«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТАЛАПКЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың кез келген ауылын тұнып тұрған шежіре, тарих дерсің. Талапкер елді мекенінің өткен өмір өткелдерін зерделей келіп, осындай ойға келдім. Егемендіктің елең-алаң шағында сол кездегі облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltustik Qazaqstan”) газетінің танымал журналисі Дүйсенбі Әуелбековтің бірнеше бөлімнен тұратын “Шежіре мен аңыздар” циклді мақаласында жазылғаны болмаса, Қошқарбай мен Елшібайдан тараған ұрпақтар, одан қалды көзі тірісінде аты аңызға айналған Жылғара Байтоқинның Аю, Әлібек атты балалары жайлы ел аузында айтылғанымен, тасқа басылмаған екен.

Талапкердің тарихымен танысуға қызығушылығым оянып, қызылжарлық ақындар айына бір рет бас қосатын “Бестің шайы” кешінің белді мүшелерінің бірі, осы ауылдың тумасы Жарқын Омаровқа кешегі мен бүгінгіні сабақтастырып әңгімелейтін ақсақалдармен кездестіруге қолқа салдым. “Сабақты ине сәтімен” демекші, Шаймұрат Шәріпов, Абай Күтпенов, Қанат Сұрағановтар сияқты аузы дуалы, көкірегі ояу құймақұлақ қариялармен сұхбаттасудың сәті түсті.

Бабаларымыз жер-суға қиыннан қиыстырып ат қоюға келгенде шебер. Талапкерлік Шаймұрат Молдағалиұлының қолжазбасына сүйеніп, Кішкенекөл, Қамысты, Күйгенкөл көлдерін, Қойыншоқ, Орташоқ, Байқонақ, Ойағаш, Балға, Төре байталы шоқтарын, Жекекөлге барар жолда бұрылыста қалатын Рақым, Бәкей шіліктерін, Беспай, Бастерек, Бисара томарларын қиялыммен шолып өттім.

“Тілегін берсе, Құдай талапты ердің,

Ел ішін құт-ырысқа балап келдім.

Бір ауыз өлең айтпай кету – күнә,

Келгенде ауылына Талапкердің”,

– деп жырдан шашу шашып, қонақжай талапкерліктер жайлы ой толғаған құтты қонақтар мен мәртебелі меймандар аз болмапты.

Қонысы іргелес Бесата ауылының еті тірі азаматтары ауызбіршілікті сақтап, “бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын” ұйымшыл болайық, талабымызға нұр жаусын деген ниет-тілекпен 1929 жылы қадасы қағылған ұжымшарды “Талапкер” атапты.

“Оған дейін әр-әр жерде бөлек тұрса да, іргесі ажырамаған, еншісі бөлінбеген аталар – Жылғара, Қошқарбай, Елшібай, Иман, Қабанбай, Уанас, Керей, Ақкиік, Қарсақ, Бағаналы, Бабасан болып жалғасып кете береді. Кеңес саясатының қысымы салдарынан қыста қыстауда, жазда жайлауда емін-еркін жүрген халық отаршылдыққа еріксіз көніп, талай зұлматтың куәсі болған, – дейді Шаймұрат Шәріпов өз ойын тереңнен толғап.

Оның айтуынша, Жылғараның ұрпақтары “Аю талы” деген қалың ағашты мекендеген. Аю Жылғараұлы Уфадан молда алдырып, мешіт салдырған. Тойтан деген орман баурайында Уанас, Қарсақ, Бағаналы, оның арғы жағындағы Сарбас қыстауында Қабанбайлар, Поляковкаға шыға берістегі Жәуке қыстауында Имандар, Жекекөл беткейінде Елшібайлар, батысындағы Бастерек қыстауында Қошқарбайлар ұрпақтары тұрыпты.

Тұрғындар басшы етіп бір ауыздан Нұрмолданың Хамзасын сайлап, бірталай игілікті істер тындырылған. Қоғамдық моншадан, мешіттен бастап заман талабына сай үйлер тұрғызылған. Өкінішке қарай, жамағат құлшылық ететін ғибадатхана кейбіреулердің көзіне тікендей қадалса керек, оны бұзып, Октябрь ауылындағы мектептің құрылысы үшін пайдаланыпты.

Хамзекең сияқты ел азаматтарының арқасында ауыл жұрты ашаршылыққа ұрынбаған, саяси қуғын-сүргінге ілікпеген. “Жақсыда жаттық жоқ” дегендей, мұнда қоныс тепкендердің қатары ұлғая түскен. Жерлестері 1980 жылдардың басында дүние салған Хамза қарияның іскерлігі мен ұйымдастыру қарым-қабілетін әлі күнге дейін мақтан тұтады.

Ол кездері ауыл шаруашылығы мамандары тапшы, осы себепті ұжымшарға тиесілі техникалар Новомихайловка деген орыс деревнясында жөнделетін. Алыс болса да, барға қанағат, жоққа салауат айтуға тура келетін. Қыстың қытымыр күндерінің бірінде Тұяқ Елеусізов ағамыз ауылға келіп, қайтар жолға жаяу-жалпылап шығады. Бостандықтан өтіп, Арқалықтың (Андреевка) дөңінен көтеріле бергенде қас қарайып, күн ұясына қонақтаған мезгіл болып қалады. Сол-ақ екен, адам иісін алыстан сезген ұялы бөрілер мұны қоршап алады. Қорыққаннан денесі мұздап салып, маңдайынан суық тер бұрқ ете түседі. Қолынан келген дәрмені – сасқанынан қалтасынан екі кілтті алып, бір-біріне соққылай берген. Мұнысы дыбыс шығарып, қорқытпақ болған түрі. Айдалада әбден қалжырап, иманын үйіре бергенде гүрс етіп мылтық атылады. Көрер жарығы бар екен, Қызыләскерде жылқы фермасын басқаратын Бектемір Күтпенов ауылдасының жан алысып, жан беріскен тартысына күтпеген жерде кездесіп, оны ажал тырнағынан арашалап қалған. Темір-терсекке епсекті Тұқаң біраз уақыт керосинмен от алатын моторлы движоктың жүргізушісі болған. Қасқалдақтың қанындай қат жанармайды үнемдеу мақсатымен электр жарығы түнгі 12-ден кейін міндетті түрде өшірілетін. Түн ортасынан ауа қазақтың той-думаны қызып сала бергенде жарықтық жарықты бір жағып, бір сөндіріп үш рет белгі береді екен. Ар жағы айтпаса да түсінікті. Той иелері “асай-мүсейімен” артынып-тартынып келе қалмаса, бір қисайған оны түзету қиын. Ал, көңілі көтерілсе – көл. Электр жарығын таң атқанша сөндірмеуге бейіл. Құрдастары “Бектемір атаның орнында болсам, қасқырларға жегізе салар едім!”, – деп әзілдесе, Ильич шамынсыз күні қараң үлкендер оған шаң жуытпайтын. Аузын ашса, жүрегі көрінетін, қылаудай арамдығы жоқ осындай жандардан қалай айналмассың!

Талапкерліктер өзгелер сықылды күйбең тірлікпен күн кешіп жүргенде екінші дүниежүзілік соғыс басталып, сексен үйдің азаматы Отан қорғауға аттанды. Одан 28 боздақ қан майданда ерлікпен опат болып, топырақ жат жерден бұйырды. 40 азамат әртүрлі дене жарақатымен елге оралды. Қабдолла Шарапеденов, Аушақым Анабаев, Ыбырай Сибанбаев, Кәкібай Ашетов, Бейсенбі Жүкенбаев, Зейнолла Қапезов, Қажымұрат Қапезов, Ғазез Кенжетаев, Молдағали Зәйнікен, Темірғали Шәріпов, Әйтім Күтпенов, Сұңғат Жұмағұлов, Қаби Садуақасов, Мағауия Нұртазин, Қожақ Омаров, Сапар Сарбасов, Қазман Сарбасов, Төлепберген Қасенов, тағы басқалары шаруашылықтың түрлі салаларында еңбек етіп, ел еңсесінің тіктелуіне үлкен үлес қосты. Ұжымшардың жоспарын асыра орындап жүрген Нұрмолданың Хамзасы кеңшар орталығын Талапкерге көшіруге қанша тырысқанымен, ол арманын жүзеге асыра алмай кеткен. Оған ауыл маңындағы су тапшылығы кедергі келтірген.

“Анау – Қымызхана деп аталатын орман. Әжелеріміз ұжымшар тарағанша осы жерде бие байлап, қымыз ашытқан. Бір кесесі – 20 тиын. Баға қойылды деген аты ғана, тегін ішетін. Әр ағаштың баурайы мал қотаны болатын”, – деген Жарқын Омаров кеңес үкіметі тұсында жол саламыз деген сылтаумен қыстаудың ағашын отап тастағанын, соның салдарынан түп орнымен жойылып кеткенін қынжыла әңгімеледі.

Әлібек батырдың жайнамазы бар деген жаңалықтың анық-қанығын білмек ниетпен Күлшән Күтпенованың үйіне ат басын тіредік. Алаша тәріздес тоқылған құнды жәдігер небір сырларға толы секілді көрінді.

“1815-1876 жылдары өмір сүрген Әлібек Жылғараұлы батырлығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен аты шыққан. Ақан серінің өкіл әкесі, Арыстан, Біржан, Орынбай ақындармен дос, сыйлас болған. Бабаларымнан тәбәрік болып қалған жайнамазды көненің көзіндей қастерлеп ұстап жүрмін. Үлкендердің айтуынша, Аю атамыз мешіт салған жылдары әкеліпті. Ол мәңгілік сапарға аттанар алдында балаларының әрқайсысына бір-бір жайнамаз қалдырған. Соған қарағанда, ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы жәдігер болуы мүмкін”, – деді бізге ауыл-аймаққа Кәләу есімімен танылған иман жүзді апа.

Оған бұл жайнамазды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына табыстауын өтініп едім, ат басындай алтын берсе де өткізбейтінін,  көзінің қарашығындай сақтайтынын кесіп айтты.

Ауыл тарихының тағы бір қызықты дерегі – Сәбит Мұқановтың Алуа көлінің жағасында дүркіретіп 60 жылдығын өткізгені, сахналанған “Шоқан Уәлиханов” пьесасындағы басты рөлді атақты актер Нұрмұхан Жантөриннің сомдауы. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл оқиға ел аузында әлі күнге дейін аңыздай естіледі.

“Қалиасқар Сауытовтың (ауыл Әшкар деп атап кеткен) анасы – Сәбит Мұқановтың әпкесі. Қаламгер елге келген сайын апасына соқпай кетпейтін. Ол жайында “Өмір мектебі” мемуарында да баяндалады. Қателеспесем, алпыс жасқа толғанын Приишим мен Ленин аудандары бірігіп тойлады. Ауыл қонақасын әкем көтеріп алды. Кілең ығай-сығай жазушылар мен күміс көмей, жез таңдай әншілер келді. Көлге аты берілген Алуа деген қыздың тарихын тыңдап, әңгіме-дүкен құрып, балық аулады. Аудан әкімшілігі сыйлаған сәйгүлікті Сәбең жетектеген күйі шылбырын інім Еркінге ұстатты. “Жиеншарыма байлағаным” деп, ердің үстіне көтеріп мінгізді. 60 жылдығын Алматыда атап өткенде мен әкеме еріп бардым. Тойдан алған әсерімді облыстық “Ленин туы” газетіне мақала етіп жаздым деген”, – Айман Қалиасқарқызы көл туралы деректерді белгілі журналист Мәлік Мұқановтың “Алуа – менің айдыным” атты кітабынан таба алатынымызды тіліне тиек етті.

“Өңіріміздің мақтанышына айналған белгілі журналист Дүйсенбі Әуелбековті елдің көбі ақын Есләм Зікібаевтың кіндік қаны тамған Өрнектен шықты деп қателеседі. Талапкердің шығысына қарай үш шақырым жерде орналасқан Өрнек ауылы Приишим ауданының орталығы болған. 1964 жылы жойылып кеткен. Ауыл азаматтарының тең жартысы сонда жұмыс істеген. Анадайдан андағайлап көрінетін зират – құрып кеткен ауылдың қалған жұрты. Мен өзім Дүйсенбінің аталас туысы боламын”, – деді Бақтыбай Жүкенбаев.

Өрнек ауылында жетімдер үйі жұмыс істеген көрінеді. Ондағы тәрбиеленушінің бірі Иван Харитонов қазақ халқының мейірімін көп көрген. Дүниеден өткенде балаларына Өрнекке жерлеуді аманаттапты.

Екі көшенің біріне – Шабай Рамазановтың, екіншісіне Төлепберген Қасеновтің есімі беріліпті. Екеуі де 1941-1945 жылдары Отан үшін от кешіп, жаумен арыстанша арпалысқан. Кеңес одағының батыры атағына ұсынылып, белгісіз себептермен марапат бұйырмаған Шабай Добалұлы 1938 жылы әскер қатарына алынып, жарты әлемді жайлаған зұлмат соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан. Төрт рет жараланған. 117 гвардиялық атқыштар полкі құрамындағы автоматшылар взводының командирі ерен ерлігі үшін 1943 жылы “Қызыл Жұлдыз” орденімен, 1945 жылы “Қызыл Ту” орденімен марапатталған. Соңғы марапатын 1945 жылы 18 сәуірде Долгелин елді мекенінің маңында взводымен жау шебін бұзып өтіп, 25 фашистің көзін жойғаны үшін кеудеге жарқырата таққан.

Төкен (азан шақырып қойған аты – Төлепберген) Қасенов – соғыс және еңбек ардагері. Талапкерде 5-сыныпты, Петропавлда бір жылдық кеңестік партия мектебін бітіріп, еңбек жолын 16 жасында жұмысшылықтан бастаған. 1937-1939 жылдары Қызыл Армия қатарында азаматтық борышын өтеген. 1940-1941 жылдары Өрнек ауылындағы балалар үйіне бастауыш сынып мұғалімі болып орналасқан. Жауға қарсы 1074, 314 атқыштар полкінің құрамында соғысқан. Бөлімше командирі болған. 1942 жылдың қысында Свирь өзені бойындағы шайқаста жарақат алып, 1943 жылдың күзінде Ленинград қоршауын бұзған кезде кеуде тұсын оқ тескен. Сол қолын снаряд жұлып әкетіп, ІІ топтағы мүгедек болып елге оралған.

2019 жылы ауылдың торқалы 90 жылдық мерейтойы атап өтілгенде 197 адамның есімі жазылған ескерткіш тұрғызылыпты. Игі істің басқасында Қ.Сұрағанов ағамыз жүрген.

Бүгінде ауылда бар-жоғы 13 үй түтін түтетіп отыр. Жеке кәсіпкерлер Нағашыбай Барлыбаев пен Владимир Олексюк пайларын уақытылы төлеп, басқа да әлеуметтік көмектер көрсетіп тұрады. Зейнетақыдан бөгеліс жоқ. Мұсаның қонысына ( Явленка) жету үшін арнайы такси шақыртса, бағасы 3000-4000 теңгеге жуықтайды. Ұялы телефон байланысы бар, су үйлерге дейін тартылған. Талапкерліктердің бір ғана тілеуі бар, ол – елдің, сыртта жүрген балаларының, немерелерінің амандығы. “Ауылдың қалпына келуі, келмеуі – заманның еншісінде”, – дейді бірауыздан.

Талапкерден шыға бергенде бір үйір жылқы алдымызды кес-кестеп шауып өтті. Оны жақсылыққа жорыдым. Қамбар ата түлігінің жер жарған тұяқ дүбіріне тамсана қарадым.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp