«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тың деректерге толы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С. Мұқанов атындағы облыс­тық әмбебап-ғылыми кітапхана­да өлкетану клубының кезекті оты­ры­сы өтті. Отырыстың мақсаты – 1913 жылы жарық көр­ген “Петропавл қаласының қысқаша тарихи очеркі” кітабының авторы, дәрігер Леонид Кузнецов­ты еске алып, ерен еңбегін дәріптеу. Биыл  өлкетанушының туғанына 155 жыл толып отыр.

Леонид Кузнецовтың жазып қалдырған “Петропавл қаласы­ның қысқаша тарихи очеркі” та­рихи баяндамасында мұрағат­тар мен музейлерде кез­деспей­тін құнды ақпараттар бар. Тарих­шы­ның туған жері – Курск губер­ния­сы. Ол 1887 жылдың қаңтар айын­да Мәскеуде заңсыз баспа­ха­на ашу ісіне қатысып, тұтқын­далғаннан кейін Ақмола облы­сына жер аударылған.

– Мамандығы дәрігер, соны­мен қатар тарих саласында елеулі еңбек сіңірген палеон­толог, археолог, бір сөзбен көп қырлы адам болған.  Қала­мыз­дың тарихында өзінің өшпес атын қалдырды. Жазған очерк­те­рінде кеден мұрағаттарының, шіркеулердің әдістемелік кітап­тарының материалдарын пайда­ланған. Қазіргі таңда бұл маңыз­ды құжаттар Алматы орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы, – дейді кітапхана музейінің қызметкері Юлия Пискунова.

Облыстық музейде өлкетану клубы 24 жыл бұрын құрылған. Клуб ұйымдастыру­шысының сөзінше, іс-шараға ке­летін әрбір көрермен ерекше қызы­ғушылық танытады. Басым көпшілігі – жастар.

– Мен бұл ұйымның мүшесі болғаныма үш жылдан асты. Әр­түрлі іс-шара ұйымдас­тыры­ла­ды. Тек қаланың тарихын біліп қой­май, осында өмір сүрген та­рихи тұлғалардың өмірбаяны­мен танысамыз. Мысалы, бүгін Леонид Кузнецовтың өмір жолы мен атқарған қызметі жайлы біл­дік, – деді тарихшы, клубтың бел­ді мүшесі Жұмабек Байбосынов.

Леонид Кузнецов Петропавл қаласынан кейін өмірі­нің соңына дейін Әзірбайжанның Гянджа қаласында тұрып, сонда дәрі­герлік қызметін жалғастыр­ған. Саналы ғұмырын адам ден­саулығын сақтауға арнаған ол 1941 жылы өмірден озды.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp