Мемлекеттік қызметшілер “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” Заңына (9-бап 4-тармақша) сәйкес, құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға, еңбегінің қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына, өзінің лауазымдық өкілеттіктері шегінде мәселелерді қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға қатысуға, тиісті органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындалуын талап етуге құқылы.
Оларға лауазымды өкілеттіктерін атқару үшін ұйымдарға белгіленген тәртіппен баруға, басшыдан мемлекеттік қызметші атқарып отырған мемлекеттік лауазымға орай міндеттерді және лауазымдық өкілеттіктер көлемінде айқындап беруді талап етуге рұқсат етілген. Өкінішке қарай, заң нормалары әркез талаптағыдай сақтала бермейді. Оны өткен жылғы тексерістер барысында 30 оғаш фактінің тіркелгені айқын байқатты. Жергілікті атқарушы органдар көбіне мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын беру және іссапар шығындарын төлеу бойынша олқылықтарға жол береді. Былтыр өсімпұл сомасы 12,6 млн. теңгені құрады. Сондай-ақ бір іссапар шығындарын төлеу құқығының бұзылуы (164,9 мың теңге) анықталды. Бұл фактілер Әдеп жөніндегі кеңесте талқыланып, тиісті шаралар қабылданды.
Жалақы – жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, және жағдайларына қарай еңбек үшін төленетін сыйақы, сонымен бірге өтемақы, ынталандыру сипатындағы төлемдер. Еңбек кодексінде (37-бап) жалақымен есеп айырысудың тәртібі мен мерзімдері бекітілген. Ал мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу қызметтік міндеттерін мүмлтіксіз және тиянақты атқаруы үшін жергілікті материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдардың білікті және тәжірибелі кадрлармен жасақталуына ықпалын тигізуге, олардың адал және бастамашыл еңбегін ынталандыруға тиіс. Жалақы орындалатын жұмыстың сипатына, көлеміне, нәтижелеріне байланысты сараланып, белгіленеді. Талдау көрсеткендей, жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу – ол басталғанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы демалыстар кестесінен тыс берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі деген талаптар бұзылған. Шал ақын ауданында Үкіметтің 2018 жылғы 11 мамырдағы №256 қаулысымен бекітілген қызметтік іссапарларға арналған шығындарды бюджет қаражаты есебінен, оның ішінде шет мемлекеттерге өтеу қағидаларының 6-тармағы толық орындалмаған. Жалақыны кешіктіру кезеңінде өсімпұлды есептеу және төлеу міндеттемелері туындайды. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге екі лауазымдық айлықақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленіп, ұзақтығы күнтізбелік отыз күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын уақытылы рәсімдеу міндетті. Өйтпеген жағдайда, жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек, ұжымдық шарттарда белгіленген мерзімдерде өтемесе, заң алдында жауапты болады. Берешек және төлем кідіртілген кезең үшін өсімпұл төлеуіне тура келеді. Өсімпұл мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Ұлттық банктің 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі және төлем жүргізілуге тиісті келесі күннен басталып, төлем жасалған күнмен аяқтала отырып, мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін есепке жазылады. Бұдан бөлек, жұмыс берушінің кінәсінен өсімпұл есептелмесе, “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Кодекстің 87 бабы бойынша айыппұл салынады.
Мемлекеттік қызмет істері департаменті бақылау басқармасы жүргізген шаралар шеңберінде құқық бұзушылықтар жойылып, кемшіліктер қалпына келтірілді.
Абзал ОРАЗЫМБЕТОВ,
облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы.