Бүгінгі таңда зияткерлік меншік алыс-жақын шетелдермен терезесі тең жүруге мүмкіндік тудыратын, бәсекелестік қабілетті арттыруға серпін беретін қуатты капитал саналады. Сондықтан осы салада мемлекеттік саясатты қалыптастыра отырып, іске асыру, оның ішінде контрафактілік өнімдерге қарсы күрес, құқықтық түсіндіру жұмыстары әділет органдарының басты міндеттерінің бірі болып табылады. Былтыр зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бағытында семинарлар, дәрістер, “дөңгелек үстелдер”, кездесулер түрінде бірқатар шаралар өткізілді. Бұдан бөлек, бөтен тауар белгісін заңсыз пайдалану бойынша тексерістер жүргізіліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабын бұзған кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салынып, тәркіленген контрафактілік өнімдер жойылды.
“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң уәкілетті органдарда, сараптама ұйымдарында және соттарда өтініш берушілер мен құқық иеленушілердің мүдделерін білдіретін патенттік сенім білдірілген өкілдер институтын жетілдіруге, құқық иелерінің заңды мүдделерін айқындауға айтарлықтай әсерін тигізді. Мәселен, тіркелмеген өнеркәсіптік үлгілер туралы норма құқық иелерін түпнұсқа бұйымдардың сыртқы түрін тікелей көшіруден қорғауға мүмкіндік береді. Тиісті талаптар мен түпнұсқаға сәйкес келетін өнеркәсіптік үлгідегі тауарлар құжат берілген күннен бастап үш жыл бойы тіркеусіз және құжатсыз қорғалуы мүмкін. Тағы атап өтетіні, егерде көрмеге қойылған, саудада пайдаланылған немесе кәсіпкерлік қызметтерде қолданылған болса, алғаш рет жарияланған (ашылған) болып есептеледі. Оның құқықтық қорғау мәртебесі сот тәртібімен жүзеге асырылады.
Отандық тауар өндірушілер зияткерлік меншіктің жаңа нысандарын енгізу арқылы әлемдік нарыққа да бойлай алады. Бұл жерде географиялық көрсеткіш басты рөл атқарады, ол белгілі бір сапалық белгілерімен сипатталады, тауар өндірісінде айтарлықтай орны бар деуге болады. Пайдалану патентін иеленген соң бұл белгілерді тауар атауында, қаптамада, жарнамада, шоттарда орналастыруға құқылы. Бұл құқық сараптама жасау ұйымына өтінім берілген күннен бастап есептегенде он жыл бойы қолданылады. Шарт-талаптар сақталған жағдайда, тауар иесінің өтініші бойынша географиялық нұсқауды және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығының қолданылу мерзімі он жылға дейін ұзартылуы ықтимал. Ұзарту шексіз қолданылуы мүмкін.
Географиялық нұсқаулар заңсыз пайдаланылса, ол азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады. Құқықтық қорғаудың мұндай жағымсыз оқиғалары Қазақстанның халықаралық беделіне, имиджіне теріс әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан зияткерлік меншік құқықтарының қорғалуында заң нормалары басшылыққа алынуға тиіс.
Самат ТОҚҚОЖИН,
облыстық әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы.