында еңбек ететін 135 қызметкер 205 жергілікті, оның ішінде 190 төртінші деңгейлі бюджеттік мекемеге қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, 600-ден астам ұйым тұрақты клиентіміз болып табылады. Үдерістерді барынша автоматтандыру, алдыңғы қатарлы озық технологияларды пайдалану, әкімшілік және техникалық тәртіпті оңтайландыру, яғни жаңа ақпараттық жүйеге көшкелі жұмысымыз көп жеңілдеді. Қаржылық құжаттарды онлайн режімде өңдейтін “Қазынашылық-клиент” озық әдісі енгізілді. Квазимемлекеттік сектор субьектілерінің шоттарына қызмет көрсету қолға алынды. Қазынашылықтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі (ИАЖ) барлық деңгейдегі мемлекеттік бюджеттің атқарылу пәрменділігін, мекемелердің нысаналы мақсатын арттырып, қаржы құжаттарын жүргізу айналымын жылдамдатты.
Өз-өзіне қызмет көрсету режімінде жұмыс істейтін “Қазынашылық-клиент” жүйесі арқылы заманауи, интеграцияланған және тиімділігі жоғары ақпараттар ұсынылып отыратындықтан, клиенттермен өзара іс-қимыл байланысы жақсара түсті. Мұның өзі қаржылық құжаттарды дербес сұрыптаудың және оларды қазынашылық органдарға жіберудің оңтайлы мүмкіндіктеріне жол ашты. Қазіргі уақытта мемлекеттік мекемелердің қаржылық құжаттарын электрондық форматта ұсыну автоматтандырылған. Мемлекеттік мекемелердің төлемдерін қабылдау, тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізу электрондық шот-фактуралар негізінде іске асырылады. Барлық саланы интеграциялау құжат айналымын, құжаттарды өңдеу уақытын азайтып, бұрмалаушылықтарға тосқауыл қойылды.
“Көлеңкелі экономиканы” еңсеру, құрылыс барысына мониторингті күшейту және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мақсатымен “Құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу” жобасы іске асырылды. Ондағы мақсат – құрылыс шарттарын орындау кезінде бюджет шығыстарына мониторинг жасау, осылайша мердігерлер мен қосалқы мердігерлердің салық төлеуін, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерінің ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңызы бар қала деңгейінде атқарылуын да қадағалап отырамыз.
Қазынашылық органдардың негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік мекемелердің қаржылық және төлем құжаттарын жедел және сапалы өңдеу. Осыған орай аудандық және қалалық бюджетке қатысты қызмет көрсету жөніндегі функцияларды талапқа сай орындау аса маңызды. Ай сайын орташа есеппен 4300-ден астам анықтама, мемлекеттік мекемелердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына түсімдер бойынша 1200-дей төлем, мемлекеттік мекемелерден 42000-нан астам төлем құжаттары өңделеді.
Мемлекеттік сатып алу комитетіне қосылу арқылы аумақтық қазынашылық органдарының функциялары кеңейтілді. Құрылыс-монтаж және жобалау жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу веб-порталында электрондық депозитарийді орналастыру және жүргізу жүзеге асырылады. Қысқа мерзім ішінде электрондық депозитарийге енгізілген 8 мыңнан астам мәлімет пен құжат тексерілді.
Қазынашылық жүйенің алдында тұрған стратегиялық және ағымдағы талаптарды білікті мамандардың қатысуынсыз сапалы атқару мүмкін емес. Құжаттарды күнделікті тексеру табандылықты, ұқыптылықты, жеделдікті талап етеді. Ұжым А.Алазова, Т.Любых, С.Кальченко, Ф.Низамова, Ж.Жолдығұлова, Л.Борисова, Ғ.Бекбауова, Л.Фельдман, Л.Фиц, Н.Помогаева, Р.Гусева, тағы басқа еңбек майталмандарын әркез құрмет тұтады.
Бүгінгідей әлемдік сын-қатерлер кезеңінде инновациялық озық әдістерге сүйенгенде ғана еліміздің қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, экономикалық өсу қарқыны сақталады. Қаржыны тиімді басқару жүйесін дамыта отырып, одан әрі жаңғырту қазынашылық органдардың басты парызы болып қала береді.
Бақыт ТӨЛЕГЕНОВА,
облыстық қазынашылық департаменті басшысының орынбасары.