«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨКПЕ ОБЫРЫ ТЕМЕКІ ТАРТАТЫНДАРҒА ҮЙІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Онкологиялық ауру неғұр­лым ерте анықталса, соғұрлым ем нәтиже беріп, науқастың дерт­тен жазылу ықтималдығы артады. Бұл – өкпенің қатерлі ісігіне де қатысты.

Өкпенің қатерлі ісігі – он­ко­логиялық аурулардың ішінде жиі кездесетін дерттердің бірі. Қазіргі уақытта өңірде 449 адам диспансерлік есепте тұр. Тек был­­тыр 200-ге жуық сырқатқа алғаш рет осы диагноз қойыл­ған. Обыр анықталған пациент­тердің шамамен төрттен бір бө­лігі – әйелдер. Негізінен бұл қа­уіпте дертке жасы 50-ден асқан ер адамдар жиі шалдығады.

Өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтау өте маңызды. Бұл – обыр­­ды емдеу нәтижелерін жақ­сартудың ең тиімді жолы. Он­кологиялық ауруға кім шал­ды­ғады, кім қауіп-қатер тобына кі­реді деген сауал көп адам­ды мазалайтыны шындық. Дертке шалдыққандар тізімінің басын­да темекі шегушілер тұр. Қатер­лі ісіктің дамуына әкелетін дау­сыз фактор – темекі түтінінің канцерогендері, онымен байла­ныс неғұрлым ұзақ болса, со­ғұр­лым көп тін зақымдалады, сон­дықтан қатерлі ісік қаупі со­ғұрлым жоғары болады.

Екінші кезекте өндірістік зияндармен, атап айтқанда өкпе ісігін тудыратын канцеро­ген­дер­мен байланысты кәсіп­орын­дар­да жұмыс істейтін адам­дар және өкпенің созыл­малы аурулары – пневмония, ту­беркулез, пнев­мос­к­лероз, сили­коз және тағыда басқа дерттері бар адамдар жиі ауырады. Бұл адамдар өзде­рі­не ерекше назар аударуы керек. Яғни мен атаған топтардың бі­реуіне немесе бір­нешеуіне жа­татын адамдардың шұғыл теме­кіні тастау қа­жеттігі айтпаса да тү­­сінікті. Оның түтіні жақын­да­ры­на да зиян. Өмірінде шы­лым тартып көрмеген әйел­дің күйеуі шылым шегетін болса, ол да қатер тобына кіреді.

Сондай-ақ зиянды өндіріс­терде еңбекті қорғау ережеле­рін сақтауы тиіс. Бұдан бөлек, тә­уекел тобына кіретіндер жы­лы­на 1-2 рет өкпенің профилак­тикалық рентгендік зерттеуін жүргізуі қажет. Мұндай сақтық өкпенің қатерлі ісігін ерте анық­тауға бағытталған. Нәтижесінде ем жақсы қонып, науқастың жағ­дайын жақсартуға мүмкіндік бе­реді. Ісікті дамудың ерте са­ты­сында анықтау – онкологтар­дың маңызды міндеттерінің бірі.

Өкпенің қатерлі ісігінің белгіле­рі аурудың сатысына байла­нысты өзгеруі мүмкін, бірақ әдетте олар біркелкі болады. Уақыт өтсе де кетпей, қайта күшейе түскен тұрақты жөтел, соның ішінде түнгі құрғақ жөтел. Сілекей мен қақырықта қанның пайда болуы, тыныс алудың қиындауы немесе ентігу. Кеуде тұсының тұрақты түрде ауыруы, тәбеттің төмендеп, салмақтың жоғалуы. Шаршау және жалпы әлсіздіктің болуы. Дене қызуы­ның жоғарылауы. Осындай бел­гілер байқалса дереу дәрігерге көрінген жөн.

Өкпенің қатерлі ісігі асқын­ған жағдайда дауыс қарлыға­ды, жүрек немесе қол аймағын­да ауырсыну пайда болады, бет ісініп, көгілдір реңкке боялады, сондай-ақ, мойынның, қолдың немесе кеуде қуысының тамыр­лары ісінеді.

Өкпенің қатерлі ісігінің өкпе­нің басқа ауруларынан ажыра­та­тын ерекше және нақты бел­гіле­рі жоқ. Сонымен қатар белгілердің “жиынтығы” ісіктің өкпенің қай жерінде орналас­қанына байланысты. Мысалы, өкпенің орталық бөлігінде, бронхта ісік пайда болған жағ­дайда көбінесе түнде емдеуге келмейтін құрғақ жөтел қысып, қан түйіршіктері бар қақырық түседі. Сырқат ентігіп, кеуде тұ­сы ауырады.

Перифериялық қатерлі ісік, керісінше, ұзақ уақыт бойы асимптоматикалық түрде өтеді. Сондықтан 60-80 пайыз жағ­дай­да ол тек флюорография арқы­лы ғана анықталады. Жөтел, ентігу және гемоптиз пайда болған жағдайда – бұл оның ас­қынған түрі, ісіктің үлкен бронх­қа жайылғанын көрсетеді.

Перифериялық қатерлі ісік пайда болғанда сырқаттардың 20-50 пайызында ерте кезең­дер­де ауырсыну байқалады, бірақ ауру әдетте тез басыла­ды, сондықтан сырқат қатты ма­заламағандықтан дәрігерге кө­ріне қоймайды.

Адам тәуекел тобына жатса, ол жақсы жағдайына қарамас­тан, жылына 1-2 рет тексерістен өткені жөн. Қандай да бір бел­гілері болса, бірден дәрігерге қаралғаны абзал. Қатер тобына кірмесе, өкпесіне қатысты кез келген шағым пайда болған кез­де дереу дәрігерге қаралу ке­рек. Өкпенің қатерлі ісігі де көп­теген басқа онкологиялық ауру­лар сияқты хирургиялық жол­мен, сәуле арқылы және препа­раттармен емделеді. Өкпенің қатерлі ісігінде хирургиялық әдіс ең тиімді болып санала­ды. Ол – метастаздар болмаған кезде ісікті толығымен алып тастай­тын радикалды хирургия. Қазіргі уақытта 70 жастан асқан нау­қастарға да оталар еш қиын­дықсыз жиі жасалатын бол­ған. Де­сек те, сәулелік және хи­мио­терапияның өкпенің қатерлі ісіг­ін емдеуде де маңызы зор. Олар­ды хирургиялық әдіспен бірге қол­дану, емдеу нәтиже­лерін ай­тарлықтай жақсартады. Өкпе қа­терлі ісігінің, әсіресе дә­рілік жә­не сәулелік емге сезім­тал түр­лері бар. Ең бастысы – ауруды асқындырмау керек.

Жігер ДҮЙСЕНОВ,

облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың блок жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp