Шал ақын ауданының Балуан ауылына бір топ қабан кірді. Тұрғындар жабайы жануарларды бейнежазбаға түсіріп алған. Бұған дейін еліктердің елді мекендер көшелерінде емін-еркін жүргендігі туралы бірнеше рет айтылған еді.
“Еліктердің елді мекендерге кіруі біздің өңір үшін айтарлықтай ерекше жайт емес. Мұның бір себебін қолайсыз ауа райымен байланыстыруға болады. Еліміздің солтүстік өңірлерінде қар жамылғысы қалыңдасымен-ақ тұяқты жануарларға өздігінен қорек табу қиындық тудыра бастады. Сондықтан еліктер азық іздеп кетеді. Біз биылғы қыста бір ғана Петропавлдың өзінен 20-дан астам елікті ұстап, өмір сүретін табиғи ортасына жібердік”, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім жетекшісі Олег Беспалов.
Жалпы облыс аумағында бірнеше аңшылық шаруашылық бар. Олар өз аумақтарындағы жабайы жануарларды қыс уақытында қосымша қоректендіруге міндеттелген.
Маман қабандардың сирек қоныстанған, санаулы үй ғана қалған Балуанға кіргенін растады.
“Оларды атуға, аулауға тыйым салынған. Атылған жануардың біреуін мемлекет 1,3 млн. теңгеге бағалаған. Яғни браконьер айыппұл төлеп қана қоймай, шығынның орнын толтырады”, – дейді Олег Беспалов.
Облыста соңғы уақытта әлеуметтік желіде “қасқыр көрдік, қасқыр аттық” деген жазбалар да көбейді.
“Біз былтыр ақпан-наурыз айларында жабайы жануарлардың есебін жүргіздік. Қасқыр тіркелмеді. Қызылжар Ресейдің қасқырлар мекендейтін бірқатар облысымен шектеседі. Сондықтан олардың пайда болуы мүмкін. Ормандарда қасқырларға қорек жеткілікті, сондықтан олардан адамдарға келер қауіп шамалы”, – дейді маман.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.