«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Қамажай” — халық әні емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың ән өнері де халқымызбен тағдырлас. Қазақтың басынан өткен небір алмағайып замандар ән мұрамызды да айналып өткен жоқ. Сол кезеңде талай құнды мұраларымыздан көз жазып, қолда барды әрең сақтап қалдық. Содан да болар, кей туындылардың авторы, тарихына қатысты таластар бүгінгі күнге дейін толастамай келеді. Бұл мақаламызда айтпағымыз бертінге дейін “халық әні” болып ел арасына кеңінен таралған “Қамажай” әнінің авторы, әннің кімдікі екендігі жайында.

“Egemen Qazaqstan” газетінің журналисі Маржан Әбіш “Қорап­шадан шыққан “Қамажай” атты мақаласында: “Қамажайдың” та­рихы сонау ежелден тамыр тарта­ды. Тіпті әннің әуеніне қазақ­тың ұлттық биін билеу де дәстүр­ге айналып кеткен. Ал ән әу бастан “халық әні” делінеді. Авторы­ның кім екені зерттеліп, анықтал­ған жоқ. Дегенмен “Қамажай” әні­нің алғашқы атауы “Әуез-ай” бол­ғаны, ол Құлеке батырдың әні екені жөнінде сөз бар. Сондай-ақ қазіргі айтылып жүрген сөзі ав­тордың өзінікі емес деген пікір ай­тылып жүр. Құлеке батырдың “Қа­мажай” әні бір уақытта Ақтоғай, Балқаш өңіріне кеңінен тараған ән деседі. Бірақ ән тарихы тура­лы еш жерде ештеңе жарияланбаған”, – деп жазыпты.

Мақала авторының “ән тари­хы туралы еш жерде ештеңе жа­рияланбаған” дегенімен келісуге болмайды. “Қамажай” әнінің ав­то­ры Сегіз серінің ұлы Мұстафа екен­дігіне бір дәлеліміз атақты әнші, жазушы, өнер зерттеушісі Жәнібек Кәрменовтің мына ой-пікірі: “Мұстафа қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ау­да­нының Гүлтөбе-Маманай де­ген жерінде туған. Әкесі Сегіз сері елге атағы жайылған әнші, ақын болған. Мұстафа әке жо­лын қуып, ән шығарған, қобыз, сыбызғы тартқан. Көлемді тол­ғаулар, дастандар жазған. Бірақ олардың көбі бізге жетпеген. Соң­ғы табылған деректерге орай ел ішінде кең тараған, “халықтікі” ата­лып жүрген “Қамажай” әнін Мұс­тафанікі дей аламыз”. (“Қазақ әндерінің антологиясы”, құрас­тыр­ған Жәнібек Кәрменов, Ал­ма­ты, “Өнер”, 1991ж. 241-бет). Аталған еңбек жарық көргенде оның редакция алқасының құра­мында И.Жақанов, Е.Рахма­диев, Ж.Рсалдин, Н.Тілендиев сынды қазақ өнерінің қасқалары болған. Аталған алыптардың кі­таптың редакция алқасында бо­лып, бұл деректі көрмей қалуы мүмкін емес. Демек олар да аталған тұжырыммен келіскен болуы керек. Бүгінде Жәнібек Кәр­ме­новше өнер мен қатар ғы­лымды жағалап, құнды мұрала­рымызды тауып, елге ұсынып жүргендер некен-саяқ. Осындай іргелі ға­лым­дар болмаған соң әнге қа­тысты әркім өз жорама­лын ай­тып, пікірталас туындай береді. Қайбір жылдары қазақ ән­дерінің “сотталып”, социалистік сүз­­гіден өтіп, тіпті мәтіндері өз­гертілгені де аян. Әйтпесе жады бе­рік хал­қымыз ешқашан “Қама­жайдай” көркем туынды қалдыр­ған ерінің есімін ұмытпаса керекті.

Ел ау­зында сақталған “Қамажай” әні Мұстафанікі екендігін растайтын Үкілі Ыбырайдың “Жақсыларға” деген мына өлең жолдарына зер салайық:

“Қазақтың бірдей көрген кедей-байын,

Айтпай-ақ білетұғын ердің жайын.

Сегіздің Мұстафасын ұстаз тұтып,

Шырқадым ол шығарған “Қамажайын”.

“Қамажай” әнінің Мұстафанікі екеніне тағы бір дерек-дәлел – Мұстафаның өзі шығарған “Кер­бесті” атты әні.

“Баласы Сегіз сері Мұстафамын,

Өнерді пайдаға әркез ұқсатамын.

Ертіске Қамажайға жолықпақ боп,

Омбыға Қызылжардан түн қатамын.

Мен баптап кербесті атты жаратамын,

Қалайша жарды көрмей тек жатамын.

Қасымда бір топ сері ән салғанда

Шылбырын жүйрігімнің шұбалтамын.

Белбеудің ұшын жимай шұбатайын,

Тобыма әсем әнді шырқатайын.

Кербесті ат қысқа таңға аштан өлмес,

Бастасып Қамажаймен бір жатайын”.

Қазақтың дәстүрлі ән өнері­нің атасы қазаққа “Ғайни”, “Гау­һартас”, “Мақпал” мен “Ақбақай”, “Қарғаш”, “Алқоңыр”, “Назқоңыр” сияқты кілең інжу-маржан әндер­ді сыйлаған Сегіз сері Баһрамұ­лының өмір тарихын, шығарма­шылы­ғын халыққа кеңінен тара­тушы, жазушы, өнер зерттеу­шісі Нәбиден Әбуталиев “Жұл­дыз” журналының 2006 жылғы 9-санында жарияланған “Сегіз серінің ата-бабалары мен ұр­пақтары” атты зерттеуінде:

“Енді Сегіз серіге келсек (1818-1854 ж.ж.) одан – Мұстафа (1840-1899), Мұсабек, Мұсайын (1843-1920 ж.ж), Мұсажан, Мұ­сахан (1847-1904 ж.ж), Мұсағұл, Есболған атты жеті ұл туады.

Сегіз серінің үлкен ұлы Мұс­тафа 1857-1877 жылдары қайын ағасы Сыздық сұлтан Кенеса­ры­ұлының жорығымен соғысқа қатысқан батыр екен.

Мұстафаның атақты Кене­сары ханның інісі Наурызбай сұлтанның Меңсұлу есімді қы­зына үйленгенін айта кетейік.

Мұстафа батыр заманында үлкен сынықшы, жауырыншы, балуан, ат, құс, тазы бапкері, үздік мерген, әнші, қобызшы, домбырашы, сы­быз­ғышы, сырнайшы болыпты. Со­нымен бірге ән шығарғыш сазгер екен.

Мұстафа жас жігіт кезінде алғашқы ғашығына арнап “Мең­сұлу” атты ән шығарады, кейін орта жасқа келгенде алған екінші зайыбына арнап “Кербесті”, “Қамажай” әндерін дүниеге кел­тірген”, – деген деректерді мәлім етеді.

Мұстафа төрт әйел алып, олардан жиырма сегіз бала сүйген.

“Қамажайдың” бертінге дейін “халық әні” болып, авторының атал­мау себебінің түп төркіні Сегіз сері мен Мұстафа есім­дерімен байланысты.

Сегіз сері де, оның үлкен ұлы Мұстафа да – патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясатына қарсы шыққан адамдар. Сол се­бепті Сегіз серінің атын қазақ та­рихынан өшіріп, әндерін “халық әндеріне” айналдырды.

Бір кездері Сегіз сері өмірде болмаған, аңыздан туған адам дегенге дейін барды-ау ар-ұят­тан жұрдай болған кейбір ше­неунік, қызметшісымақтар мен өнер зерттеушісымақтар. Күні бү­гінге дейін Сегіздің әндері “халық әні” деп хабарланып айтылады. Теледидардың титрында “Ақба­қай” әні “халық әні” деп беріледі. Сегіз серінің “Алқоңыр” әнін бел­гілі әнші Нұрлан Албан “халық әні” деп айтады. Күні кеше “Egemen Qazaqstan” газетіне “Ғайни­ді” Жарылғапбердіге телитін ма­қала шықты. Іле әннің Сегіздікі екені туралы жолдаған мақаламыз жарық көрмей қалды.

Қазақ би өнерінің бастауын­да тұрған “Қамажай” би-әнінің ав­торы – Мұстафа Сегіз серіұлы. Қаншама ұрпақ “Қамажай” әнін айтып, қаншама бүлдіршін “Қа­мажайды” билеп өсті. “Қамажай” әні – өміршең ән. Енді кейінгі буын әннің авторы кім екенін де біліп өссе екен деймін. Жәнібек Кәр­менов жоғарыда аталған ең­бегінің кіріспесінде:

“1933 жылы 200-ден аса ха­лық әні мен халық композитор­ла­рының әндерінің сөзі соттал­ды. Ауыз әдебиетіне тағылған айып ән өнерімізді де уысынан шығарған жоқ. “Феодалдық дәуірді жырлайтын ескінің сар­қыншағы” деп тұжырымдалды. Арнайы тапсырмамен “жаңа за­манға лайықталып” ән сөздері қай­та жазылды. Бұл “саяси қы­рағылық” 1951 жылы ән мұра­мызға бұғалықты екінші рет салғаны белгілі”, – деп жазады.

Өнеріміз осындай қилы за­ман­ның зардабын әлі тартып ке­леді. Әлі де болсын кей ақын­дарымыз бен композиторлары­мыздың лайықты бағасы беріліп, мұрасы түгенделген жоқ. Мұс­тафа Сегіз серіұлының мұра­лары да осындай сүзгіге түсіп, заманның қалтарысында қалды.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp