Қысқы кезеңде автомобиль жолдарын күтіп ұстау мәселесі “AMANAT” партиясының өңірлік филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралды.
“ҚазАвтоЖол” ҰК АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Қанат Өсербаевтың айтуынша, республикалық маңызы бар жолдарға қызмет көрсету шараларына 600 млн теңге бөлінген.
“13 өндірістік база, сыйымдылығы шамамен 70 адам болатын 6 жылыту пункті бар. 104 қар тазалау техникасы, 43 әмбебап және құрама автомобильдер, 16 автогрейдер, 11 тиегіш, аспалы қар тазалау жабдығы бар 30 трактор жұмыс істейді”, – деді баяндамашы.
Ол қолдағы 119 техниканың жартысынан астамы 10 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келе жатқанын, машина-трактор паркінің ескіргенін айтты. Қазіргі уақытта 15 қар тазалау техникасы жетіспейді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың талапқа сай күтіп ұсталынатынын, бұл іске 108 техниканың, 131 адамның жұмылдырылғанын жеткізді.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері жауапты тұлғаларға атқарылған жұмыстар туралы халықты ақпараттандыруды өз деңгейінде ұйымдастыруды ұсынды.
Отырыста Мағжан Жұмабаев аудандық партия филиалының партиялық бақылауды ұйымдастыру және партияішілік тәртіпті нығайту, сайлауалды бағдарлама аясында Жол картасын іске асыру туралы есебі тыңдалды.
Ілияс САБДИНОВ,
“AMANAT” партиясы облыстық ұйымының баспасөз хатшысы.