«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қастерлі мамандық иесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұзақ жылдар бойы елімізде өмірден беймезгіл кеткен адамдар арасында жүрек-қан тамырлары кеселімен ауырғандар саны бірінші орында тұрды. Оның басты себебі – осы сырқатты құрықтау жоғары деңгейге жеткізілмегендігінен еді. Дамыған елдерде кеселді анықтау мен оған ота жасаудың әдістері табылып, жабдықтары жасалып жатқанымен,  оны сатып алуға, барып үйренуге қаражат табылмайтын. Республика бойынша кардиологиялық орталық тек Алматыда ғана болды. Тәуелсіздік жылдарында оған Астана қосылды. Бірақ облыс тұрғындарының көбінің қолы осы екі қаладағы емдеу орындарына жете бермеді, өйткені сырқаттар саны көп, кезек үлкен. Біздің облыстың тұрғындары жүрек-қан тамырлары кеселінен емделу үшін көбінесе Ресейдің көршілес қалаларына сабылатын. Ондағы ем тегін емес, қымбат, оның үстіне ауыр отадан кейінгі бақылау мүмкіндігі жоқ, ауруханадан жылдам шығарып жібереді.

Осындай қиыншылықтардан біздің облыс тұрғындарын Петропавл қаласында 2009 жылы ашылған кардиологиялық орталық құтқарып, содан бері мыңдаған жанды ажал аузынан алып қалып келеді. Республика басшылығының талабымен ашылған бұл орталық – қазір елімізге танымал, шеберлігі шыңдалған, атағы алыс елдерге де естілген, Қызылжардың атын алысқа шығарып, мақтанышпен айтатын емдеу орны. Ал оны білікті дәрігер Бейбіт Мұстафинадан кейін басқарып, барлық ұйымдастыру, басқару шараларын бастан кешірген адам – Азамат Белгібайұлы Мағзұмов.

Ұтымды ұйымдастырушылық қабілет – көп адамның қолынан келе бермейтін өнер. Әсіресе, жаңадан құрылған дүниенің қыр-сыры көп. Кейде түн ұйқыны төрт бөлдіретін проблемалар да маза бермей шығады. Адамды қинап, жүйкеге салмақ түсіріп, әбден қажытуы да мүмкін. Петропавлдың екінші ауруханасының базасында ұйымдастырылған кардиологиялық орталықты ол 13 жыл бойы басқарып, былтыр ғана “қан айналымы аурулары бойынша үйлестіруші” қызметіне ауысқан. “Егер жүрек тамырларын тексеру, яғни коронография бізде 2009 жылы 542 рет жүргізілсе, 2023 жылы оның санын 3001-ге жеткіздік, ангиография, аортография 2009 жылы 58, ал 2023 жылы 304 рет жүргізілді. Коронарлық артерияға стент қою, яғни жүрек тамырларының бітеліп қалуына 2009 жылы 17 рет ота жасалса, 2023 жылы оның саны 1102-ге жетті. Бұрын осындай дерттен аурулардың 90 пайызы шетінеп кеткен. Аортокоронарлы шунттауды 2009 жылы тек 43 адамға жасасақ, 2014 жылы оның санын 200-ге дейін жеткіздік. Одан кейін бұл сырқаттың саны азая бастады, өйткені біз стент қоямыз, дер кезінде тексеріп, емдеп отырамыз, – дейді Азамат Белгібайұлы.

Бүгінде еліміздің көршілес облыстарынан, Ресейдің өңірлерінен, тіпті Астанадан келіп ота жасататындар көп екен. Мұндай табысқа қол жеткізу үшін алдымен бесаспап маман керек, жоғары технологиялы құрал-жабдықтар қажет. Ал жаңа келген маманға барлық жақсы жағдайды жасамасаң ол кетіп қалады. Азамат Белгібайұлы бес қабатты орталықта қызмет ететін барлық медициналық қызметкерлердің үйлескен еңбегі, сырқат жандарға жанашырлық білдіріп тұратын жылы жүрегі, аялы алақаны маңызды екенін айтады. Осы талаптардың бәріне жетуге шамалары келгенше тырысып, ақырындап қол жеткізіп келеді.

Рас, жоғары білікті маман атану оңай емес. Әсіресе, орталық ашылған алғашқы жылдары алыс-жақын шетелдерге жіберіп, олармен келісіп, ақыларын төлеп оқыту оңай шаруа болмаған. Азамат Мағзұмов осындай істердің бәрін де оңынан келтіріп, бүгінгі таңда жұрттың бәрі біліп, сүйсіне, сүйене қарайтын орталыққа облыс тұрғындарының қолын жеткізді. Мұнда тіпті Қазақстанда ең алғашқылардың бірі болып жүректің аорталық құлақшасына транскатетерлік имплантация да жасайды. Бұл – тамырды теспей, соның ішімен барып, ауру құлақшаны ауыстыру деген сөз. Мұндайды бұрын біздің кардио-хирургтар жасамақ түгілі ойламаған да шығар. Қазір Қызылжардың кардиоорталығында өз ісінің шеберлері В.Ким, В.Малахов, М.Құдратуллаев және тағы басқалар осындай күрделі оталарды жасай береді. Орталық Тайынша ауданында өзінің филиалын ашпақшы. Онда Тайынша, Ақжар, Уәлиханов, Айыртау аудандарының тұрғындарына ем-дом жасалмақ.   

Іскер, денсаулық сақтау саласының шебер ұйымдастырушысы Азамат Мағзұмовтың өзі кім, қайда туған деген сұрақтар әркімді ойлантары сөзсіз. Азамат Белгібайұлы қасиетті Торғай өңірінің тумасы, Ахаң-Жақаңдардың кіндік қаны тамған Қызбелдің өскіні. Әкесі Белгібай ақсақал кеңшардың бас зоотехнигі болып, қызмет бабымен сол маңдағы “Ақшығанақ”, “Еңбек”, “Қызыләскер” кеңшарларына қоныс аударып жүрген. Алайда 1971 жылы демікпе сырқатына шалдығып қалады. Баланың үлкені Азамат қай күндегі қазақтың жақындарының жәйін ойлайтын саналы жасы ретінде әкесіне бір мысқал болса да пайдасы тиетін дәрігер болайын деген оймен Қарағандының медициналық институтына оқуға түседі.

Осында жүріп өзінің болашақ жары Назкен Мизамбаева деген қызбен көңіл қосып, үйленеді. Бұл қыздың шыққан тегі де осал емес, Евней Бөкетовтің жақын қарындасы. Жас жігіт оқуын бітірген соң Арқалық қаласындағы облыстық ауруханаға терапевт-дәрігер болып орналасады. “Дәрігер мамандығын игеруіме, оның қыр-сырын тануыма осындағы Асқар Байжұманов, Шайхесләм Әбдірахманов, Еркін Алпысов, Салықбек Мусин, Жарасбай Жүнісов, Мырзабек Қапанов, Жәмилә Мүшкенова, Шымберген Әбдіғалиев сияқты тәжірибелі аға-апаларым көп көмек көрсетті. Олардың айтқан ақылдары мен көрсеткен тәлім-тәрбиелерін ұмытпай, әлі күнге еске алып, ішімнен алғысымды айтып жүремін”, – дейді ол.

Бір өкініштісі сол, дәл осы 1978 жылы дәрігер баласынан көп үміт күткен қайран әке науқасы асқынып, қайтыс болады. Азаматтың қолына қарап төрт інісі мен екі қарындасы қалады. Аналары жұмыс істемейді, жас балаларды жетілдіру міндеті үлкен ұлдың мойнына түседі. Бұл міндетті жас отбасы абыроймен атқарып, қолдан келген көмектерін жасап, бәрін де аяқтандырады. 

Үлкендер кісі таниды ғой, Азамат Мағзұмовтың ісіне тыңғылықты, жұмысына адал, оның үстіне табанды әрі әділетті екенін байқап қалған облыстық аурухананың бас дәрігері Дайыр Асылбеков оны 1981 жылы өзіне орынбасар болуға шақырады. Ондайға әлі тәжірибесінің аз екендігін айтып, бас тартқанына қарамай, жас жігіттің басына басқарушылықтың ұлан-ғайыр істерін үйіп береді. Міне, осы жылдардан бастап Азамат Мағзұмовтың денсаулық сақтау саласындағы тынымсыз ұйымдастырушылық, басқарушылық қызметі басталып, әлі күнге дейін созылып келеді.  

Кейбіреулер бастық болғанды бақытқа қол жеткізгендей көреді. Ал істеп көрген адам бұл жұмыстың толып жатқан бюрократиялық кедергілердің, кейде орынсыз талаптардың астында екеніне көз жеткізер еді. Әсіресе, қазіргі қағазбастылық, бітпейтін жиналыстар, конференцияларды дайындау, емдеу мекемелерінің жұмысын ұйымдастыру, тексеру, маман табу және тарту, дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, айлық, жылдық есептер… Осының бәрі бір жерде отырып пациенттерді қабылдап, ем жасаудан әлденеше есе қиын. Соған төтеп беріп, биік табыстарға жетуі – Азамат Белгібайұлының тектілігінің, шебер іскерлігінің арқасы болса керек. 

 “Дәрігерлеріміз, орта буынды медицина қызметкерлері, тіпті төменгі буындағылар көңілді жүрсе, сырқаттармен сыпайы сөйлесе білсе, жұмысқа ынталы болса – соғұрлым ұжым да жоғары табысқа қол жеткізеді”, – дейді ол. Сондықтан Наурыз тойына, Тәуелсіздік мерекесіне, Жаңа жылға ұжым болып дайындалып, әрқайсысы белсенділік танытып, бір-бірімен жұмыс бабы бойынша ғана емес, мерекелерде де көңілді қарым-қатынаста болады. 1990-1994 жылдары А.Мағзұмов Арқалық қаласы орталық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет істейді. Осы жұмыста жүргенде Наурыз мерекесіне орай алаңға “Емшілер ауылын” тігіп, бас бәйгеге тігілген “Нива” автокөлігін ұтып алғаны да бар.

Азамат Белгібайұлы Торғай облысы таратылғанша облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып қызмет істейді. Одан 1999 жылы Қызылжар өңіріне облыстық денсаулық сақтау департаментіне бірінші орынбасар болып ауысады. Ал кардиологиялық орталық ашылғанда, жоғарыда айтқанымыздай, оған бас дәрігер болып тағайындалады. 13 жыл бойы Азамат Мағзұмов басқарған кардиологиялық орталықтың арқасында облыста жүрек-қан тамырларынан болатын өлім-жітім 3,5 есеге, инфаркт 2,4 есеге, ал одан болатын өлім 3,7 есе азайған. Осының өзі – үлкен табыс екені сөзсіз.

Әрине, бәрі де таудан аққан бұлақтай кедергісіз болып жатқан жоқ. Соңғы жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасы кардиологиялық орталықты облыстық ауруханаға беріп, перинаталдық орталықты, тері науқастары, онкологиялық аурухананы – бәрін біріктіріп тастады. Бұл – тек кардиоорталықтың тапқан қаражаты есебінен басқаларды асырауды көздеген қаржылық мүдде үшін ғана жасалғандай, ауруханалардың терең мамандануына кедергі келтіретін қисынсыз шешім. Кез келген жоғары технологиялы жабдықтарды алу, дәрігерлерді қаржылық тұрғыдан ынталандыру, тағы басқа жұмысты өздері қалағанша істеп отырған орталық бүгінде осындай оғаш шешімнің кесірін тартып отыр. Барлық қаржы облыстық аурухана басшыларының қолында. Өз еңбектерімен тапқан жүздеген миллион теңгелеріне өздері ие бола алмай, қазір ұжым біреуге кіріптар болып отыр. Бәлки, бұл шешім болашақта өзгерер деген үміт бар.

Сөз соңында, бүгінгі таңда 70-ке толып отырған Азамат Мағзұмов ағамыздың еңбегі жана беруіне тілектестік айтқымыз келеді. Бұған дейін ол “Құрмет” орденін, “Шапағат” медалін және ведомстволық, мерейтойлық  марапаттар алған еді, енді оған еңбегіңіз әрі қарай бағаланып, екі ұл, бір қыздан көрген немере-шөберелеріңіздің арасында бәйбішеңізбен бірге жарқырап жүре беріңіз дейміз. 

Жақсыбай САМРАТ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp