Облыстық сотта мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді насихаттаған және сепаратистік әрекеттерге ашық түрде шақырған өңірдің төрт тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды.
Петропавл қалалық соты осы іс бойынша былтыр 19 адамның төртеуіне жаза кескен болатын. Вячеслав Зудерман 9 жылға бас бостандығынан айырылса, қалған үшеуі – Елена Болдырева, Мәдина Қапарова және Ольга Бережнова 7 жылға сотталған.
Облыстық сот айыпталушылардың шағымын қарай келіп, үкімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша сотталушылар мен адвокаттардың шағымы қанағаттандырылмады.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кетейік. 2023 жылдың 19 наурызы күні 19 адам жергілікті колледждердің біріне жиналып, Петропавл қаласы еңбекшілерінің халық кеңесінің құрылғанын мәлімдеген. Әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, еліміздің егемендігін жоққа шығаруды мақсат еткен жазбалар жариялап келген.
Комиссиялық психологиялық-филологиялық сот сараптамасының қорытындыларына сәйкес, олардың әрекетінен сепаратизм белгілері анықталған. Сондай-ақ ұйымдастырушылардың бірі – В.Зудерманның үйінде тапанша патронын заңсыз сақтағаны белгілі болды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.