Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз, көрнекті қаламгер, драматург, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығына арналған “Қарасөздің майталманы” атты әдеби кеш өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, “Қаламгер” клубының мүшелері, оқырмандар қатысты.
Сәкен Жүнісовтің шығармашылығы туралы баяндаған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов жазушының ерекше дарындылығына, адамгершілік, қара сөзден май тамызған шешендік қасиеттеріне тоқталды, бірнеше рет кездесудің сәті түскенін айтты.
Жергілікті өлкетанушы, “Асыл мұра” орталығының қызметкері Дәстен Баймұқанов қарымды қаламгермен Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойы кездерінде жүздескені туралы әсерлі баяндады.
“Сәкен Сері шығармашылық жолын поэзиядан бастаған. Өлеңдер жинағы шыққан. Кейін прозаға ауысқан. Тың және тыңайған жерлерді игерудің солақай саясаты “Жапандағы жалғыз үй” романында сыналып, оның арты дауға ұласқан. Ағамыз ол үшін қудаланды да”, – деді өз сөзінде “Egemen Qazaqstan” газетінің өңірдегі тілшісі Жақсыбай Самрат.
С.Жүнісовтің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндама жасаған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 2 курс студенті Ұлданай Ниетбаеваның айтуынша, Абылай хан туралы киносценарий жазған қаламгердің кино саласына еңбек сіңіргенін де естен шығаруға болмайды.
Шара барысында “Заман-ай” көркем фильмінен үзінділер көрсетіліп, “Дарынды жазушы” атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.