Оқушылар сарайында “ХимоКвиз” облыстық байқауы өтті. Байқауға 9 сынып оқушыларынан құрылған 20 команда қатысты. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп, демек байқаудың танымалдығы артып келеді. Қатысушы топтардың басты міндеті – қызықты әрі күрделі сұрақтарға жауап беріп, практикалық тапсырмаларды орындау, тәжірибелер жасау шешімдер қабылдау, тапқырлық және белсенділік көрсету.
Сан түрлі сынақтардан сүрінбей өтіп, бірінші орынды “Химиялық батырлар” тобы (“Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейі” КММ, жетекшісі Екатерина Калиничева), екінші орынды “ДНҚ” тобы (“Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп” КММ, жетекшісі Айнагүл Сәрсембаева), үшінші орынды “Сарапшылар” тобы (“Оқушылар сарайы” МКҚК, жетекшісі Алмагүл Бегалинова) қанжығасына байлады.
Қоршаған ортаны химиясыз елестету қиын. Біз әр секунд сайын қанша процесс жүретінін ойламаймыз, мәселен адамның миында бір уақытта 100 мыңнан астам химиялық реакциялар жүреді екен. Химия – қазіргі және болашақ туралы ғылым, сол үшін өміріміздің ажырамас бөлігі болып саналады.
– Жеңімпаздарға дипломдар табысталды, ал конкурсқа қатысушыларға сертификаттар электрондық поштаға жіберіледі. Қазылар алқасына жұмысы үшін алғыс білдіреміз, байқаудың барлық қатысушыларына табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз, – дейді шараны ұйымдастырушылар.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.